Алматыда аппақ қар, көктайғақ, тұман
Ауа райын зерттеуші мамандар Универсиада ойындары кезінде Алматыда күн ашық, қар жаумайды, спортшыларға қолайлы болады деп сәуегейлік танытқан еді. Алайда сейсенбі күні таңғы бестен бастап толассыз қар жауып, еріп, көк тайғақтан бірнеше көлік соқтығысып қалды. Ақпарат құралдары өкілдерін жарыстарға апаратын автобустар да көк тайғақта әрең қозғалып, маршруттарын сәл алға жылжытты. Жансүгіров көшесіндегі екі көлік апатынан екі адам жарақаттанды. Тіпті жарысқа барар жолда дәу «КамАЗдардың» тұрған орнынан жылжи алмай, аударылып қалғанын көрдік. Ауа райының тұманды болуынан Медеу мен Шымбұлақтағы сноуборд, шаңғы қоссайысы, әйелдер арасындағы супергигант жарысы бірнеше сағатқа кешікті. Әлі есімізде, 2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындарында Табаған мен Шымбұлақтағы сайыстар бірнеше рет кейінгі күнге шегерілген. Мұндай жағдайды бұрын да бастан кешкенбіз. Мәселен, 2006 және 2014 жылғы Турин, Сочи Олимпиада ойындарында да ауа райы екі қалада 20 градус жылылыққа жетіп, Қап тауы мен Альпіде жасанды қармен жүгірген жанкештілердің жан алысып, жан беріскен сайыстарын тамашалағанымыз есте. Демек, қалай болғанда да Универсиада уақытында жалауын түсіреді.
ШВЕЦИЯНЫ ЕҢСЕРДІК
Алайда, ауа райының құбылмалы болуына алаңдап тұрған жанкүйерлер жоқ. «Қазақстан-Швеция» құрама командалары арасындағы кездесуге көрермендер көп жиналды. Екінші кездесуін де жерлестеріміз қарқынды бастады. Бірінші кезеңнің екінші минутында жерлесіміз Кирилл Савицкий айласын асырып, бірінші шайбаны Хансен қорғаған қақпаға топ еткізді. Арада 15 минөттен кейін Ярослав Евдокимов шведтерге тағы бір шайба соқты.
Екінші кезеңде де студенттер құрамасы бірден шабуылға шықты. Ойынның 35-ші минутында тағы бір жерлесіміз, Өскеменнің «Торпедо» командасының ойыншысы Константин Савенков үшінші шайбаны салды. Ал үшінші кезеңнің 49-шы және 56-шы минуттарында Сагадеев пен Гренц (Михайлис) есепті 5:0-ге жеткізді. Сөйтіп Қазақстан құрамасы бір медальдан үміткер екенін дәлелдеді. Ол қандай? Алда Чехия, Ресей, Канада құрамаларымен жауапты кездесулер тұр.
Жарыс басталар алдында Олимпиада ойындарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің «Бұл жолы да жігіттеріміз намысты қолдан бермес. Швецияның шайбалы хоккейі «әлемдегі мықтылардың бірі болса да біз жеңеміз» деп айтқаны дәл келді. Словакия АҚШ құрамасын 4:1, ал Жапония Кореяны 5:1 есебімен еңсерді. Өкінішке орай, бұрымдыларымыздың шамасы белгілі болып қалды. Олар екінші ойында тізе бүкті. Шайбалы хоккей кең тараған ойын болғандықтан оған қызығушылық танытқандар мол. Тіпті, билет таба алмай жүргендерді кездестірдік. Орталық стадионның алдында билеттерді арзанға сатып алып, оны қымбатқа өткізіп жүрген бірнеше адамды полиция қызметкерлері құрықтады.
