Қоғам

Алматымен 55 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды

Алматымен 55 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды

Өскеменде алғаш рет өткен Алматы қаласының Шығыс Қазақстандағы мәдени күндеріне қала әкімі Ахметжан ЕСІМОВ бастаған 300 адамнан тұратын ресми делегация келіп, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге шаһардағы бірқатар маңызды мәдени іс-шараларға қатысты. Айта кетейік, өңіраралық интеграцияны дамытуды көздейтін бұл шара Елбасының еліміздегі облыстардың арасында ақпарат пен мәдени жетістіктердің алмасуын жүзеге асыру бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды.

Төрт тонналық апортты сыйға тартты

Алматымен 55 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды

Облыс орталығына келген мәртебелі қонақтар алдымен Өскемендегі Алматы көшесіне ат басын тіреді. Мұнда бұл кезде шаһарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын көше мерекесі өтіп жатқан болатын. Салтанатты шара облыс орталығының 200-ге тарта мектеп оқушысы қатысқан флешмобпен ашылып, қаланың шығармашылық ұжымдары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласқанын айта кету керек.
Алматыдан ат арылтып келген қонақтар көшеде өткен байқауларға, спорттық жарыстарға қатысып, қолөнершілердің, суретшілер мен фотографтардың көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, қылқалам шеберлерінің бірі Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВКЕ портретін сыйға тартты. Сонымен қатар, көше бойында ауыл шаруашылық өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Келушілерге әсіресе, Үржардың алмасы мен өзге де бақша өнімдері көптеп ұсынылды.
Алма демекші, алматылықтар бұл жолғы мереке құрметіне Өскемен қаласына екі метрлік апорт алмасының мүсінін сыйға тартқанын айта кеткен жөн. Мәрмәрден жасалған аталмыш мүсіннің салмағы төрт тоннаны құрайды. Алдағы уақытта Алматы көшесінің қақ төрінде орын тепкен ескерткіштің айналасы абаттандырылып, мүсіннің маңайында орындықтар мен көше шамдары пайда болмақ.
– Алматы тәуелсіз еліміздің тұңғыш астанасы болғандықтан, оның орны әр қазақстандық үшін қашан да бөлек. Бұл шаһар мемлекетіміздің қаржы, мәдениет, ғылым және бизнес орталығы болып табылады. Сондықтан облысымыз бен Өскемен қаласы үшін Алматымен жан-жақты әріптестік байланысты нығайтып, алыс-беріс мөлшерін ұлғайту өте маңызды. Өскеменде мұндай көше мерекелерін өткізу дәстүрге айналған. Міне, бүгін кезек Алматы көшесіне де келіп жетті. Баршаңызды осынау мерекемен құттықтай келе, салтанатты шараға арнайы келген Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВКЕ және барлық алматылықтарға Шығыс Қазақстан жұртшылығы атынан алғыс айтқым келеді, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мәдени күндер аясында Алматыдан келіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибелерімен бөліскен денсаулық сақтау, білім және бизнес саласының өкілдеріне де зор алғысын білдірді.
Өз кезегінде алматылық делегацияны бастап келген Ахметжан ЕСІМОВ мұндай әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы көп болатынын тілге тиек етті.
– «Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, жалғыз-жарым болмаса анда-санда» деп Ұлы Абай айтпақшы, Алатау бөктерінен Төр Алтайға келіп тұрғанымыздың себебі – екі өңір халқының етене араласуына, жан-жақты әріптестік орнатуына жол ашу. Біз үшін Шығыс Қазақстанмен, Өскеменмен тығыз қарым-қатынас орнату ерекше маңызды, сондықтан мұндай шараларға қатысуға, сіздермен тәжірибе алмасуға қуана келістік. Бүгінде сіздердің облыстарыңыз бен Алматы қаласы арасындағы тауар айналымы жоғары деңгейде деуге толық негіз бар. Енді әлі жөнді қолға алынбай тұрған бірқатар саланы, атап айтқанда, туризмді дамытуға көңіл бөлгеніміз абзал. Себебі, Шығыс Қазақстан өзінің сұлу табиғатымен аты шыққан өңір екенін бәріміз білеміз. Тағы бір мәрте барлығыңызды бүгінгі мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер, – деді Алматы қаласының әкімі.
Бұдан кейін қонақтар осы маңайдағы №11 мектеп-гимназияның аумағында орналасқан 400 орындық жабық хоккей модуліне барып, жас хоккейшілердің жаттығуларын тамашалады.

