«Алтай балы» еліміздің брендіне айналды
Өскеменде «Алтай балы» атты V бал фестивалі өтті. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен өткен фестивальға облыстың омарташылары ғана емес, өзге облыстарда ара өсіріп, бал жинап жатқан кәсіпкерлер де қатысты. Фестиваль аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 110 омарташы қатысып, 63 тонна бал өнімін алып келді.
Алтын күздің басы жыл сайын өскемендіктер үшін «Алтай балы» фестивалімен басталып келеді. Сары ара, бал жалаған қонжық, шығыстың лала гүлді тау, даласы… бәрі, бәрі келіп жайғаса қалған орталық алаң бұл күні үлкенді де, кішіні де әдемі көрінісімен, әсем әуенімен, әрине, тәп-тәтті балымен еріксіз үйіріп әкетті.
Бал жәрмеңкесіне Өскемен қаласы мен Глубокое ауданының омарташылары белсене қатысты. Облыс орталығынан 22, Глубокое ауданынан 22 ара шаруашылығы, Зырян ауданынан 17, Ұлан ауданынан 16, Катонқарағай ауданынан 13 ара шаруашылығы келіп, сатып алушыларға түйе жапырақ, қарақұмық, тау, дала шөптері мен гүлдерінің балы сияқты тіл үйірген түрлі-түрлі бал сорттарын ұсынды. Глубокое ауданының омарташылары жәрмеңке өткен жарты күннің ішінде сегіз тонна бал сатып үлгерді.
Өскемендіктер мен қала қонақтары күзгі бал жәрмеңкесіне бұл жолы да көп жиналды. Жасы да, қариясы да бар қалың ел жеке-жеке палаткаларға қойылған облысымыздың әр өңірінен келген алуан түрлі балдың дәмін татып көріп, сатып алды.
-Көпшілік ел Катонқарағайдың балын жақсы деп таңдай қағып жатады, ол рас, таласым жоқ. Әйтсе де, маған Үржардың балы, «доннигі» қатты ұнады, хош иісі мен емдік қасиеті жағынан және балдан кәдімгі дала гүлінің нәрі анық сезіледі. Балдың ыдысын аша салысымен хош иісі бұрқ ете қалды, дертке дәру нағыз «Алтай балы» екенін бірден аңғардым. Міне, кезекке тұрып сатып алдым, халық үсті-үстіне келіп жатыр, – дейді Глубокое ауылынан қаладағы балаларына келген Халида Тұрсынханова.
Халида апай мақтаған бұл балды жинап алып жатқан үржарлық омарташы Шәкіржан Баянов екен. Көлденең ауылында тұратын омарташы жәрмеңкеге 500 келі бал алып келіпті. Ақшыл түсті қоюлау келген «донник» – түйе жоңышқа шөбінің балы да, тау шөптерінің мөлдіреген сары, қоңыр балы да бар ішінде. 89 жылдан бері омарташылықпен айналысып келе жатқан «Алтын бал» шаруа қожалығының иесі аудан омарташыларының балды шекаралас Қытай еліне де шығарып жатқандықтарын айтты. Шәкіржан ағаның айтуынша, ол елдегілер шығыстың балының қасиетін, жоғары сапасын қатты бағалайтын көрінеді. Елімізге туристік сапармен келген шетелдіктер де қазір алдымен «Алтай балын» іздейтін болды. «Алтай балы» бүгінде бір ғана шығыстың емес, бүкіл еліміздің бетке ұстар брендіне айналды.
Үржарлық омарташылар шығыстың балын экспортқа шығарып жатса, зайсандықтар ара ұстауды енді ғана қолға алып жатыр. Үш жылдан бері ара өсіруге кіріскен Үлкен Қаратал ауылының тұрғыны Айып Салбанов орман, тоғайлы Ақши теліміндегі омартасынан жәрмеңкеге Зайсанның балын әкелді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ермек Әділбаев: «Аудан тарихының шежіресінде сонау патша заманында, 1905 жылы Зайсанның балы Нью-Йорктегі көрмеге дейін барғаны туралы дерек бар. Зайсанның сол әйгілі балының атын қайтадан шығармақпыз, қазір «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ара ұстаймын деген ниетпен несие алып жатқандар бар» дейді.
Ара шаруашылығы, омарташылық аса қарқынды дамып келе жатқан аймақтарымыздың алдында Катонқарағай ауданы тұр. Биыл бұл ауданда «Катонқарағай шәрбәті» деген омарташылардың үлкен кооперативі құрылған болатын. Осы кооперативтің 22 мүшесі жәрмеңкеге 20 тонна бал әкелді. Кооператив талайдан бері келе жатқан күрмеулі мәселелердің біразын шешіп те үлгеріпті. 33 ара шаруашылығының басын біріктірген ұжым алдымен өнімді өткізудің амалын іздестіріп, балды арнайы ыдыстарға құйып, қаптап сататын өндіріс орнын ашқан. Кооператив мүшелері өздері қосылып, 20 млн. теңгеге сатып алған «Медофит» деп аталатын ресейлік құрал-жабдықта қапталып, шығарылған бал өнімдері енді Қазақстан қалаларымен бірге Қытайға өткізіледі.
