Алматыда аламан басталып кетті
Алаш жұрты асыға күткен 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиаданың алауы жағылып, шымылдығы түрілді Алматыда. Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ және басқа мәртебелі қонақтардың қатысуымен ашылған салтанатты кеш аса жоғары деңгейде өтті. Он екі мың орындық «Алматы арена» мұз сарайын лық толтырған қалың көрерменнің алған әсері осыған саяды.
Астанадан басталып еліміздің облыс орталықтарында болған Алау эстафетасы қаңтардың 29-ы күні биылғы Универсиаданың астанасы – Алматыға жетті. Осы күні алаугерлер төрт сағат бойы ару қаланың орталық көшелерімен жүріп өтіп, Шымбұлақ, Медеу секілді көрікті жерлерінде болды. Жалпы ұзындығы 20 шақырымға созылған эстафетаға белгілі қоғам қайраткерлері, даңқты спортшылар мен еңбегі сіңген тұлғалар қатысып, шырақты алып жүру мәртебесіне ие болды. Олардың ішінде атап айтсақ, Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин, Ольга Шишигина, атақты балуан, жерлесіміз Дәулет Тұрлыханов, отандық кинорежиссер, продюссер Ақан Сатаев, конькимен жүгіруден Қазақстанның тұңғыш спорт шебері, КСРО еңбек сіңірген бапкері Май Хван сынды атағынан ат үркетін мықтылар бар.
Қолдан-қолға өтіп, Алатаудың бауырындағы алып шаһарды армансыз аралаған алау ақшам жамырағанда «Алматы аренаға» жеткізілді. Сол жерде еліміздің өңірлерінен әкелінген 15 алаумен қосылып негізгі отты тұтатты.
ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып өткізіп отырған бұл спорт мерекесіне қатысуға әлемнің 57 мемлекетінен екі мыңға тарта спортшы мен мыңнан астам ресми өкіл келді. Мұның сыртында олардың шашбауын көтергендер, туристік сапармен саяхаттап жүргендер қаншама. Ал қазақ даласының түкпір-түкпірінен дүбірлі доданы көзімен көруге ағылған жұрт туралы айтпай-ақ қояйық. Қысқасы, алдағы екі аптада оңтүстік астана қонақтан көз ашпайтын болады. Осыншама нөпір халықты ойындардың ашылу салтанаты өтетін «Алматы аренаға» сыйдыру да оңайға түспегені рас.
Заманауи спорт кешенінде қонақтарға арнап ұйымдастырылған ойын-сауық шаралары көптің көңілін көтеріп, туристердің қызығушылығын оятты. Отандық спортшыларға қолдау көрсетуді мұрат тұтқан фанаттар клубынан елге танымал цирк әртісі Мұрат Мұтырғановты көріп қалдық. Әйгілі әртіс жастардың жігерін жанып, рухын көтеретін ойындар ойнатып, жанкүйерлік қамымен жүр екен.
Универсиадаға шетелдіктер көп келетінін ескерген қазақстандық ірі сауда белгілері де қатардан қалмай өз өнімдерін жарнамалауға білек түріп кірісіпті. Бір байқағанымыз, отандық компаниялардың маркентингтік қадамдары жаңа деңгейге шығыпты. «Алтел», «Ксell», «Теле2» секілді байланыс операторлары клиент тартудың бұрынғы қарапайым әдісінен бас тартып, жаңаша тәсілдерге көшіпті. Компания өкілдерінің киім киісінен бастап адамдармен сөйлесу мәнеріне дейін өзгерген. Ал тұрмыстық техниканың ордасы атанған «Технодом» фирмасы қазақтың ұлттық киімін жарнамаға әдемі пайдалана білген. Қалай дейсіз ғой? Айтайын, қазақтың әдемі қыз-жігітін ұлттық кигізіп, үлде мен бүлдеге орап тұрғызып қойған. Мұны көрген туристер, ішінара өзіміздің отандастарымыз да бар қаптап келіп жарасымды жұппен фотосуретке түсіп мәз болды. «Арлан» театры тіккен ұлттық киімдер шынымен де кісі қызығарлықтай.
Мұз сарайының бір бұрышына Олимпиадалық ойындардың тарихынан сыр тарқататын фотосуреттер көрмесі қойылыпты. Сонау Римнен басталған ойындардың шежіресі кезең-кезеңімен жалғаса отырып Риоға дейін жеткен. Осы бәсекелерде топ жарған жеңімпаздар, мұрты бұзылмаған рекордтар мен қол жеткізген жоғары көрсеткіштер бәрі, бәрі фотосуреттермен, қысқа мәліметтермен берілген.
Көрмені аралап, ойын-сауықпен көңілдерін көтерген көпшілік ендігі қызықты Универсиаданың ашылу салтанатынан күткен еді. Онысы бекер болмады. «Алматы аренадағы» кереметті сарайда отырған он екі мыңнан астам көрерменмен бірге теледидар арқылы миллиондаған адам тікелей эфирде тамашалады. Тарихи оқиғаның куәгерлері болды. Оның бәрін тәптіштеп айтудың керегі жоқ шығар. Ең бастысы сонау көне түркіден жалғасқан қазақтың тарихы, дәстүр-салты, мәдениеті және басқа да құндылықтары жалпақ әлемнің алдында там-тұмдап болса да көрсетілді. Ұлттық рухы биік, мәдениеті бай, тарихы тереңге тамыр жайған ел екенімізді таныды.
