Қоғам

Алматыны әуенге бөлеп қайтты

Алматыны әуенге бөлеп қайтты


Семей қаласы Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, дирижер, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Оразғали Сейітқазының еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Киелі Семей» атты жеке шығармашылық концерті Алматы қаласының Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің концерт залында дүркіреп өтті. Осыдан бірнеше ай бұрын жоспарланған концертінде Оразғали Сейітқазы бүкіл дүниежүзіне кеңінен танымал, іргетасын сонау 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов құрған, қазақ музыка өнерінің киелі қара шаңырағына айналған атақты өнер ұжымы – Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптары оркестріне кеш бойы дирижерлік етті.

Өнер кешінде Абай, Құрманғазы, Н.Тілендиев шығармаларымен қатар Семей өңірінің танымал композиторлары Т.Базарбаевтың, Ж.Дәстеновтің, Қ.Досымжановтың, К.Алдекеновтың таңдамалы шығармалары мен Оразғали ағаның оркестрге бейімдеген Л.Боккеринидің «Менуэт», П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен «Гүлдер вальсі», А.Бабаджаняннің «Ноктюрн» атты әлемдік классикалық шығармалары орындалды. Концертке еліміздің атақты өнер жұлдыздары – Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Баян Сағынбаева, Жарқын Шәкәрім, Жанас Бекентұров, Еркін Шүкіман, Дәлел Уәш және басқалар қатысып, кеш иесіне лебіз-тілектерін айтты.

Концерттік бағдарлама талғампаз Алматы жұртшылығының көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button