Алматылық кәсіпкерлер қаржы құюға ынталы
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласының өңіраралық ынтымақтастығы және аймағымыздың агроөндірістік кешеніне инвестиция тарту бойынша жиын өтті. Жиынға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласындағы бизнес құрылымдар мен қаржылық институттардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында Шығыс Қазақстан тауарөндірушілерінің азық-түлік өнімдерін Алматы базарларына жеткізу арқылы ынтымақтастық мәселелері талқыға салынды.
Жағрафиялық тұрғыдан алғанда Шығыс Қазақстан бүкіл еліміздің, оның ішінде Алматы шаһарының рыноктарына қызмет көрсету үшін ыңғайлы орналасқан. Бүгінгі таңда облысымыздың 65 тауарөндірушісі Алматының сауда нүктелеріне ет, сүт, ұн-жарма, балық, бал өнімдерін, өсімдік майын, кондитерлік тағамдарды, қымыз бен панты жеткізуге әзір.
Атап өтерлік жайт, облыстағы агроөндірістік кешеннің қайта өңдеу өнеркәсібі 11 саланы қамтиды, оларда 85 миллиард теңгенің тауарлы өнімі өндіріледі.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ кездесуде алматылықтар тұтынып отырған шетелдік өнімдерді Шығыс Қазақстанда шығарылған өнімдермен алмастыруға болатынын алға тартты. Ол үшін облыстың барлық әлеуеті жеткілікті. Айталық, Үржар, Зайсан, Тарбағатай сияқты оңтүстік аудандарда игерілмей жатқан құнарлығы жоғары ауылшаруашылық жерлері бар. Сол жерлерде бизнес ұйымдастырған тиімді.
Облыс әкімі оңтүстік астанадан келген мәртебелі меймандарға Шығыстың аграрлық саладағы барша мүмкіндіктерін таныстырып өтті. Мәселен, еліміз, оның ішінде, әсіресе, Алматы қаласы сүтті және сүт өнімдерін шетелден тасымалдайды. Осы ретте Шығыс Қазақстан ең ірі шаһардың сүт өнімдеріне деген барлық қажеттіліктерін толық өтей алатын дәрежеде. Қазіргі кезде алматылықтар Дания, Бельгия, Нидерланды сынды Еуропа елдерінде өндірілген әрі адам ағзасына зиянды түрлі қоспалары бар сүт өнімдерін тұтынып отыр. Ал біздің облыста шығарылатын тауарлар табиғилығымен және жоғары сапалылығымен ерекшеленеді.
– Сіздер Шығыс Қазақстанда өндірілген сүттің сапасын өздеріңіз тексеріп көріңіздер. Жеке өз басым «Эмиль» серіктестігі шығаратын сүтті тұтынамын. Бұл – жарнама емес. Сапасына толық сенімді болғандықтан айтып отырмын. Алматыда кең тараған «Данон», «Фудмастер» компанияларының өнімдерінен артық болмаса, кем түспейді. Шығыстың сүт өнімдерін бүгінгі таңда елордамыз Астана қаласы көптеп сатып алуда, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде алматылық іскерлер өңіріміздегі тауарлы-сүт фермаларын дамыту мүмкіндігіне ие. Облыс басшылығы ниет танытқан бизнесмендерге жерді жалға беруге әзір. Оның үстіне, аймақ басшысының тапсырмасымен шведтік «Делаваль» фирмасының көмегі арқылы 100, 200, 400 басқа арналған сүт фермаларының типтік жобалары дайындалған. Яғни, осы іспен шұғылданам деген кәсіпкер жоба жасатып әуре болмайды.
Ет өндірісі де өңірде қарқынды дамып келеді. Қазір Аягөз қаласында тәулігіне 12 тонна салқындатылған ет шығаруға қауқарлы комбинат салынып жатыр. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды районында 25 миллионға жуық халық тұрады. Олар да бізде өндірілген етке сұраныс танытып отыр. Жалпы, аталмыш көршілес өңір келешекте біздің тауарларымыз үшін үлкен тұтыну нарығы болмақ. Сондай-ақ, Үржар ауданында жылына 200 мың тонна құс етін шығаратын фабрика салынуда. Осы жаңа өнеркәсіп нысандары Алматы қаласының қажеттілігін өтеуге де атсалыса алады.
Екі өңірдің табысты ынтымақтастығын өрбіте алатын тағы бір сала – туризм. Облыс әкімі әсіресе, Катонқарағай, Зайсан, Үржар және Ұлан аудандарының осы орайдағы әлеуетіне жеке-жеке тоқталып өтті. Олардың қатарында Катонқарағай ауданындағы пантымен емдеу орындарын және Ұлан ауданында орналасқан бірегей Сібе көлдерін айрықша атап өтті аймақ басшысы. Ал Зайсан мен Үржар аудандарында әуе қатынасы бар екенін ескерсек, алматылық туристер үшін қолайлы жағдай жасалғаны сөзсіз. Бұл бағытта да облыс қытайлық тараппен қарым-қатынас орнатып отырғанын атап өткен жөн. Жуырда облыстағы 27 ірі туристік компанияның өкілдері аспанасты еліне аттанған. Ондағы мақсат – сол жақтан туристер тарту.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Шығыс Қазақстанға келгендегі басты мақсаттары тек қала нарығына өңірлерден сапалы өнімдерді тарту ғана емес, сондай-ақ, аймақтардың агро саласын өрістетуге жол ашатын инвестиция құю екендігін атап көрсетті.
– Алматы тұрғындарына қазіргі кезде ең алдымен сапалы тауар керек. Шаһарға келіп жатқан азық-түліктің 37 пайызы – импорт, яғни, шет елдерден. Жылына қала тұрғындары 1 миллиард доллар тұратын шетелдік азық-түлікті тұтынады. Осы тауарларды өзіміздің өнімдермен алмастырсақ, аталмыш қомақты қаржы елімізде қалып, өз экономикамызды дамытуға жұмсалады. Сол себептен біз қазір осы импорталмастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары.
Ал инвестиция құюға келер болсақ, алматылық қалталы кәсіпкерлер қазірдің өзінде Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Ресейдің экономикасына қаражат салуда. Енді билік оларға қаржыны шетелдік жобаларға емес, өз өңірлеріміздегі табысты бастамаларға салуға шақырып отыр.
Туризм саласындағы әріптестік жөнінде айтқан Ерлан Әукенов жылына тек қана Алматы қаласынан 70 мың адам Түркияға барып демалатынын мәлім етті. Ұлттық валютамыздың девальвациясынан кейін олардың саны екі есеге кеміген. Енді сол қалған әлеуетті туристерді өз еліміздің демалыс орындарына тарту керек. Бұл ретте Шығыстың Алакөлі мен Көгілдір Бұғазы балама болуға әбден лайық.
Жиынды қорытындылаған қос тарап бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты, ол топтың Шығыс Қазақстан тарабына облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин жетекшілік жасайтын болады. Аталмыш топ айына бір рет жиын өткізіп, бірлескен жобаларды талқыға салып, ортақ шешім шығарып отырады. Күзде өтетін келесі осындай кездесуде комиссия жұмысының нәтижесі Шығыс Қазақстан мен Алматының басшыларына ұсынылмақ.
Осы кездесуден соң Алматы қаласының делегациясы облыстағы «Эмиль», «Шығыс Сүт», «Айтас МП» серіктестіктері және «Пасека» шаруа қожалығы сияқты өңдеуші кәсіпорындарында болып, олардың жұмыстарымен танысты.
Ержан Әбіш