Руханият

Алтай Аманжолов мұралары мұқият зерттеуді қажет етеді

Алтай Аманжолов мұралары мұқият зерттеуді қажет етеді

Көне түркі руникалық ескерткіштерінің еліміздегі бірегей маманы, профессор Алтай Аманжолов Қазақстан мен ТМД елдеріне ғана емес, көптеген шетелге белгілі, түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мен көне түркі жазуы тарихы саласының санаулы мамандарының бірі болғаны белгілі.

Көне түркі жазуларының қалыптасу тарихын мың жылға шегерген

1957 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын бітіріп, елге оралған Алтай Аманжолов еңбек жолын Қазақстан Ғылым Академиясының тіл және әдебиет инcтитутында кіші ғылыми қызметкер болып бастайды. Алайда, тағдыр оған оқу бітіріп, есейген шағында ғалым әкесінің жанында бар болғаны бір жыл ғана болуды жазыпты. Өйткені, келесі, 1958 жылы ардақты әкесі Сәрсен Аманжолов бақилық болған болатын. Оған сол жерде үш жыл жұмыс істеген кезінде бүгінде атақты деп жүрген кейбір тілші-ғалымдардың «Түркітану деген ғылым бола ма екен?» – деген кереғар пікірлеріне де төтеп беруіне тура келеді.
Жас Алтай 1960 жылы өзі бітірген университеттің аспирантурасына қайта оралып, ғылымға бар ынтасымен құлшына ден қояды. Арада үш жыл өткенде ол профессор В.Насиловтың жетекшілігімен «Көне түркі жазу ескерткіштері тіліндегі етістіктердің меңгерілуі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды.
Елге ғылым кандидаты болып оралған жас ғалым 1964-66 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысын жалғастырып, 1966 жылдан бастап, ұзақ жыл Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған еді. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, кафедра профессоры, көне түркі жазба ескерткіштері орталығының директоры болған жылдарында ғылыммен қатар, қиын да қызықты ұстаздықты да алып жүреді.
Ұзақ жылдар бойғы зерттеулерінің нәтижесінде 1975 жылы Мәскеуде «Көне түркі жазуының тарихы туралы деректер мен зерттеулер» атта докторлық диссертациясын қорғайды. Осы зерттеуінде А.Аманжолов көне түркі жазуларының пайда болып, қалыптасқан мерзімін 1 мың жылға кейінге шегеріп, жыл санауымыздан бұрынғы Алтай дәуірінің өзінде қолданылған сақ жазуының заңды жалғасы екендігін дәлелдеп, ғылыми тұжырымдалған, тілдік деректер негізінде дәлелденген болжамын алға тартады.
Алтай Аманжоловтың докторлық диссертациясына берген пікірінде атақты ғалым Л.Гумилев: «…Ғалым еңбегінің негізгі дәні – автордың ғылым ордасында қалыптасып кеткен пікірге қарсы шығуы. А.Аманжолов көне руникалық ескеркіштердің қалыптасу тарихын V-VI ғасырларға жатқызатын ғалымдар пікірінен өзгеше пайымдау айтып, оның мерзімін 1 мың жылға шегереді. Жазудың тарихын хун мемлекеті дәуірінен бастайды. Белбеудегі жазудың руника екенін дәлелдеген Алтай Аманжоловтың пікірі дұрыс па? Оны дөп басып айту қиын. Алайда, ХІХ ғасырдан бері ғылыми болжам ретінде тұрақты қалыптасқан пікірге қарсы пікір айту – ерлік. Ғылым әрқашан даму үстінде болуы керек, сондықтан «қатып» қалған ғылыми пікірлерді жаңартып отыру қажет. А.Аманжолов пікіріне қосарым, хундардың алфавиті болған. Алфавиттің біздің дәуірге жетпеген себебі хундар жазуды ұзақ сақталмайтын материалдарға жазған…» – деп атап көрсетеді.

