Қоғам

Алтай ботаникалық бағы

Риддер қаласында орналасқан Алтай ботаникалық бағының ғалымдары отандық және әлемдік флораның алты мыңнан астам түрін өсіреді.

Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты «Алтай ботаникалық бағы» ШЖҚ РМК мемлекеттік ботаникалық бақ болып табылады. Құрылғаннан бергі аралықта (1935 ж.) оның ғылыми-өндірістік жұмысы Қазақстан аумағындағы өсімдіктердің биоалуандығын зерттеу, олардың түрлерін сақтау, сондай-ақ ботаникалық бақтың бағыты бойынша ғылыми өнімдерді шығару, оның ішінде жобалау, өсімдіктерді агротехникалық күтіп-ұстау болып саналады.

Жидектер, гүлдер және өсімдіктер

Алтай ботаникалық бағы директорының міндетін атқарушы Гүлназ Шобақова нысанның ерекше қорғауға алынған аумақ болуына байланысты оның республикалық маңыздылыққа ие екенін айтады. Риддер қаласының жол жүйесі оны ғылыми және өндірістік-шаруашылық етіп екі бөлікке бөледі. Ботаникалық бақта ғылыми зерттеулер жүргізуге, өсімдік түрлері мен гендік қорын сақтауға бағытталған, ғылыми, өсімдіктерді культивациялауға және келушілерге қолжетімді етуге бағытталған, экспозициялық және бақтың ғылыми-тәжірибелік жетістіктерін өндіріске енгізуге бағытталған өндірістік-шаруашылық сынды үш бағыты бар.

Алтай ботаникалық бағының басты мақсаты Шығыс Қазақстанның табиғи флорасының емдік және әсемдік өсімдіктерін жерсіндіру, өңірдің сирек кездесетін және жоғала бастаған өсімдіктерін көбейту, қорғау жұмыстарын жүргізу, аймақ флорасының ботаникалық алуандығын сақтау, сондай-ақ пайдалы өсімдіктерді іске жаратып, әсемдік түрлерін облыстың таулы аймақтарына жерсіндіру болып табылады.

– Сонымен қатар бізде жеміс-жидек дақылдарының сұрыптарын жерсіндіру бойынша бағалау жүргізіліп, дәстүрлі емес жеміс-жидек дақылдарының өнімділігі, бейімділігі жоғары түрлері мен сорттарын ары қарай өндірістік және әуесқойлық мақсатта пайдалану үшін анықтау жұмыстары жүргізіледі, дейді Гүлназ Шобақова.

Бақ қызметкерлері жерсіндірудің ғылыми негіздерін құрып, өзге жерлерде өсетін ағаш бұталарын Шығыс Қазақстан аумағына бой үйрету механизмдерін анықтаумен, жерсіндірген өсімдіктердің гендік қорын көбейтумен және сақтаумен, біздің климатқа шыдайтын өсімдіктердің культигенді түрлерін жасаумен, сондай-ақ халық шаруашылығы мен басқа да ғылыми жұмыстарға енгізу мақсатында ерекше бағалы түрлерін анықтаумен айналысады.

Ғылыми әлеуеті

Нысан басшылығының хабарлауынша, қазіргі уақытта бақта отандық және әлемдік флораның 6725 түрі өсіріліп отырған көрінеді. Өсімдіктер коллекциясы табиғи флораның экспозициясында, гүлзарларда, дендарийлерде, жеміс бақтарында өсіріліп отыр. Бұған қоса, ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізу мақсатында тәлімбақ жұмыс істейді.

– Бақ қызметкерлері іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізеді, дейді Гүлназ Шобақова. – Соңғы 12 жылда 13 гранттық жоба жүзеге асырылса, оның Ресей ғалымдарымен бірлескен халықаралық деңгейдегі біреуі мақсатты қаржыландырылып, коммерциялизациялау жобасына айналды.

Ғылыми зерттеулердің тағы бір айта кетерлік жағы – олардың патенттеуге жататындығы. Мысалы, Алтай ботаникалық бағы өңірдің емдік өсімдіктерін зерттеуге бағытталған ғылыми жұмыстар арқылы «Фармацевтикалық қажеттілік үшін емдік шөптердің сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан түрлерін плантациялық өсіру» жобасы жүзеге асырылды. Жобаны іске асыру барысында үш патент алынса, оның біреуі халықаралық болды.

Қазақстанның халықаралық конвенция бойынша алған міндеттемелері аясында бақ қызметкерлері 15 жыл бойы Шығыс Қазақстанның сирек кездесетін, жоғала бастаған және эндемикалық өсімдіктерін қорғауға және көбейтуге қатысты ғылыми негіз жасаумен айналысып келеді.

Осылайша, Алтай ботаникалық бағы тұқым алмастыратын халықаралық жүйеге енгізіліп, алыс және жақын шетелдердегі 100-ден астам ботаникалық бақтармен байланыс орнатып келеді. Сонымен қатар  Халықаралық Ғылым академиясы қауымдастығы жанындағы ТМД елдеріндегі ботаникалық бақтар мен Өсімдіктерді қорғау бойынша халықаралық кеңестерінің мүшесі болып табылады.

Алтай ботаникалық бағының ғылыми-техникалық және материалдық базасы жаңартылып, штат 70 қызметкерге ұлғайып, жас ғалымдар саны көбейді.

Мұнда 25 ғылым докторлары мен кандидаттары, магистрлер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта күндізгі оқыту формасы бойынша төрт PhD докторанты, магистратурада оқыған екі бакалавр мақсатты түрде оқытылып жатыр.

Бақ қызметкерлерінің зерттеулері рейтингті журналдарда жарияланып тұрады. Жарияланымдар саны әсіресе Алтай ботаникалық бағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын мәтребесін алған соң өсті. Соңғы бес жылда бақ қызметкерлері рейтингті журналдарда 43 ғылыми мақала жарияласа, оның 12-сі Scopus u Thomson Reuters базасында жарияланған. Оған қоса, сегіз монография мен 19 ұзыным әзірленді.

Ерік Абитов

 

 

Осы айдарда

Back to top button