«Алтай» чемпиондыққа жақындай түсті
Өскемендегі Жекпе-жек сарайында волейболдан ерлер командалары арасындағы ұлттық лиганың соңғы тур ойындары өтуде. Әзірге чемпионатта өскемендік «Алтай» командасына тең келер ешкім табылмай тұр.
Мұны Жекпе-жек сарайындағы алғашқы ойындар-ақ дәлелдеді. Жарыстың бірінші күнінде демалған алтайлықтар екінші күні турнир кестесінде 46 ұпаймен екінші орында келетін хромтаулық «ТНК-Қазхром» командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Қонақтар алаң иелеріне бірінші партияда ғана лайықты қарсылық көрсете алды деуге болады. Есеп 25:23. Бұдан кейін өскемендік волейболшылар ойын тізгінін мықтап өз қолына алды. Нәтижесінде, Ақтөбе облысының командасы қалған екі партияда 15:25, 19:25 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша, «Алтай» негізгі қарсыласынан ұзап, чемпиондық атаққа бір қадам жақындай түсті.
Хромтаулық ұжымның жеңілісін «Павлодар» волейболшылары ұтымды пайдалана білді. Турдың алғашқы екі ойынында «Есіл СК» мен «Динамо-Тараз» командаларынан басым түскен павлодарлықтар турнир кестесінде хромтаулықтарды басып озып, екінші орынға көтерілді. Дегенмен, келесі ойында «Павлодар» көш басындағы «Алтаймен» кездесетінін ескерсек, керекуліктер де ұпай жоғалтуы әбден мүмкін.
Қарсыластар арасындағы ойын кеше кешке өтті. Осы орайда, Жекпе-жек сарайындағы волейбол бәсекелеріне тамашалаймын деушілерге кіру тегін екенін айта кеткен жөн. Соңғы тур ойындары 18 наурыз, сенбі күні аяқталады.
Сәрсен Қабылым