Қоғам

«Алтай базарының» қызығы тарқамайды

«Алтай базарының» қызығы тарқамайды
Ежелден келе жатқан қасиетті де қастерлі бір кәсіп болса, ол – қолөнер. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің ғажайып қиялы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде пайда болған туындылар көрген адамның көңіліне көрік, жанына жылу сыйлайтыны да сөзсіз. Бір қуанарлығы, соңғы кездері Шығыста қолөнершілерді қолдауға үлкен мән беріліп отыр. Шілденің 23-24-і күндері Өскемендегі мұражай-қорықтың сол жағалаудағы «Шеберлер қалашығында» «Алтай базары» атты қолөнершілердің фестивалі болып өтті. Оған аймақтың әр өңірінен 60-қа жуық қолөнер шебері қатысты.

Алғаш рет өтіп отыр

Фестиваль деп ат қойып, айдар таққанымен, бұл шарадан біз ешқандай қатып қалған қасаң қағиданы байқамадық. Бәрі де еркін, бәрі де шынайы. Тіпті, фестивальге қатысушы шеберлер мен келушілердің қарым-қатынасында да ешқандай жасандылық жоқ. Екі күнге созылған фестивальдің алғашқы күнінде аймақтың әр өңірінен келген қолөнер шеберлері қала тұрғындары мен қонақтарына киіз басу, ши тоқу, ағашқа жазу жазу, тігін тігу, теріден түрлі бұйымдар жасау секілді, тағы басқа қолөнер түрлерінен шеберлік-сыныптарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісіп, білгенін үйретсе, келесі күннің негізгі шарасы – «Алтай базары» жәрмеңкесі болды. Онда фестивальге қатысушы қолөнершілер өздерінің бұйымдарын саудалап, жұртшылық назарына ұсынды.
– Аймағымызда алғаш рет өтіп отырған «Алтай базары» фестиваліне облыстың қалалары мен аудандарынан 60-қа жуық шебер қатысуда. Бұл шараның негізгі мақсаты – қолөнершілердің мәртебесін көтеріп, өңірде этнографиялық туризмнің дамуына ықпал ету, – дейді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Туристік ақпараттық орталығының» қызметкері Камила Лұқпанова. Оның айтуынша, аталған шара қолөнершілердің бір-бірімен жақын танысып, тәжірибе алмасып, экологиялық өнімді көпшілікке таратуға оң ықпал ететін көрінеді. Сондай-ақ, осынау шараның өтуіне облыстық мұражай-қорық та үлкен қолдау көрсетіпті.

– Өркениетке қол созған, алға ұмтылған кез келген қоғам әрқашан қолөнершілерге қолдау көрсетіп отырады. Өйткені, халықтың өткен тарихы мен бүгінгі тұрмыс-тіршілігінің деңгейін сол халықтың қолөнері арқылы да тануға болады. Осы орайда мұражай-қорықтың жанынан 2008 жылдан бері «Облыс қолөнершілерінің ресурстық орталығы» жұмыс істеп келеді. Бұл орталық өңірімізде талай жақсы шаралардың өтуіне мұрындық болып, қаншама қолөнершілердің жолының ашылып, жетістікке жетуіне ықпал етті. Бүгін облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасымен бірлесіп осынау шараның жемісті өтуіне де атсалысып отырмыз, – дейді аталған орталықтың жетекшісі Раиса Мұхамеджанова.

Киіздің қадірін қырғыздар жақсы біледі

Семей қаласындағы №5-ші жетім балаларға арналған мектеп-интернатының технология пәнінің мұғалімі Нұрзия Рашимова киізден әшекей бұйымдар жасаудың нағыз шебері. Оған киізбен жұмыс істеуді осыдан жеті жыл бұрын «Облыс қолөнершілерінің ресурстық орталығынан» Семейге келген шеберлер үйретіпті. Содан бері киізбен жұмыс істеу Нұрзияның сүйікті кәсібіне де айналғандай. Киізден жасалған әйелдер сөмкесі, ұялы телефон салатын қаптар, тәпішке секілді түрлі бұйымдарға тұтынушылар тарапынан сұраныс та жиі түсіп жатады екен.