Оның ерекше бір қыры ақындық еді

Оның өлеңдерінің бірі – «Аға сөзі» 1986-1987 жылдары Пекиндегі орталық ұлттар институтында қызмет атқарып жүрген кезде жазылады. Оған композитор И.Төлеубайұлы ән жазады. «Қалқатай, төріміз – алтын Алтай», – деп, қытайлық әнші қарындасына арнаған әнінен ақ жүрегі, туған жерге деген сартап сағынышы көрінеді.
Алтай Аманжолов 1993-1994 жылдары Түркия Республикасының Трабзон қаласындағы Қара теңіз техникалық университетінде түркітанудан, қазіргі қазақ тілінен лекциялар оқыды. Сол кезде түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің оқытушыларымен бірге сол жерде магистратурада оқып жүрген маған да ғалымның дәрістеріне қатысу бақыты бұйырды. Түрік оқытушылары ғалым ағаның аузынан шыққан әрбір сөзін қағазға жазып алып, оны сұрақтың астына алатын.
Алтай ағамыз 1993 жылы көне түркі жазба ескерткіштерінің оқылуының 100 жылдығына орай, Анкара қаласында өткен ғылыми симпозиумда түрікше баяндама жасап, өзінің соңғы жылдарда ашқан тың жаңалықтарын ғалымдар назарына ұсынды. Көп ұзамай оның Анкара қаласынан шығатын «Жаңа көзқарас» атты ғылыми басылымда «Түркі халықтарын жақындастыру мақсатында латын әліпбиіне көшуіміз қажет» атты мақаласы жарияланған еді.
Жарты ғасыр ғұмырын ата-баба жазуының этногенезі мәселесіне, олардың жазу мәдениетінің құпия сырын ашуға бағыштаған ғалым Алтай Сәрсенұлы өткен ғасырда Жетісу өлкесінен табылған ежелгі жазу үлгілерін зерттеп, талдай келе, олардың грек алфавитімен жазылған жазулар екенін анықтап, ата-бабаларымыз көне грек жазуын да білген деп қорытады. Сөйтіп, көне түркі алфавиті мен ертедегі грек алфавитінің арасында генетикалық байланыстың бар екенін анықтап, қазақ жазуы тарихының көне тамыры арамей таңбаларынан бастау алған деген ғылыми ойын нақтылай түседі.
Археологтар әкеп берген көне белгілер кездесетін әртүрлі жәдігерлерді үлкейткіш әйнекпен бір-бірлеп тексеріп, жазу немесе жай сурет екендігін анықтап, көне жазба таңбалар болса оқып, ғылымға қосып отырған ғалым аға Үржар ауданынан табылып, Эрмитаждың ертедегі Шығыс бөлімінің көрмесінде тұрған гүлмен көмкерілген қола айнадағы руникалық жазуды «Ер азамат, шарап (ішу) – мезгілсіз өлу» деген қағида, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болар ұлағатты өсиет деп оқып шығады. Күршім ауданынан табылған төртбұрышты тас мөрдегі жазуды «Сөзүм» деп оқып, іс қағаздарын сол көне дәуірлерден-ақ жүргізген түркі халқы құжатты растау мақсатында оның «бұл менің соңғы сөзім, осы сөзімнен қайтпаймын, рас екендігіне кепілмін» деген терең мағынаны беретін құнды жәдігер екенін анықтайды.

