Қоғам

«Altay аthletics» алғашқы кәсіби клуб

«Altay аthletics» алғашқы кәсіби клуб


Өскеменде Алтай атауымен тағы бір кәсіби спорт клубы құрылды. Толық атауы – «Altay аthletics». Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен дүниеге келген бұл ұжым – еліміз бойынша спорттың жеңіл атлетика түрінен тұңғыш кәсіби клуб.

Кеше облыстық драма театрда жаңа клубтың тұсауы салтанатты түрде кесіліп, соңы баспасөз мәслихатына ұласты. Клуб жеңіл атлетиканың 47 түрінен қабілетті жастарды іріктеп, олардың шеберлігін еуропалық тәсілмен жетілдіретін болады. Бұл ретте «Altay аthletics» 94 жылдық тарихы бар «LC Zurich» клубының көмегіне жүгінбекші. Ол туралы екі клуб арасында меморандум қабылданған.

Спортсүйер қауым мен сала мамандарын жаңа клубтың ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл жобаға үлкен үміт артылатынын атады.

– Алтай – біздің брендіміз. Оны әлемге танымал етудің бір жолы – спорт. Біздің өңірде құрылған бірнеше спорт клубтарына қатарынан Алтайдың есімін берудегі басты мақсатымыз осы. Бүгін залға кілең жасөспірімдердің жиналғаны көз қуантады. Өйткені жастар біздің болашағымыз. Ал болашақты спортсыз елестету мүмкін емес. Өйткені спорт – ұлт саулығының кепілі, – деді аймақ басшысы.

Ұжым биылғы жаздың өзінде «Гауһар лигада» «Altay аthletics» атымен сынға түсіп, үш спортшысы жыл қорытындысында алтын, күміс және қола медаль жеңіп алған болатын. Біздің елде бокс, футбол, велоспорт, волейбол және баскетбол сияқты спорт түрлерінен кәсіби клубтар болғанымен, жеңіл атлетика бойынша бұған дейін бірде-бір кәсіби клуб құрылмаған екен. Демек, «Altay аthletics» – Қазақстан көлемінде жеңіл атлетика бойынша құрылған тұңғыш кәсіби спорт клубы.

-Қарап отырсаңыздар, спорттың барлық түрі клубтық негізге бет бұрып келеді. Бұл тенденция жеңіл атлетикаға да жат емес. Сондықтан біздің елде де, соның ішінде Өскеменде аталмыш спорт түрінен кәсіби клуб құру қажет болды. Еліміздің олимпиадалық құрамасы да осы клуб базасында жасақталады деген жоспар бар. Клубты қаржыландыру облыстық басқарманың бюджетіне бекітілген. Клуб базасында талантты балаларды жеңіл атлетикаға баулитын жасөспірімдер клубы жұмыс істейтін болады. Соның көмегімен 2020 жылға қарай облыста кемінде 5000 бала жеңіл атлетикамен кәсіби түрде шұғылдануға мүмкіндік алады, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.

Клубтың басты жұлдызы әрі көшбасшысы – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова. Найза лақтыру бойынша ел біріншіліктерінде бірнеше рет топ жарып, халықаралық сындарда жақсы нәтиже көрсете бастаған Артур Гафнер мен Варвара Назарова да осы клуб сапында өнер көрсететін болды. Клубтың халықаралық имиджін нығайтып, жеңіл атлетиканың халық арасында кеңінен танымал болуы үшін бастапқы кезеңде оның құрамында шетелдік жас таланттар да жұмыс істейді.

Клубтың қазіргі құрамында төрт бірдей кениялық желаяқ бар. Каролин Чипкоич Кипкируи, Дэйзи Джипкемей, Шэдрак Кимутаи Коич және Тануи Нора Джируто есімді спортшылар өскемендік клубтың намысын халықаралық ареналарда қорғамақ. Есімі аталған «қара маржандардың» қай-қайсысын алсаңыз да, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін жүйріктер. Әсіресе Дэйзи Джипкемей мен Тануи Джирутоның аяқ алыстары жақсы. 21 жастағы Д.Джипкемей 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден соңғы бір жылдың ішінде екі алтын, екі күміс еншілепті. Ал 22 жастағы Т.Джируто 3000 метрге жүгіруден соңғы бір жарым жыл ішінде төрт алтын, бір күміс және қола медаль алған.

«Altay аthletics» алғашқы кәсіби клуб

Асқар Можанов кениялық легионерлердің «Altay аthletics» атынан сынға түскенімен, барлық жаттығуларды өз елінде өткізетінін айтты.

– Кенияда олар теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте дайындалады. Сол база оларға қолайлы. Мұнда тек тестік жаттығулар өткізіп, өз мүмкіндіктерін көрсетті. Тестік спринттер кезінде олар біздің таңдаулы спортшыларымызды төрт айналымға дейін артқа тастап кетті. Ал мен көп болса екі айналымға озар деп ойлаған едім. Біздегі жеңіл атлетиканы осындай деңгейге көтеру үшін де кениялық спортшыларды алып отырмыз, – дейді ол.

Клубтың менеджері болып білікті маман Гвидо Тоньони тағайындалыпты. ФИФА ұйымында 15 жыл жұмыс істеген маман өзінің бай тәжірибесін «Altay аthletics» клубының бағын ашуға жұмсайтын болады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button