Алтай балы «Expo Milano-2015» көрмесіне қатысады
Алтай балы Милан қаласында өтетін «EXPO-2015» көрмесіне қойылмақ. Бұл туралы облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында белгілі болды.
«Шығыс Қазақстанда турзимді дамыту серіктестігі» тақырыбында өткен алқалы жиында саланы дамытудың жол картасының жүзеге асуы, осыдан бір жыл бұрын бастау алған «Алтын Алтай» жобасының мүмкіндіктері талқыланды. Аталмыш жобаны Еурокомиссия қаржыландырып келеді. Басқосуға аталған ұйымның Қазақстандағы өкілі Лука Карапелли, словакиялық «Махаон Интернешнл» қауымдастығының өкілі Светлана Белова қатысты.
Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ержан Сембинов саланы өрге сүйреудің жол картасында айқындалған жеті бағыт бойынша түрлі шаралар қолға алынғанын атай келе, бір жылдың ішінде аймақ бойынша 3,2 млрд. теңгенің туристік қызметі көрсетілгенін жеткізді. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға артық. Туристік компаниялар арасында бәсекелестік орта қалыптасуының арқасында қызмет көрсету сапасы арта бастаған. Өткен жылы облыстық басқарма мен жергілікті туристік орындар 44 туристік жоба әзірлеген. 2015 жылы осы жобаларға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту міндеті тұр. Бұл жобалардың тиісті сметалық және техникалық құжаттарын дайындауға «Қазцинк» ЖШС қаржылай көмек көрсетуге келісім берген. Мамыр айында өтетін «Өскемен EXPO» көрмесінде өңірдің туристік әлеуеті жан-жақты паш етілмек.
Туристерді ақпараттық технологиялардың көмегімен тарту мақсатында «Visit East» сайты ашылған. Бұл сайтты дайындаған «Рейтинг» ІТ-компаниясының өкілі Светлана Коцур порталда өңірдегі 500 туристік орын жайында толық ақпарат бар екенін, кез келген кәсіпкер бұл жерге өз туристік базасы жайында бейнероликті ақысыз орнатқыза алатынын айтады. Бұл бейнероликтер Өскемен қаласындағы орталық лэд-экран арқылы да жарнамаланып жатқанын айтқан Е.Сембинов облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасымен өңірдің туристік әлеуеті жайындағы ақпаратты әуежай, теміржол вокзалы сынды қоғамдық орындарда тарату қолға алынғанын мәлім етті.
Лука Карапелли Еурокомиссия Шығыс Қазақстанда ауыл туризмін дамытуға қаржы құйып отырғанын айтты.
-Ауыл туризмі дамыса, өңірдегі шалғай елді мекендердің тұрмысы түзеліп қана қоймай, облыс бюджетіне қомақты кіріс түсетін болады. Бұл жақтағы халықтың бауырмал болуы да саланың қарқынды дамуына септігін тигізеді. Сондай-ақ, облыстарыңыздың елдегі экотуризмнің орталығы болуына мүмкіндігі жеткілікті. Бұл істе Италияның Тоскана өңірінің тәжірибесін қолдануға болады. Аталмыш өлкеде ауыл туризмін дамыту үшін ескі үйлерді қайта жарақтап, «қонақжай үйлер» жүйесін дамытқан. Соның арқасында осыдан 50 жыл бұрын тұрмысы тұралаған өңір туристерден босамайтын динамикалық аймаққа айналды, – дейді Л.Карапелли. Ол сондай-ақ, «Алтын Алтай» жобасына Катонқарағай, Күршім аудандары мен Риддер қаласы енгенін мәлім етті.
Бұдан кейін сөз алған Светлана Белова ауыл туризмін дамытқан өлкелерге шетелден демалушылар ағылады деу жаңсақ болатынын айтады. Дәл осындай үмітпен үлкен жобаны қолға алған солтүстіктегі көршілеріміз де бүгінде ауыл туризмін ішкі нарыққа икемдей бастаған көрінеді. «Алтын Алтай» жобасы да ең әуелі ішкі туристер мен көрші елден келетін қонақтарға бағытталмақ. Әйтсе де Катонқарағай ұлттық паркі ұсынған жобалар еуропалық инвесторларды қызықтырып отырса керек. Әсіресе, батыс жұртын біздегі туристік орындарда таза табиғи дәрумендер мен брендтік өнімдер ұсынылатыны қызықтырған. Ал ЮНЕСКО ұйымы Италияның Милан қаласында өтетін «EXPO-2015» көрмесіне Алтай балын апару туралы ұсыныс білдірген. Батыс Алтай қорығы мен Марқакөл қорығының аумағында да ауыл туризмін дамыту мақсатында «қонақжай үйлер» қалыптастыру қолға алынуда. Ол үшін «Эко Алтай» ұлттық паркі, «ТЭК», «Бумеранг» серіктестіктерінің мамандары ниет білдіруші отбасыларды туристерді күту, тамақ әзірлеу, сейіл ұйымдастыру машықтарына үйретуді бастап кеткен. Мұндай қонақжай үйлер Катонқарағай ауданының Өрел, Жамбыл ауылдарында сәтті ұйымдастырылыпты. Алдағы уақытта қонақжай үйлер тізіміне енгісі келген отбасылар іріктеліп, оларға арнайы грант бөлінбек. Ол гранттың негізгі шығынын Еурокомиссия өтейтін болады.
Конференцияда «Алтын Алтай» жобасына қатысушы аудандарының өкілдері өз ұсыныстарын айтып, мәселелер көтерді. Катонқарағай ауданының шалғай ауылдары мен Марқакөл қорығының кейбір тұстарында ұялы байланыс пен ғаламтордың жоқтығы, жол сапасының нашарлығы ауыл туризмінің де дамуына кедергі келтіретіні айтылды. Меймандарға қызғылықты туристік маршрут ұйымдастыру, туристік арт-нысандарды мейлінше ұлт тарихына жақындастыру, жаз айларында оқушыларды гид ретінде пайдалану, туристік орындар жайында электронды ақпараттарды біріздендіру мәселелері конференцияның практикалық бөлігінде талқыға түсті. «Алтын Алтай» жобасының менеджері Светлана Беловаға облыстық басқарма тарапынан өңірдің туристік маршрутын Өскемендегі этносаябақтан бастау жөнінде ұсыныс айтылды. Өткен жылдың өзінде ғана бұл нысанға 370 мың қонақ бас сұққан екен. Сондай-ақ, аталмыш жобаға арамен емдеудің жергілікті тәсілдерін енгізу керек деген пікірлер айтылды.
Есімжан Нақтыбайұлы