Қоғам

Алматыдан алтын-күмісті «арқалап» қайтты

Алматыдан алтын-күмісті «арқалап» қайтты


Алматыда жеңіл атлетикадан жастар арасында Қазақстан чемпионаты мәреге жетті. Оңтүстік астанадағы біріншілікте облыс намысын қорғаған бірқатар спортшыларымыз олжалы оралды. Керек десеңіз, бір өзі екі-үш медальді иеленген мықтылар да бар арасында.

Солардың бірі – Эрика Кем. Алдымен 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден сынға түскен ол межелі қашықтықты 15,6 секундта жүгіріп өтіп, үшінші орынды иеленді. Бұдан кейін желаяқ қыз 4х400 метрлік эстафетаға жүгіріп, қола медальға қол жеткізді.

Ал ел чемпионатының алтын жүлдесі Эрикаға ядро лақтыру сайысында бұйырды. Зілдей шойын шарды 10,94 метрге дейін бір-ақ шырқатқан жерлесіміз барлық бәсекелестерінен басым түсті. Сөйтіп, үш бірдей медальдің арқасында ол осы жарысқа қатысушы облыс спортшыларының арасындағы ең жүлделісі атанды.

Сондай-ақ, қос-қостан медаль алған риддерлік жеңіл атлеттер Алина Савельева мен Арина Харламованы атап өтуге болады. Бұл екеуі алғашқы қола жүлделерін 4х400 метрлік эстафетада иеленсе, екіншісін 4х800 метрлік эстафетада еншіледі. Бір қызығы, кейінгі эстафетада кілең риддерлік желаяқтар өнер көрсетті. Жоғарыда есімдері аталған екеуге Татьяна Дружина мен Мөлдір Сейітханова қосылды. Мұның сыртында қыздарымыз 1500 метрге жүгіруден күміс жүлдегер атанды.

Найза лақтырудың хас шебері өскемендік Артур Гафнер болса, 63,2 метр көрсеткішпен ел чемпионы деген атақты қиналмай жеңіп алды. Олай дейтін себебіміз, бұл сайыс түрінде Артурмен иық тірестіре алатындар елімізде әзірге табылмай тұр. Есесіне, дәл осы спорт түрінен облыс намысын қорғаған Мағжан Жақыпбеков қола медальдіы қанағат тұтты.

Семейлік Иманмәди Құсманов та командаластарынан қалыспай 800 метрге жүгіруде топ жарып, жеңіс тұғырының биігіне көтерілді.
Енді бір күміс жүлде диск лақтырудан жақсы нәтиже көрсеткен жерлесіміз Николай Клименкоға бұйырды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button