– Кез келген дүниені оймақтай, әдемі әрі жұп-жұмыр етіп жасасаң, ешқашан жерде қалмайды. Әдемі зат өз иесін де тез табады, деп жымияды өзі. Кейде тіпті үлкен текеметтерге де тапсырыс түсіп жататын көрінеді. Биыл көктемде Нұрзия Қырғызстандағы «Тұмар» деп аталатын арт-студияға барып, киізден түрлі әшекей бұйымдар жасаудың қыры мен сырын үйреніп келіпті.

– Киіз басу, киізден түрлі бұйымдар жасау деген – о баста қазақ пен қырғыздың ортақ кәсібі болғанымен, қазір мұның бізге қарағанда Қырғызстанда өте жақсы дамып кеткеніне көзім жетті. Тіпті, қырғыздар өздерін «Страна войлока» деп те атайды екен. Ал бізде бұған әлі мән берілмей келе жатыр. Тіпті, киіз жасайтын таза, өңделген жүн табу да үлкен мәселе, – дейді Нұрзия қынжылғандай болып.

Киізден әшекей бұйымдар жасауға негізінен биязы қойдың жүні ғана жарайды. Ал сол биязы қойдың жүнін Нұрзия сонау Тараздан келісін 2700 теңгеден арнайы тапсырыспен алдыртады екен. Сондай-ақ, жүн бояйтын бояу табу да оңай емес. Оны да Ресей мен Қырғызстаннан алдырады.
– Қайтеміз енді? Өнерді сүйгеннен соң, бәріне төзесің. Жердің түбінен болсын алдыртасың, – дейді тағы да.

Киізбен жұмыс істеу, әсіресе, киіз бетіне сурет салу қаладағы №18 ші мектептің 2-сынып оқушысы Ақбота Қинаятқа қатты ұнап қалған секілді. Нұрзия да «өнер үйренем» деп алдына келгендердің ешқайсысының меселін қайтарған жоқ. Ерінбей-жалықпай бәрін үйретіп, көрсетіп берді. Нұрзияның шеберлік-сыныбына қатысушылардың барлығы түрлі-түсті биязы қойдың жүнін сыйлыққа алды.

Тұмарды тапсырыспен ғана жасайды

Табиғи теріден әшекей бұйымдар жасаудың шебері Наталья Кузьминаның жанына үйіріліп, жиналған жұрттың қарасы да әжептәуір. «Шебердің қолы ортақ» деген осы. Наталья да білгенін айтып, тәжірибесімен бөлісуде.

Басында табиғи теріден түрлі бұйымдар жасау Натальяның хоббиі ғана болатын. Өйткені, сонау тоқсаныншы жылдардың басында қала дүкендерінде теріден жасалған әшекей бұйымдар онша көп болмайтын еді. Ондайда жаны әсемдікке құмар Наталья бәрін өз қолымен жасап алуға тырысатын. Түрік күртешелерін арзанға, жеңілдікпен сатып алып, одан сөмке, әмиян, шашқа тағатын түрлі әшекейлер, белдіктер жасайтын. Бірақ келе-келе осынау жәй ғана қызығушылық табыс әкелер кәсіп көзіне айналғанын Натальяның өзі де байқамай қалған сыңайлы. Қазір Өскеменде Натальяның өзінің жеке шеберханасы бар. Айтуынша, онда 300-ге тарта теріден жасалған бұйым түрі бар екен. Бір атап айтарлығы, өскемендік шебер Наталья Кузьмина мойынға тағатын тұмар да жасайды. Тек тапсырыспен ғана.

