Қоғам

Алматыда биіктен көрінді

Алматыда биіктен көрінді


Үржарлық оқушылар Алматыда скайраннингтен (тауға жүгіріп шығу) өткен ел біріншілігінде жеңіс тұғырынан көріне білді. Жарыс шарты бойынша қатысушылар биіктігі 4 056 метрді құрайтын Нұрсұлтан шыңын бағындыру керек болатын.

Айта кетейік, кейінгі кезде Үржарда скайраннингпен айналысушылар саны біршама артқан.

Жалпы, бірнеше шақырымға созылатын бұл жарыс спортшылардан үлкен дайындықты талап етеді. Себебі, жол түрлі кедергілерге толы болады.

Жарысқа қатысушылар алдымен жасыл желекті атыраппен өтсе, кейін ірілі-ұсақты жартастарды артқа тастады, ал ең соңында қарлы, мұзды шыңға шықты. Шыңға шығу шамамен үш сағатқа созылды.

Мәре сызығын алғашқы болып кескен спортшылар ұйымдастырушылар атынан медальдармен марапатталды. Мәселен, 12-14 жас аралығындағы қыздар бәсекесінде Нұршашу Жақиянова бірінші, Аяжан Қырықбаева екінші орындарды иеленді. Дәл осы жастағы ұлдар сайысында Нұрхат Әбенов екінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ, Ақжан Сәкенова мен Кристина Мудрова да жүлдесіз қалмады.

Бұл жарысқа жас спортшыларды дайындап апарған бапкерлер Радик Бөкебаев, Тимур Қыржыбаев және Мұхит Бұланбаевтың еңбектерін ерекше атап өткен орынды.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button