Алпысбай Қазығұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Суретшінің шығармашылық ғұмыры келте

Мейрамтай Иманғали
18 мамыр – Халықаралық музей күнінде Шығыс Қазақстан Өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал суретші Алпысбай Қазығұловтың «Уақыт сәулесі» атты көрмесі ашылды. Көрменің ашылу рәсімі алдында суретші жергілікті және республикалық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Жеке коллекциямда Ә.Қастеевтің төрт картинасы бар
Айтуынша, өзінің 45 жылдық шығармашылық ғұмырында Алпысбай Қазығұлов сегіз мыңнан астам картина жазыпты. Суретшінің картиналары Ақордадан бастап дүниежүзінің көптеген музейінде сақталған. Тіпті оның картиналары Жерар Депардье, Шыңғыс Айтматов, Патриссия Каас секілді есімі әлемге әйгілі тұлғалардың да жеке коллекцияларында бар деп айтуға болады. Сонымен қатар 45 жыл бойы суретшінің отбасы қазақ сурет өнерінің жауһарларын жинаумен айналысып келеді. Жеке коллекциясында бүгінгі таңда екі мыңнан астам картина бар болса, оның ішінде әйгілі суретші Әбілхан Қастеев атамыздың төрт картинасы бар. «Біз үшін ол өте құнды жәдігер» дейді суретші. Сондай-ақ Бексейіт Түлкиев, Салихитдин Айтпаев секілді танымал суретшілердің картиналары да ерекше бағалы.
Суретшінің 2007 жылы ағылшындық мұнай компаниясының қолдауымен Стамбулдан алғашқы альбомы шықса, 2018 жылы Алматыда екінші альбомы жарық көріпті. Қазіргі таңда үшінші альбомын дайындап жатқан көрінеді. Өнер музейіндегі «Уақыт сәулесі» атты көрмесіне суретші 27 туындысын алып келіпті.
– Менің шығармашылығым «Дала моншасы», «Дала аруы», «Көшпенділер» секілді тағы басқа бірнеше сериядан тұрады. Бұл көрмеге сол сериялардың ішіндегі ең таңдаулы картиналарды алып келдім, – деді суретші.
Дәурен Макин – талантты суретші
Қазақстандағы бейнелеу өнерінің қазіргі жағдайы туралы қойылған сауалға суретші Алпысбай Қазығұлов былай деп жауап берді:
– Мен Лондондағы Виктория және Альберт атындағы музейде болғанымда, онда 4 миллионнан астам экспонат бар екенін білдім. Ал біздің Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музейде небары 24 мың ғана экспонат бар. Қытайлық бір коллекционердің жеке қорында 15 мың экспонат бар. Ал біздің кейбір облыс орталығындағы музейдің галереясында небары 350 ғана картина бар. Осыдан-ақ Орта Азия мен Қазақстанда бейнелеу өнері қалай дамып жатқанын байқауға болады. Музей қоры жыл сайын жаңа туындылармен толығып отыруы тиіс. Ал Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы музейге жыл сайын музей қорын толықтыру үшін министрлік небары 500 мың теңге ғана қаржы бөледі. Ал 500 мың теңгеге қанша картина алуға болады? Сонда ертеңгі ұрпаққа не бетімізді айтамыз? Қазақстандық суретшілер жұмыс істемеді демекпіз бе?
Қазір Қазақстанда станоктік живопись өте қатты дамып келеді. Жас толқынның екпіні жақсы. Досбол Қасымов, Мейіржан Нұрғожин, Жұмақын Қайрамбаев сынды суретшілерді Қазақстанның үлкен интеллектуалды байлығы деп санаймын. Астанада Дәурен Макин атты тағы бір өте талантты суретші бар. Бірақ саяси көзқарасы үшін ұсталып, түрмеге қамалды. Әйтпесе өте ғажап суретші.
Жалпы, қазақ кәсіби бейнелеу өнерінің тарихы бар-жоғы сексен тоғыз-ақ жыл ғана. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан енді ғана асты. Ендеше, біз бос кеңістікті толтыруымыз керек. Соңғы жылдары сіздердің Өнер музейінің қоры қазақстандық қылқалам шеберлерінің картиналарымен толығып жатқанын естіп, қуанып отырмын, – деді суретші.
Суретші және стиль
– 45 жылдық шығармашылығымда мен барлық стильде сурет салдым десем де болады. Кубизм дейсіз бе, сюррализм дейсіз бе, гиперреализм, импрессионизм дейсіз бе – барлық стиль маған жақсы таныс. Десе де соңғы уақытта этно-импрессионизмге тоқтадым, – дейді қылқалам шебері. Суретші қазіргі суретшілердің туындыларына өнертанушылардың қызығушылық танытпайтындығына реніш білдірді. «Менің шығармаларым әлі зерттелген жоқ деп санаймын. Менің туындыларымды зерттеуге ниет білдірген өнертанушыны әлі көрген жоқпын. Өнертанушылар өз бетінше, суретшілер өз бетінше тірлік етуде», – дейді суретші.
