«Алашұлы» азаматтық танытты

– Мадияр бұған дейін Ресейге екі рет барып, оңалтудан өтіп келді. Негізінен ол сауықтыру шарасын үш ай сайын қабылдап тұруы керек. Анасының баланы тұрақты түрде емдетуге шамасы келмесе де, қаражат жиналғанына қарай қалдырмай апарып жүр. Біз қазір Мадиярды көрші елге тағы бір мәрте жіберу үшін қаражат жинап жатырмыз. Оған бір миллион 300 мыңдай теңге ақша қажет, – дейді Қанат Каримов.
– Мадиярға қойылған диагноз – «балалардың церебралды сал ауруы», – деп жалғады сөзін Қанат. – Бүгінде Өскемендегі арнайы орталықта тәрбиеленіп жатыр. Күн сайын бассейнге, массажға барады. Әр басқан қадамың ақша болғандықтан, жалғызбасты анаға осының барлығы оңайға соғып жатқан жоқ. Десе де, қажырлы еңбектің арқасында бұрын мүлде қозғала алмайтын бала қазір қолын қимылдатып, орындыққа өздігінен отырып, ептеп сөйлейтін дәрежеге жетті. Иә, бүгінгі концерттен түскен ақша әлгі соманы толтыруға үлкен сеп болмақ. Мадияр уақыт созбай үшінші мәрте емделуге мүмкіндік алса, жағдайы әлі де жақсара түсер еді, – дейді Қанат.
Концерт демекші, Өскеменнің орталық мәдениет үйінде осы Қанат пен жары Индираның ұйымдастыруымен «Алашұлы» тобының концерті өтті. Кештен түскен қаражатты топ мүшелері түгелдей Мадиярдың еміне аудармақ.
– Алғашқы концертімізден түскен қаражатты бауырымыздың еміне аудармақпыз. Дұрысында, сіздер аудармақсыздар. Қаражаттарыңызды билетке емес, қайырымдылық іс қылу үшін жұмсап отырсыздар. Біз осы концертке келген әрбір адамның жүрегі – нұрға, жаны мейірімге толы деп білеміз, – дейді «Алашұлы» тобының отты жігіттері.
Концертке топтың «Бізбен бірге» әнінің атауы берілген. Алаш ұлдары кішкене Мадиярды ортаға алып шығып, ән салды.
Бейтаныс семейлік кәсіпкер Қанаттың неге мұншалықты алашапқын болып жүгіріп, кеш ұйымдастырғанын, өздеріне ғайыптан келіп көмек беріп жатқанын Мадиярдың анасы білмейді. Үнсіз алғыс айтады.
– Маған бейтаныс адамдар қоңырау шалды. Қайырымдылық кешін ұйымдастырып беретіндігін айтты. Шынын айтайын, «бұлар неге мені алдап тұр?» деп ойладым басында. Сөздеріне сенген жоқпын… Сонымен, олар кештің жарнамасын жасап, түрлі-түрлі есіктерді қағып жүріп, «Алашұлы» тобымен келісіп, осы концертті өткізді, – деген Мадиярдың анасы кеш соңында дүйім жұртқа, өнер жұлдыздарына және Қанат пен Индираға алғысын жаудырды.
Қандай жағдайда да үміт үзбей, мақсат жолында табанды болу керек. Мадияр әуел баста қандай еді? Қазір қандай?.. Мамасына күнде «Алашұлының» әндерін қостырып алып, қосылып айтып отырады екен. Науқас баласы бар ата-ана болса, ойлансын. Үміт үзбесін, мойымасын, берілмесін дегіміз келді. Мұқым елдің алдында концерт өткізудің бір сыры осында. Әйтпесе, қажетті соманы жұртқа жария етпей де жинап беретін едік, – дейді осы кешті ұйымдастырған Қанат Каримов.
Тасқын Болатұлы