– Биыл Қытайға 250 тонна бал шығарамыз. Жуықта Бейжіңнен келген кәсіпкерлер балдың құрамын талдап, тексеруге сынама алып кетті. Экспорттаудың, санитарлық, ветеринарлық қауіпсіздік талаптарының құжаттары жасалып, даярланды. Қазіргі күні ауданда 437 омарта шаруашылығы, 21 мың ара ұясы бар. Ауданда жыл сайын 400 тоннадан артық бал өндіріледі. Ең басты мәселе балды өткізу болып келген, қазір оның тетіктері табылып, өңірімізде омарта ұстаушылар көбейіп жатыр, – деді шығыстың екі бренді: марал мен балдың мекеніндегі, өлкесіндегі омарташылықтың келешегі турасында Катонқарағай аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереев.
Жастығыңды сақтағың келсе, бал же
2010 жылы облыста 39, 8 мың омарта шаруашылығы болса, 2016 жылы аймақта олардың саны екі есеге көбейіп 77,4 мыңға жетіп отыр. Шығыста жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі бал фестивальдары, жәрмеңкелері облыста ғана емес, елімізде ара шаруашылығының қайтадан өркендеуіне өзіндік ықпалын тигізуде. Көптеген облыстарда біздегідей омарташылар қауымдастығы құрылып, олар «Бал ара» ұлттық омарташылар одағының бір құрылымы бола отырып, бал өндірісін арттыруға, омарташыларды даярлауға, саланы дамытуға үлес қосуда. Облыстағы ара өсіруші кәсіпкерлер Польша, Израиль, Түркия, Украина, Ресейдегі омарташылар орталығында болып, тәжірибе жинақтап қайтқан. Омарташыларымызға облыстық бюджеттен субсидия беріліп келеді.
– Бал фестивалін өткізудегі басты мақсат – облыста ара шаруашылығын одан әрі өркендету. Әйгілі Алтай балын өндіруді арттырып, өнімнің тұтынылу нарығын кеңейте беру, омарташыларды өз кәсібіне ынталандыру, – деді жәрмеңкеге келген омарташылар ортасында болып, өнімдерімен танысқан облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин.
Атақты медицина ғұламасы Әбу Әли ибн Сина «Жастығыңды сақтағың келсе, жиі бал же» деген. Омарташылар жәрмеңкеге балдың өзімен бірге балауызы, тұнбасы тәрізді араның адам ағзасына, денсаулығына, ажарына пайдасы мол алуан түрлі өнімдерін қойды. Ара шаруашылығының бұл өнімдерін әдейілеп келіп сатып алып жатқан косметологтар да болды.
Ең сапалы өнім -Макаровтыкі
Фестиваль соңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков үздік шыққан омарташыларды марапаттап, еңбектеріне табыс тіледі. Ауыл шаруашылығы, тағамтану, кәсіпкерлік саласы мамандарынан құралған комиссия мүшелері V – бал фестивалінің жеңімпаздарын төрт аталым бойынша анықтады.
«Балдың жоғары сапасы үшін» аталымы бойынша:
Бас жүлде Риддер қаласынан келген «Макаров» ЖК берілді.
1-орын – Зырян ауданы, «Ткачев» ЖК.
2-орын, Глубокое ауданы, «Пузев» ЖК.
3-орын, Ұлан ауданы, «Шулико М.М.» ЖК.
Ара шаруашылығының дамуына қосқан үлесі аталымы бойынша:
1- орын – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «ШҚО омарташылар одағы» ЖШС ғылыми қызметкері Риб Рингольдқа;
2- орын Көкпекті ауданындағы «Фацелия» ШҚ жетекшісі Алексей Шаровқа;
3- орын Глубокое ауданының «Валиев В.В.» ЖК иесі Виктор Валиевке берілді.
Ара шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізгені үшін аталымы бойынша:
1-орын Глубокое ауданының «Пасека Терещенко» басшысы Артем Рукавицинге;
2-орын Глубокое ауданының «Бунькова Н.Н.» ЖК иесі Наталья Буньковаға;
3-орын Катонқарағай ауданының «Қасенов» ШҚ жетекшісі Досан Қасеновке берілді.
Көрме -сауда павильонын үздік көркемдегені үшін аталымы бойынша:
1- орын «Алтай балы» АШК;
2- орын Катонқарағай ауданының «Шәрбат» АШК;
3-орын Өскемендегі «Айтас» бал орталығына берілді.
Төрт аталым бойынша жеңімпаз атанғандардың бәріне бағалы сыйлықтар табысталды
Жанаргүл Мұқатай