– Қоғамда «қазір картиналарды ешкім сатып алмайды» деген түсінік бар. Сатып алсын-алмасын, суретші жұмыс істеуі керек. Өзім жоспарлы түрде жұмыс істеймін. Шығармашылық жоспарым бар. Сондықтан да суретші тірі ме, тыным таппауы тиіс. Өйткені суретшінің шығармашылық ғұмыры қысқа. Ол кез келген уақытта үзілуі мүмкін. Ойламаған жерден шығармашылық әлеуетің сарқылуы мүмкін немесе көз жанарың таюы ғажап емес, – дейді Алпысбай Қазығұлов.
Қазақ сурет өнерінде ұлттық саясат болуы керек. Ұлттың өнерін көтеру қажет деп санайды қылқалам шебері.
Өнердегі ұстазы туралы
Менің суретші болуыма, өнеріме үлкен әсер еткен адам – Ерболат Төлепбаев ағамыз. Ерекең жас кезінде мені жанынан тастамайтын еді. Жақсы дос болып кеттік. Әлі араласып тұрамыз. Осы кісінің тәрбиесін көрдім. Өнердегі ұстазым деп санаймын. Бірде ол кісіден: «Ереке, жақсы суретші болу үшін маған қандай кеңес бересіз?» – деп сұрадым. «Сала бер, сала бер, соңында бәрін өзің түсінесің», – деді. Жақында Ерекеңнің өзі менің шеберханама келді. «Тағы не істеуім керек?» – деп сұрадым. «Сен менен де жақсы салатын болыпсың», – деді. Бірауыз сөзіне қуандым, әрине. Ерекең 26 жасында-ақ Кеңес Одағының ұлы суретшісі атанды. Халық оны суретші ретінде жақсы білетін.
Әлі есімде, 1980 жылы өткен бір республикалық көрмеге Ерекең төрт картинасын қойды. Көрмеге келген бүкіл халық сол төрт картинаның жанынан шыға алмай қалды. Барлығы сол картиналарды ғана тамашалады. Содан кейін ондай көріністі көрмедім.
Министрдің ескертуі
– 1990 жылдары нанға ақша табу үшін мен де Арбатта сурет салдым. Сол жылдары картинамызды тіпті 50 долларға да сата алмайтын едік, – дейді қылқалам шебері. Бір күні ол Арбатта сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедті кездестіріп қалады. Министр суретшіні шақырып алып: «Алпысбай, сен мықты суретшісің ғой. Сені енді Арбаттан көрмейтін болайын», – дейді. Осыдан кейін суретші Арбатта қайтып тұрған емес. Бұрынғыдай емес, өз картиналарын өте қымбатқа бағалай бастайды. Сол Арбатта тұрған кезде 50 долларға сата алмаған картиналарды суретші 3000 долларға сата бастайды. Кейін шеберхана сатып алады. Баспаналы болады.
– Білсеңіз, 45 жылдың ішінде сегіз мың картина салу дегеніңіз әсте оңай емес. Мен сенбі, жексенбі күндері де, мерекеде де демалмай жұмыс істедім. Шығармашылықтың ішіне кіріп кететінім сондай, той-томалаққа да бармай жұмыс істедім. Менің басқа шаруаларыммен ұлым айналысады. Бір мезгілде бірнеше бағытта сурет сала беремін. 45 жылдың ішінде қаншама тонналаған бояулармен жұмыс істедім. Сондағы көңіліме түйгенім, бояудың құпиясы болады екен. Оның кілті – жоғарыда. Осыны өзімнің түйсігіммен сездім. Әлемде көптеген ұлы суретшілер болды. Меніңше, сол кілтті тапқандардың шығармашылықта жолы болды деп ойлаймын, – дейді суретші.
Арт-индустриямыз артта қалып тұр
– Алпысбай Қазығұлов Қазақстанда картинасын сатып, өзінің жағдайын жасаған суретшілердің қатары аз деп санайды. Көп дегенде, он шақты ғана суретші бар. Оның себебі – Қазақстанда арт-индустрия жақсы дамымаған. Мысалы, Мәскеудің өзінде арт-индустрия саласында 2 млрд. доллар айналымда болса, Қазақстанда оның көлемі 1 миллионға да жетпейді. Әрине, кез келген суретші өз еңбегін қымбатқа бағалағысы келеді. Бірақ интеграция жоқ болғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыстар алға жылжымай отыр.
– Көбіне халықаралық көрмелерден біздің суретшілер қалыс қалып жатады. Сондықтан да біздің суретшілер жаңалықтардан бейхабар қалады. Салыстыра алмаймыз. Өзімізде керемет суретші бар екенін тек әлеуметтік желі арқылы ғана біліп жатамыз, – дейді Алпысбай Қазығұлов.