Қоғам

Алпыстан астам жас дәрігер ауылға барады

 Алпыстан астам жас дәрігер ауылға барады


Өңірдегі емдеу мекемелері биыл 102 жас дәрігермен толығады. Олардың 67-і ауылды таңдап отыр. Ауылға барам деген мамандардың құжаттары қазір аудандық әкімдіктерге қарауға жіберілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, жас мамандарды жұмысқа тарту бойынша барлығы 149 келісімшартқа қол қойылса, олардың 69-ы қалада бекітілген.

Өткен жылы Семей медициналық университетінің 192 түлегі өңіріміздің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасыпты. Олардың 10-ы жекеменшік клиникаларды таңдаса, қалған 182 маман мемлекеттік денсаулық сақтау орындарында қызмет істейді.

Жас дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Былтыр тоғыз маманға тұрғын үй берілсе, тағы сегіз дәрігер баспана сатып алу үшін 1,5 мың АЕК көлемінде несиеге қол жеткізді. Өскемен қаласындағы №1 қалалық аурухананың жанындағы жатақханадан жиырма жасқа толмаған мамандарға 38 пәтер бөлініпті. Еңбек жолын енді бастаған мамандарға 80 АЕК мөлшерінде бір реттік көтермеақы төленді.

Соған қарамастан облыста әлі де дәрігерлер жетіспейді. Үржар, Аягөз, Зайсан, Катонқарағай аудандарында онколог, невропатолог, неонатолог, реаниматолог, акушер-гинеколог сияқты мамандар тапшы.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button