Қоғам

«Алтай» арулары құрлықтық додаға дайын

«Алтай» арулары құрлықтық додаға дайын

Өскеменде өтетін волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатының басталуына екі аптадан аз уақыт қалды. Қазір чемпионатта ел намысын қорғайтын өскемендік «Алтай» волейбол клубының ойыншылары байрақты бәсеке алдындағы соңғы әзірліктерін пысықтауда.

Жарыс алдында бірқатар жаңа ойыншымен толыққан біздің команда қазір облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында күніне екі уақыт жаттығу жиындарын өткізуде. Сондай бір жиынның соңынан «Алтайдың» бас бапкері, ресейлік маман Ярослав Антоновпен тілдесіп, команданың әзірлігі туралы сұрап-білудің сәті түсті.

– Команданың құрлықтық бәйгеге дайындығы ойдағыдай. Өздеріңіз білесіздер, мен бұл ұжымның тізгінін таяуда ғана ұстадым. Дегенмен, қыздармен тез тіл табыстық. Кәсіпқойдың аты кәсіпқой, ойыншылар өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ең бастысы, ауыр жарақат алып, қатардан шығып қалған волейболшыларымыз жоқ. Бір-екеуіндегі ұсақ жарақаттарды айтпағанда, команданың төрт көзі түгел. Оның үстіне, таяуда ғана ел чемпионаты аяқталғанын да ескеру керек. Ұзақ маусымнан кейін шаршаған ойыншыларға екі аптадай демалыс бердік. Қазір біртіндеп жаттығуларымызды күшейтіп келеміз, – дейді Ярослав Антонов.

Ресейлік маман өз сөзінде клуб басшылығының да жұмысын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бүгінде басты жетістік деп беткеұстар ойыншылардың ешқайда кетпей, команда құрамында қалуын айтуға болады. Қазір өткен ел біріншілігінің үздік ойыншысы Сана Анарқұлова мен команда капитаны Инна Матвеева бастаған чемпиондық құрамның қатары бұзылмай, алдағы дүбірлі додаға еш алаңсыз дайындалуда. Бұған қоса, «Алтай» қосынына тағы бірнеше ойыншы келіп қосылды. Олардың ішінде қазақстандық командалардың өкілдерінен (Ольга Карпова, Людмила Исаева, Коринна Ишимцева, Валерия Рылова) бөлек, қос сербиялық легионер – Бояна Радулович пен Йована Бракочевич те бар. Соңғысы бір-екі күнде Италиядан келіп, команда құрамын толықтыруы тиіс.

Италия демекші, қазір команда сапындағы жарақаты бар ойыншыларды Апеннин түбегінен арнайы шақыртылған білікті остеопата, физиотерапевт маман емдеуде. Оның үстіне, Азия чемпионты қарсаңында волейболшылардың физикалық дайындығын жақсарту мақсатында алтайлық арулар Өскемендегі Оңалту орталығында арнайы емдеу курсынан өтіпті.

– Команданың физикалық және психологиялық дайындығы ойдағыдай. Жаңа командаластарымызбен танысып, қызу жаттығуларды бастап кеттік. Ұжым ішінде тамаша атмосфера қалыптасқан. Мұндай құраммен алдағы біріншілікте ең жоғары орындарға таласуға болады деп ойлаймын. Тек, жарақаттан аман болайық, – дейді «Алтайдың» ең тәжірибелі ойыншыларының бірі, команда капитаны Инна Матвеева.

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button