Руханият

Алматыда Зайсанның мәдени күндері өтеді

Алматыда Зайсанның мәдени күндері өтеді


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ауданда өңір тарихын жандандыру, тарихи тұлғаларды жаңғырту, ауданның дамуына ерен еңбек сіңірген жерлестердің еңбегін, есімін насихаттау, ауданнан шыққан танымал тұлғаларды дәріптеу және олармен кездесулер өткізу барысында біршама жұмыстар атқарылып, 100-ге жуық іс-шара өтті.

Бағдарламаны аудан тұрғындарына насихаттап, түсіндіру мақсатында «Рухани керуен» атты ақпараттық-мәдени керуен құрылды. Ақпараттық топ 34 елді мекенді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 26 500 адам қамтылды.

Рухани жаңғыру аясында өткізіліп жатқан кешенді шаралар жайында ақпараттар республикалық «Ruh.kz» сайтында жарық көруде. Сайттағы жарық көрген ақпараттар бойынша облыс І орынға шықса, облыс көлемінде жобалар саны жағынан Зайсан ауданы 2017 жыл көлемінде көш басында болды.
Республикалық «Ruh.kz» сайтынан бөлек облыстық «Дидар», «Рудный Алтай», «Семей таңы», «Алдаспан», «Менің өлкем», «Достық» газеттерінде тақырыпты қамтыған тұщымды дүниелер жарық көрді.

Археологиялық қазба жұмыстары Қаратал ауылының маңында жүргізіліп, біздің заманымызға дейінгі III-II ғасырлардағы үйсін мәдениеті және XV-XVIII ғасырлардағы Афанасьев мәдениеті туралы құнды деректер тарихи жәдігерлер қатарына енді. 2015 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан палеонтологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде осы аймақта 180-нен астам әртүрлі жануардың өмір сүргені анықталған. Бүгінде сан анықталған омыртқалы жануарлардың 183 ауданның дерекқор тізіміне енгізілді.

Ауданның тарихи-өлкетану музейіне біршама жануарлардың сүйектері тапсырылып, бүгінгі таңда мектеп оқушылары «Өлкетану» пәні аясында оларды жақынырақ танып білуде. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде балалар үшін арнайы бөлім ашылған.

2017 жылы ауданда Қабанбай батырдың үзеңгілес серігі болған, қазақ жерінен қалмақтарды тықсыра қуған батыр бабамыз Баймұрат батырға Зайсан қаласында ескерткіш тұрғызу мәселесі аудан тұрғындары және белгілі кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып, арнайы қор құрылды. Бүгінде ескерткіш орнатуға қажетті негізгі соманың 35 пайызы жиналды. Демеушілердің көмегімен Баймұрат батыр жайында бір естелік кітап шығарылып, екінші кітап баспаға әзірленуде.

Зайсан қаласының іргетасы қаланғанына 150 жыл, ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай осы ескерткіштің тұрғызылуына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері, тұрғындары өздерінің үлесін қосуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Зайсанда туып-өскен, мәдениетте, өнерде танымал болған бір топ азаматтар, белгілі кәсіпкерлер мәдениет саласына еңбек сіңірген жерлестері туралы «Зайсанды ән-күйімен әлдилеген» атты кітап шығарып, аудан жұртшылығына тарту етті. Танымал тұлғалар Көкенай Кәмалиев, Әбетхан Тоқтаған, Құмарбек Сыдық, Заманбек Әбдеш, Газезхан Әділхан, Дәлел Уәш, Уахап Қыдырхан, т.б. кездесулер өтіп, 70-80 жылдары аудан жастарынан құралған вокалды-аспапты ансамбльдің жетекшілері, әншілері болған, бүгінде еліміздегі танымал жұлдыздарға ән жазып, өңдеп беріп жүрген жерлестеріміздің ретро-фестивалі өтіп, кейінгі буын жастар үшін тәрбиелік мәні зор шаралар ұйымдастырылды. .
Осы шаралардың ауқымы биыл одан ары кеңейтіліп, жаңа жобалар қолға алынуда.

Биыл Шіліктіде ашық аспан асты музейінің құрылысы басталады, сонымен қатар ішкі туризмді дамытуда жоспарлы жұмыстар қолға алынып, туристік кластерлер заманға сай дамытылуда. «100 жаңа есім» жобасы аясында жеңімпаз атанған облысымыздың тумалары, ағайынды Ержан, Қуаныш Жұмабековтермен кездесу өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ маусым айының соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Астананың 20 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтпек. Шілде-тамыз айларында Голливуд жұлдыздарының Зайсан өңіріне туристік сапары ұйымдастырылады. Зайсан қаласының 150 жылдығына орай қазан айында Алматы қаласында Зайсан ауданының рухани-мәдени күндері өтеді. Рухани жаңғыру саласында тиісті міндеттер өзінің жалғасын табады.

Зумрад Дүйсенбаева,
Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button