– Бірде маған бір жігіт қоңырау шалып, өзінің тұмарының ескіріп кеткенін, жаңа тұмар жасатқысы келетінін айтты. Шеберханама шақырдым. Кездестік. Сонда ол тұмардың арқасында бір ажалдан қалай аман қалғаны туралы әңгімелеп берді. Жалпы, мен мұндай нәрселерге сенемін. Сондықтан да тұмарды албаты жасай бермеймін. Өйткені, ол өте қасиетті нәрсе. Тұмар – мұсылманның қорғаны. Сондықтан да тек тұмарды тапсырыспен ғана жасаймын, – дейді Наталья.

Көлігі болса, көп істі тындырар еді
Ал Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылынан келген есімі облысымызға кеңінен таныс шебер, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Гүлнар Қожамжарова өзінің шеберлік сыныбына қатысушыларға бау тоқудың қыр-cырын үйретті. Өңірімізде ұлттық қолөнерімізді алыс-жақын елдерге кеңінен дәріптеп жүргендердің бірі де осы кісі.

– Менің қолөнермен айналысып жүргеніме отыз жылдан астам уақыт болды ғой. Бала кезімізде үлкендердің тәрбиесін көрдік, үйрендік. Қазір сол асыл әжелерден қалған өнерді өзіміз жалғастырудамыз. Осы қолөнердің арқасында нанымызды да тауып жеп отырмыз. Қазір бұрынғыдай емес, Катонқарағайға келетін туристер көп. Барлығы да еліне естелікке бірдеңе алып кеткісі келеді. Сауда әсіресе, жаз айларында жақсы жүреді. Сонымен қатар, ұлттық қолөнерімізбен танысқысы, үйренгісі келетін шетелдіктер де көп. Жақында ғана Швейцариядан келген қонақтар алаша тоқу барысымен танысып, қатты таңғалды. Таңғалғандары сондай «әдемі, әдемі» деп қазақша сөйлеп кетті, – дейді Гүлнар күліп.

Гүлнар Қожамжарова 2009, 2012 жылдары өткен республикалық қолөнершілер байқауының жеңімпазы. Десе де, еңбегі қанша жерден еленіп, ел құрметіне бөленіп жүрсе де Гүлнардың да іштей көксейтін дүниесі көп екен. Ол жеке шеберханам, көлігім болса деген арманын көп ешкімге айта да бермейтін сыңайлы. Жолдасы мал жайын күйттеуге бапандай-ақ болғанымен, техникаға онша қыры жоқ. Гүлнардың кейде «көлігім болса, ауыл-ауылды аралап, жүн қабылдар едім, тіпті, ауылдардағы қолөнерге бейімі бар әйелдерді істің көзін табуға үйретіп, тапсырма беріп, қолөнерге баулыр едім» деп қиялдап кететіні де рас.

Шеберлік-сыныбына қатысушылар үшін қыштан түрлі бұйымдар жасаудың шебері Тамара Владыкинаның тәжірибесі де өте қызықты болды.
Бұл іске кіріспес бұрын сізде ең алдымен ниет болу керек. Ниетің болмаса, еңбегің зая кетеді, – дейді Тамара Владыкина.

Қолөнершілердің фестивалі келесі күні де өз жалғасын тапты. Бұл күні де мұражай-қорықтың сол жағалаудағы кешенінің орталық алаңындағы «Алтай базары» жәрмеңкесіне келушілердің қатары өте көп болды. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан көз жауын алар түрлі бұйымдар талғамы жоғары тұтынушылардың көңілінен шықты.

– Осындай фестивальдерді жиі өткізу керек. Қытайдың арзанқол бұйымдарына қарағанда, өзіміздің қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдар әлдеқайда сапалы әрі экологиялық таза, табиғи материалдан жасалған. Маған өте ұнады. Енді бұл шараның өтуін күтіп жүретін боламын, дейді Өскемен қаласының тұрғыны Назира Сайлаубай.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button