Елу түп алма көшеті отырғызылды

Алматымен 55 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды

Алматылық делегация бұдан кейін ат басын облыс орталығындағы сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығына бұрды.
Ертістің сол жағалауында орналасқан ерекше демалыс кешенін аралап көрген алматылықтардың таңданыстарында шек болған жоқ. Қонақтардың көбін бір кешеннің ішіне осыншама маңызды дүниелердің үйлесім тауып, сыйып тұрғаны қызықтырды. Көптеген ескерткіштер, әуе және қорғаныс техникалары, әсіресе, мұражайлар, түрлі демалыс орындары мен әдеттен тыс сахналар алматылықтардың назарын аударды.
– Әрине, бұл көп еңбек пен шыдамдылықты қажет ететін жоба. Осы дүниені қағаздағы жобадан осындай үлкен мәдени орынға, яғни, шындыққа айналдырған облыс басшылығына ризашылығымды білдіргіміз келеді. Енді жүрген жерімізде Өскеменде осындай ерекше этноауыл бар, барсаңыздар, міндетті түрде көріңіздер деп айтып жүретін боламыз, – дейді делегация мүшелері.
Этносаябақты түгелімен аралап көрген меймандар бұдан соң негізгі жұмысқа көшті. Олар өздерімен бірге Алатаудан Алтайға деп 50 алма көшетін ала келген болатын. Алматыда өсетін алмалардың түрлі сорттарынан құралған көшеттерді алдымен екі өңірдің басшылары отырғызды. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ болашақта бой көтеретін алма бағының ең алғашқы шыбықтарын қадады.

– Болашақта бұл жерде «Алматының алма бағы» деп аталатын жаңа бақ пайда болып, өскемендіктер бұл жерден иісі бұрқыраған әйгілі алма сорттарын үзіп жейтін болады, – дейді осы кешеннің директоры Николай Зайцев.

20 кәсіпорын өнімдерін ұсынды

Алматылық делегация этноауылды аралағаннан кейін Өскемендегі «Алтай» технопаркінде Алматы қаласы кәсіпорындары өнімдерінің көрмесі өткізіліп, «Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қаласының бизнес саласындағы ынтымақтастығының болашағы» тақырыбында бизнес-форум өтті.