«МЕДАЛЬ ПЛАЗАДА» КҮНДЕ САУЫҚ
…Универсиаданың спорттық аренаға жатпайтын бір ғимараты бар. Оны өткізушілер Республика Сарайы алдын таңдап, алдына бірнеше киіз үй тігіп, күнде кешкі 20.00-де Универсиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне медальдарды салтанатты жағдайда тапсырады. Қауіпсіздік шаралары күшейтілген деп жоғарыда айтқанбыз. Республика Сарайына тек бір жерден, алдынан ғана кіре аласыз. Онда да құжаттарды көрсетіп, мұқият тексергеннен кейін ғана алдына өтесіз. Бірінші күні саңлақтарға марапатты Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов тапсырды. Екінші күні жеңімпаздарды Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтады. Фристайлдың акробатика түрінен чемпион атанған саңлақтар келесі күні де намысты қолдан бермес деген ойдамыз. Ауа райының қолайсыздығы Г.Вишневскаяға чемпиондық тұғырға көтерілуге кедергі жасады. Алтын алатыныма сенемін, дейді семейлік ару қыз.
«Медаль Плазаға» жиналған алматылықтар мен қонақтар музыка ырғағымен билейді, «Гаудемаусты» бірге шырқайды. Жеңімпаз атанған елдің тулары аспанда қалықтап, сосын төмен түседі. Ұйымдастыру комитетінің ойлап тапқан саңлақтарды құрметтеуі жарасымды.
Универсиада чемпионы өзін-өзі жеңді
Алматыда өтіп жатқан XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың үшінші жарыс күнінде Қазақстан қоржынына екі алтын, бір күміс және екі қола медаль түсті. Күміс жүлдені биатлоннан жекелей сында өнер көрсеткен Галина Вишневская алды.
Теңіз деңгейінен 1500 метрдей биікте жатқан «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан өткізілген қыздар арасындағы 15 шақырымдық биатлон бәсекесінде екі қызымыз олжа салды. Көкшетаудың тумасы Алина Райкова Универсиада чемпионы атанса, семейлік Галина Вишневская екінші орынға табан тіреді. Негізі біздің қызға сәттілік жетіспеді. Мәреден бірінші шығып, құстай ұшып жөнелген Галина қалың тұман мен қаба жауған қардан шаңғы жолын дұрыс көре алмай еңкейістердің бірінде мұрттай ұшып түсті. Таяғы сынды, винтовкасының диоптрі орнынан жылжып кетті. Сөйтіп жүргенде уақытты оздырып алды. Көңіл күйі бұзылды… Қысқасы, «жығылғанға жұдырық» болды. Дегенмен, бойындағы күш-жігері мен халықаралық додалардағы мол тәжірибесінің арқасында ол жағдайды түзетіп, ақыры Универсиаданың күміс медалін иеленді.
Алтын медаль да оңайшылықпен келген жоқ бізге. Ол үшін Алина бәсекелестерінен бұрын ең әуелі өзін-өзі жеңіп алуы керек еді және сол мақсатына жетті де. Бірінші екенін білгенде өзін ұстай алмай жылап жіберуі сондықтан болар.
– Мені кейінгі уақытта сәтсіздіктер төңіректеп кеткен. Бірде ауырып қалдым, енді бірде тағы басқа себептерге байланысты дайындығым көңілдегідей болмады. Кейде төрешілер нәтижелерімді есепке алмай қойды. Не қыласыз жолым бір болмады. Мұның бәрі маған психологиялық тұрғыдан қатты әсер етті. Өзіме деген сенімімді жоғалта бастаған едім. Сондықтан өз елімдегі бұл жарыста өзімді-өзім жеңіп, сенімімді нықтау керек болды, – дейді Универсиада чемпионы Алина Райкова.
Енді бір алтын жүлдені фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек иеленді. Аралас командалық акробатикадан сынға түскен қос саңлағымыз финалда қытайлық спортшылардан басым түсіп, екі сайыстың нәтижесінде 167,05 ұпаймен суырылып алға озды.
Екі қола медальды бес шақырымға із қуалап жүгірген шаңғышы Анна Шевченко мен 1500 метрге жүгірген конькиші Екатерина Айдова алып берді. Айтпақшы, Анна осымен айналдырған екі күннің ішінде екінші рет үздік үштікті түйіндеді.
Оңдасын Елубай,
Есімхан Орынбаев (фото),
Серік Әбілхан