Алматымен алыс-берісіміз артып келеді
Шығыс Қазақстан облысының 19 кәсіпорны өз өнімдерімен Алматы қаласындағы ірі сауда желілерін қамтамасыз етуде. Биыл оңтүстік астанаға жөнелтілген тауарлардың көлемі 10 пайызға өсіп, 32 мың тоннаны құрады.
Бұл туралы аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен алматылық бизнес өкілдерінің, инвесторлар және кәсіпкерлердің қатысуымен өзара ынтымақтастық байланыстың даму болашағы талқыланған кездесуде айтылды. Келелі мәселелер қаузалған кездесуде облыс әкімі Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, бизнесті қолдаудың шаралары жөнінде айтып берді.
– Шығысқазақстандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктері мен ресурстары өңіраралық қоғамдастықтың ұтымды үлгілерін пайдалана отырып, еліміздегі өзге облыстардың нарығына шығуға жағдай туғызады. Бұл бағытта әрине, Алматы қаласының орны ерекше. Біздегі мал шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Таяудағы 10-15 жылда Шығыс Қазақстанның аграрлық секторы инвестиция салуға аса қолайлы болатыны сөзсіз. Біз сіздерге шамамен 90 пайыз суармалы жерлерді ұсына аламыз. Сол сияқты инвесторларды туристік кластер құруға шақырамыз, – деп атап көрсетті облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ алматылық бизнесмендермен өткен жиында.
Мамандардың есебіне жүгінсек, шығысқазақстандық кәсіпкерлер жыл сайын Алматының сауда желілеріне жеткілікті мөлшерде экологиялық таза әрі сапалы өнімдерді жеткізіп тұруға қауқарлы. Оған қоса машинақұрастыру, тағам өндірісі, жеңіл өнеркәсіп салаларында өндірістік және технологиялық тізбек құру да екі жаққа тиімді болмақ.
Осы жылдың басынан бері Алатау баурайындағы алып шаһарға Кенді Алтайдан 32 мың тонна әртүрлі тауарлар жөнелтілген. Бұл өткен жылғы мөлшерден 10 пайызға жорғары. Атап айтсақ, Алматы нарығына біздің жақтан сүт және сүт өнімдері, консервілер, жартылай фабрикаттар, еттен жасалған жеңсік ас, құс еті, ұн мен кондитер өнімдері, шұжықтың түр-түрі, күнбағыс майы, бал, бұғы мүйізінің қанынан жасалатын шипалы дәрі-дәрмектер және басқа тауарлар жеткізілген.
Екі тараптың өкілдері қатысуымен өткен келіссөздер аяқталған соң жиынға қатысушылар Шығыстан артынып-тартынып жеткен кәсіпкерлердің ауылшаруашылық жәрмеңкесін аралады. Ол жерде 40 тоннадан астам алуан сұрыпты бал мен 27 түрлі панты өнімдері ұсынылды. Жәрмеңкеге жиналған жұрт ешбір қоспасыз экологиялық таза, құнарлы өнімдерді сатып ала жүріп, шығысқазақстандық өнерпаздардың концертін, көне жәдігерлер қойылған көрмені тамашалады.
Екінші күні облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында болып, ондағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Оқушылар сарайы мен Жастар спорт сарайына ат басын бұрып, жаңадан бой көтерген ықшам ауданмен танысты.
(Бұл туралы кеңейтілген материалды газеттің келесі санынан оқисыздар).
Дәурен Аллаберген