Алматымен 55 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ технопаркке қойылған алматылық шағын және орта кәсіпорындар өнімдері көрмесінде ірі мегаполист өндірістерінің мүмкіндігі мен жетістігін бағалап, Алматы мен біздің облыс өнеркәсіптерінің арасындағы алыс-берісті арттыру жолдарын бағамдады.
Көрмеге қатысқан алматылық 20 кәсіпорынның арасында тамақ өнеркәсібі, машинажасау, құрылыс материалдары, баспа ісі, фармацевтика, жеңіл және жиҺаз өнеркәсібі саласының өкілдері бар. «Рахат» кәмпит фабрикасынан бастап «Сымбат» сән академиясының өнімдеріне дейін орын алған көрмеде шығысқазақстандық өндіріс орындарына, өңір тұрғындарына қажетті тауарлар түрі аз болған жоқ. Мәселен, «Казцинк» ЖШС өкілдерін Алматыдағы «Lemanadoff» ЖШС-нің дәрумендер мен минералды қоспалар қосылған бірнеше түрлі ауызсулары қызықтырмай қоймады. Сондықтан алдағы уақытта кәсіпорынның «Казцинк-Торпедо» тобы үшін спортшылардың күш-қуатын қалпына келтіріп, төзімділігін арттыруға әсері бар осы сусын түрінің бірі таптырмас отандық сапалы сусынға айналуы әбден мүмкін.
– Алматыдай ғылым мен білімнің, денсаулық сақтаудың, қаржылық дамудың, кәсіпкерліктің ортасымен өзара байланыс қай жағынан болмаса да аса маңызды, үлкен мәртебе. Шығыс Қазақстан облысының тарихында Алматы қаласының мәдени күндері ең алғаш рет өткізіліп отыр. Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің бестен бірі Алматы қаласының үлесінде. Осындай ірі қаламен ынтымақтастық байланысымыздың артуы, екі шаһардың ғана емес, еліміздің дамуының негізі болмақ. Осы уақытқа дейін Алматыда екі рет Шығыс Қазақстан облысының күндерін өткізіп, ынтымақтастық меморандумдарын қабылдадық. Оның бәрі де өз нәтижесін беріп жатыр, – деді бизнес форумды ашып, Ахметжан ЕСІМОВ бастаған алматылық делегацияға алғысын білдірген облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
– Алматыда Шығыс Қазақстан облысы күндерін, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп келесіздер. Мұның бәрі Елбасы тапсырмасында айтылғандай біздің өңірлердің өзара байланысының нақты көрінісі. Соңғы бес жылда Алматыда жалпыаймақтық өнім екі есеге өсті. Оның ішінде шағын және орта бизнестің үлесі 60 пайызды құрап отыр. Өткен сегіз айда бюджетке қаладан 778 млрд. теңге түсіп, 22 пайызға өсті. Осы кезеңде 300 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. 2017 жылы Алматыда халықаралық қысқы универсиада өтеді. «Алатау» инновациялық технологиялар паркі туралы қазір сала басшылары кеңірек таныстырып өтетін болады. Оның аумағынан берілетін өндіріс орны тендер арқылы бөлінеді. Басқа да жобалар жетерлік. Бір ғана Алматыда 3 млрд. доллардың азық-түлігі тұтынылады, соның 40 пайызы – отандық өнім. Сондықтан шығысқазақстандықтарды барлық жағынан серіктестік байланыста болуға шақырамыз, – деп Алматының әр саладағы әлеуетімен қысқаша таныстырып өткен Ахметжан ЕСІМОВ:
– Күн бүгін күңгірт болса да, Өскемен шаһарының ажарының кіріп, асқақтап қалғанын айқын аңғардым. Ең соңғы рет Өскеменге 2007 жылы келген едім. Осы уақыт аралығында Өскеменнің адам танымастай өзгеріп, үлкен істер атқарылып жатқанының куәсі болдық. Өскемендегі этноауылды көрдік. Осы жердің өзінен-ақ алатын үлгі-өнеге көп екен. Қаладағы қандай іс-шара болмасын шығармашылық тұрғыда атқарылғаны көрініп тұр. Әсіресе, шаһардағы көріктендіру жұмыстары мені таңғалдырды, Сіздердің әкімдеріңіз – нағыз жұмыстың адамы, шығармашылықтың адамы ешқашан тыным таппайды. Мұндай басшысы бар өңір алдағы уақытта қарқынды дами береді деп сенемі, – деді.