Радловтың тәржімасына түзету енгізген

Алтай Аманжолов мұралары мұқият зерттеуді қажет етеді

Талас, Іле, Сыр, Ертіс өзендері бойынан табылған көптеген ірілі-ұсақты көне руникалық ескерткіштерге тіл бітіріп, сырын ашқан бірден-бір ғалым А.Аманжолов өзіне дейінгі аудармалардың ішіндегі кейбір қате тұстарын анықтап, ғылымға әділеттілік әкелу жолында да орасан еңбек сіңірді. Мысалы, В.Радловтың «Қырқыз бодунуғ уда бастымыз» деген жолдарды «Қырғыз халқын (тайпасын) ұйқыда бастық» деп аударғанын «Түркі тайпалары өз ішіндегі талас-тартыстарда қарсыластарын үнемі ұйқыда жатқан жерлерінде басып-жаншып, жаулап алып отырған» деп, өз тарихи очерктерінде түркі халықтарына қарсы дерек ретінде пайдаланып жазған тарихшы ғалым С.Кляшторныйдың пікірін теріске шығарып, В.Радлов аудармасына түзету енгізеді. «Уда бастымыз» тіркесіндегі «у» – ұйқы, «-да» – жатыс септігінің жалғауы түрінде берілген аударманың қате екендігін, дұрысы – «уд» – ізінен, өкшелей жүріп, «-а» көсемше жұрнағы екендігін ғылыми түрде дәлелдеп, қате жазылып кеткен тарих беттеріндегі әділетсіздіктің жолын кеседі. Егер осы түзету жасалмағанда С.Кляшторный сынды небір тарихшылар тарихты әлі талай бұрмалар еді!
Алтай Аманжоловты көне түркі жазба ескерткіштерінің бірден-бір, бірегей маманы дейтініміз, «біз де осы саланың маманымыз» деп жүрген бірқатар басқа ғалымдарға қатысты 1973 жылы ыңғайсыз бір оқиға болады.
«Комсомольская правда» газетінің 1973 жылғы 13 ақпандағы санында тастағы жазуларды танымай, бұдан 2500 жыл бұрын жазылған көнетүркілік жазулар деп, сегіз тонналық тасты сонау Қапшағайдан көтеріп, Ғылым Академиясының алдына алып келген қазақ ғалымдарын әжуалаған «Пробный камень» атты мақала шығады. Мәселенің мәнісіне келсек, оқиғадан бір жылдай бұрын «Қыз Жібек» көркем фильмін түсіру барысында фильмдегі Шеге домбырада күй ойнап отырған кадрда «жанында тұрған таста көне жазулар болсын» деп жоспарлаған фильмнің ғылыми кеңесшісі, ақын Олжас Сүлейменов осы бағытта кеңес алу үшін Алтай Аманжоловқа келеді. Алтай Аманжолов берген В.Радлов аудармасының көшірмесіне қарап отырып, суретші ұйғыр жігіті ескерткіштегі жазудың басы мен аяғы қайда деп ойланып жатпастан, орта тұсынан үзіп-үзіп алып, жазуды тасқа қашап жазып шығады. Кейінде тас сол фильм түсірілген жерде қала береді де, бірде мектеп оқушыларымен саяхатқа шыққан бір мұғалім Ғылым Академиясына жазуы бар ерекше тас көргендерін айтып, хабарласады.
Аталған мән-жайдан еш хабарлары жоқ, өздері ғана жаңалық ашып, қарық боламыз деп ойлаған бір топ ғалым тасты көруге аттанады. Егер олар жазуды шын мәнінде оқи алған болса, атақты Күлтегін жырынан алынған үзінділер екенін, сөйлемдердің басы мен аяғы қиыспай тұрғанын білер еді. Әттең, не шара…
Өр Алтайдың асқақтығын бір бойына сыйдырып, жасынан ғылымның соқтықпалы, соқпақсыз жерлеріне түрен салып, екінің бірі жүрегі дауалап, зерделей алмайтын көне жазба мұралардың тілін қиыннан қиыстырып, жігерлілікпен зерттеп, бар өмірін нағыз ғылымға арнаған нар тұлға 18 ғылым кандидаты мен төрт ғылым докторын дайындап, өзіндік мектебін қалыптастырды. Шәкірттері, көпшілік ғылыми қауым Алтай Аманжоловтың ғалымдық, адамдық тұлғасын ешқашан естен шығармақ емес. Ал артына қалдырған баға жетпес ғылыми еңбектерімен әлемдік түркітану ғылымына ерекше үлес қосқан қазақ ғылымының көрнекті өкілі, белгілі түрколог-ғалым Алтай Аманжоловтың бай мұрасын зерттеу – болашақтың ісі.

Шынар Құрманбаева,
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы

Осы айдарда

Back to top button