Бірлесіп жүзеге асыратын жоба көп

Алматылық қонақтар біздің өңірге өздерінің жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, кәсіпкерлерімізге сол жетістіктерге бірлесе қол жеткізуге жол ашатындай ірі – ірі жобалардың да аз емес екенін жеткізді.
Форумда «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Медет Сартбаев шаһардың инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндай келе туризм, инновация және жаңа технология, көліктік инфрақұрылым сияқты бағыттарға басымдық беріп отырған Алматыны дамытып, өркендетуде біздің облыстың инвесторлары үшін үлкен мүмкіндік барын атап айтты. 500 гектарды алып жатқан «Алатау» инновациялық технологиялар паркіне қажетті коммуникациялар жүргізіліп, игеріліп жатыр. Жоба бойынша осында орналастырылатын өндіріс орындарында 5000 жұмыс орны ашылмақ.
Үдемелі индустриялық – инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығын нәтижелі аяқтаған біздің облыста да қаржы салатын инвесторды қажет ететін болашағы бар салалар, өндірісін ашам дегендерге туғызылып отырған қолайлы жағдайлар айтарлықтай. «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасы Манарбек Сапарғалиев сондай жағдайлар жасалынып отырған Өскемендегі, Семейдегі индустриялық аймақтар жөнінде жиналғандарды кеңінен таныстырып өтті. Қазір Өскеменде үш, Семейде бір индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. Олар жаңа өндіріс орындарымен толыға түсуде. Жер қойнауын пайдалану жағынан да біздің өңірде жұмыс істеп, қызмет көрсету қолайлы. Биылғы «Инвестиция туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сай қолдауға, жеңілдік жасауға басымдық беріліп отырған өндіріс салаларының бірсыпырасы Шығыс Қазақстан аумағында екендігін де айта кеткен жөн.
Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қауымдастығының төрағасы Жомарт Манақов аймақтың агроөнеркәсіп кешенін бірлесе дамыту, соның ішінде рапс, соя дақылдарын өңдеу бойынша Қазақстан Ұлттық ауылшаруашылығы институтымен ынтымақтастық байланыс орнатуды ұсынса, алматылық «Белкамит» ЖШС басшысы Юрий Дорогов Алматы ядролық физика институтымен қоян -қолтық жұмыс істеп келе жатқан өз кәсіпорындарының өнімдерін Курчатовта салынатын АЭС құрылысына пайдалануды алға тартты. Бұл өнеркәсіптің өнімін бүгінде біздің «Казцинк», «ТМК» тұтынып жатса, Өскемендегі «Востокмашзавод» ЖШС керісінше өз өнімдерінің біршама бөлігін оларға саудалап отыр.
Шығыс Қазақстанның әлеуеті, географиялық жағдайы шағын кәсіпкерлікті дамытуға да тиімді. Облыстық ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Оксана Желякова Алматының кәсіпкерлеріне Шығыста, әсіресе, туризм, ағаш өңдеу, машина жасау саласын дамытуға атсалысуға үлкен мүмкіндік бар екендігін ескертті. Облыс кәсіпкерлерін қолдап, проблемаларын анықтауда палата шағын бизнес өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп, талай мәселені шешуге ықпал етуде.
Бұған дейін екіжақты байланыстарды арттыру мақсатында Алматы қаласы мен біздің аймақтың кәсіпорындары, әкімдіктері арасында қабылданған меморандумдар орындалып, ұсыныстар қолдау тауып келеді. Жиында «Өскемен КазРосПромАрматура» ЖШС директоры Зоя Новолодская тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына арналған өнімдері – құбыр арматураларын Алматы қаласында пайдалануға қолдау көрсетіп отырған Алматы қаласы әкімдігіне алғысын білдірді.
Шара барысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ облыстың Алматыдағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне белсене қатысқан Тарбағатай, Зырян, Ұлан аудандарының әкімдеріне алғысхат тапсырды.
Бизнес-форум соңында Алматы мен Шығыс Қазақстанның кәсіпорындары, оқу орындары мен Алматы қаласы мен облыс әкімдігінің арасында 8 бірдей өзара ынтымақтастық келісімшарттарына қол қойылды. Айта кетейік, негізінен халықты жұмыспен қамту, өнеркәсіп, табиғатты пайдалану, туризм салаларын қамтыған бұл келісімшарттардың жалпы құны 55 миллиард теңгені құрайды.

Роза Рымбаева бастаған өнерпаздар өзгеше көңіл күй сыйлады

Алматымен 55 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды

Екі күнге созылған маңызды шара алматылық маңдай алды өнер жұлдыздарының концертімен түйінделді. Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында өткен концертті облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ бастаған мәртебелі меймандар да тамашалады.
Көрермендер тағатсыздана күткен кеш Алматы қаласының «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі орындаған Түркештің «Көңіл ашар» күйімен басталды. Бұдан кейін сахнаға көтерілген, бүгінде ел-жұртқа дәстүрлі әнші ретінде таныла бастаған Мақпал Тоқтаған Жетісу мен Шығыстың дәстүрлі әншідерін құйқылжытты. Ал Илья Жақановтың «Толағайын» толғаған «Гауһартас» қыздар квартеті де ел қошеметінен шет қалған жоқ. Жыл сайын өтіп келе жатқан «Алматым жүрегімде» атты ән байқауының биылғы жеңімпаздары осы қыздар екен.
Бұл кештің тізгінін белгілі тележүргізуші Майя Веронская мен ақын Қалқаман Сарин ұстаған болатын. Олар кезекті әншінің атын атағанда көрермендер айрықша қошемет көрсетті. Себебі, ол әнші жерлесіміз, Финляндияда өткен Глинка атындағы халықаралық вокалистер байқауының «Үздік тенор» аталымының иегері Медет Шотабаев болатын. Медет Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әні мен «O sole mio» әнін асқақтатты. Іле-шала сахнаға көтерілген домбырашылар триосы қазақ күйлерінен попурри орындады.
Сайдың тасындай іріктелген кілең өрелі өнерпаздар көрермен көңілін бірінен соң бірі көтеріп жатты. Алайда көрермендер әлдебір өнерпаздың сахнаға шығуын күтіп отырғандай болған. Кенет кеш жүргізушісі Майяның «кешіміздің құрметті қонағы, қазақтың бұлбұл көмей әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Париждегі «Грант Опера» театрының қазақтан шыққан тұңғыш әрі жалғыз әншісі Майра Мұхамедқызы» деп хабарлауынан кейін сирек кездесетін талант иесі сахнаға көтеріліп, «Гүлдерайымды» шырқады. Халықтың Майраға деген ықыласын, Майраның өнерге деген ықыласын бір сөзбен жеткізе алмасымыз анық. Бір білгеніміз әншінің асқақ дауысы Алтайдың асқар тауларынан әрі асып жатты.
Елдің ыстық ықыласымен сахнаға көтерілген Әлібек Дінішев Абайдың «Желсіз түнде жарық айын», Андрей Трегубенко «Көзімнің қарасын» орындады. Өрелі өнердің қадірін білетін халық оларды да қошеметсіз қалдырған жоқ.
Бұдан кейін жастар жағы асыға күтіп отырған эстрада жұлдыздарына кезек келді. Бүгінде ән көгінде жарқырап жүрген Нұржан Керменбаев, Әли Оқапов, «Арлан» квартеті, «Кешь-Ю» тобы сынды өнерпаздар халықты әнімен әлдилеп, биімен тербелтті.
Сахнаға өнерпаздардың ең соңынан Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, жерлесіміз әнші Роза Рымбаева көтерілді. Халықтың өз қызына деген қошеметін айтпасақ та белгілі ғой. Ел алдына шыққан бойда екі бірдей ән шырқаған әнші биыл сахнаға шыққанына 40 жыл толғанын айтып, қуанышын туған халқымен бөлісті. Ел есінде қалған ерекше кешті әнші «Қазақ елі» әнімен жапты.
Өскемендіктерге әдемі кеш сыйлаған өнерпаздарға облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВТЫҢ атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Нұржан Кенжеұлы, Дарын Нұрсапаров, Жанаргүл Мұқатай, Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button