– Бүгін Ұлы дала елінде үлкен спорт мерекесі. Санаулы сәттерден соң ақбас Алатаудың бауырында Универсиада алауы жағылады. Байрақты бәсекенің қызығын адамзат әлемнің әр түкпірінен тамашалайтын болады. Спорт – бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Жер жаһан көз тіккен бұл Универсиада нағыз жастық жігердің аламаны. Жарқын жеңістердің бастауы. Болашақ Олимпиада чемпиондардың мектебі. Алатаудың жауһар тәжіндей Шымбұлақ пен рекордттар ұстаханасы Медеу осы дүбірлі додада талай жаңа әсімдерді танытады деп сенеміз. Қысқы Универсиаданың ТМД елдері ішінде тұңғыш Қазақстанда өткізілуі Халықаралық студенттік спорт федерациясының құрамына кіретін 171 елдің бізге деген сенімі мен зор құрметі деп білеміз. Жастар жарысы қарсаңында Алматыда бірнеше жаңа стадиондар мен айшықты атлеттер ауылы салынды. Мұның бәрі отандық спорттың инфрақұрылымына салынған орасан инвестиция, жастарымыздың болашақта чемпион болып шығуына жасалған қамқорлық, – деп атап өткен Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осындай дүбірлі спорт мерекесі арқылы бүкіл әлемге татулық пен тұрақтылықтың, төзімділіктің қазақстандық үлгісі кеңінен насихатталатынын айтты.
Сонымен қатар, Елбасы ауқымды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық жауапты қызметтерге алғысын білдіре келе, осы жарыстарға арнап салынған нысандар болашақта бұқаралық спортты дамыту үшін қарапайым халықтың игілігіне жұмыс істейтіндігін ескертті. Басқасын айтпағанда атлеттер ауылында салынған жаңа тұрғын үйлер ертеңгі күні 1700 алматылықтың жайлы баспанасына айналмақ. Демек, жұмсалған қазына қаражаты текке кеткен жоқ.
Құрметті меймандардың ішінен құттықтау сөз сөйлеген Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин ең әуелі жарыс қожайындарының жоғары деңгейлі дайындығын ерекше атап көрсетті.
– Жарысқа арнап бірнеше жаңа нысан салынып, біразы қайта жаңартылды. Олардың барлығы да ең жоғары халықаралық талаптарға жауап береді. Универсиада тарихында бұрын-соңды баламасы болмаған Атлеттер ауылы бой көтерді. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының шарықтау шыңы бүгінгі ашылу салтанаты болып отыр. Биылғы додаға қатысуға келген елдердің рекордтық көрсеткішке жетуі де көп жағдайды аңғартады, – деді федерация басшысы.
Сондай-ақ, қатысушыларға Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах мырза да өзінің жүрекжарды лебізін бейнежазба арқылы жолдап, студент спортшыларға сәттілік тіледі.
Салтанатты кеш барысында бізді қуантқан тағы бір жайт, жергілікті жанкүйерлердің қолдау-қошеметі мен қонақжайлығы еді. Әрбір команданың өкілдеріне қызу қошемет білдіріп, ыстық ілтипат жасауы қатысушылардың да қабағын жадыратып, езулеріне күлкі үйірді. Тал шыбықтай майысқан арулардың себетке салынған тіл үйірер алматылық апортты қонақтарға ұсынуы да жағымды әсер қалдырды.
Сонымен алау жағылды. Қазақ елінің Президенті Универсиада ойындарын ашық деп жариялады. Ендігі бар үмітіміз спортшыларда.
Еріктілер – ел еркесі
…Сенбі күні Алматы-2 теміржол вокзалына келіп жеттік. Перронда үстеріне Универсиада формасын киген екі бойжеткенді кездестірдік. Олар Тараз қаласынан келген еріктілер екен.
– Волонтер болу үшін арнайы тестен өттік. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгергенбіз, шетелден келетін қонақтарды қарсы алып, оларға жөн сілтейміз, қажетті мағлұматтарды береміз. Алматыдағы Универсиада ойындарына дайындық тамаша екен, бізге киім, жататын орын берілді, тегін жұмыс істейміз. Қазақстанда Универсиада ойындарының өтуі керемет шара екені белгілі. Еліміздің барлық облыстарынан ең үздік деген үш мыңға жуық студент ерікті болуға ниет танытты, – деді өзін Эльвира деп таныстырған бойжеткен.
Алматының кез келген жерінен еріктілерді кездестіре аласыз. Біз «Grand Aiser» отеліндегі орталық аккредиттеу орталығына келгенде Шығыстан келген бірнеше еріктіні жолықтырдық. №16-шы орта мектептің түлегі Марат есімді азамат та ерікті болып жүр. Ол айналасы 20 минутта біздің құжаттарымызды реттеп, мойынға тағатын, барлық ойындарға кіргізуге қауқары бар бейджді жасап берді. Семейлік Дәулет Мыңбаев Семей мемлекеттік университетін бітіріп, мамандық алған соң Алматыдағы Асфендияров атындағы ұлттық мемлекеттік университетінде спорт дәрігері атағын алу үшін білімін жетілдіруде екен. Біз онымен «Қазақстан-Қытай» құрамасы командаларының кездесуінде жолықтық. «Ағылшын тілін жетік меңгеріп алдық, қазір спортшылар мен жанкүйерлерге қызмет көрсетудеміз», – деді Дәулет Салихұлы. Ал оның жанындағы ерікті Шыңғыс Жақып университеттің 6 курс студенті екен.
Алматыда күн жылы, бұдан үш-төрт күн бұрын жауған қалың қар асфальт жолдарда еріп кеткен, көшелер қап-қара, тайғақ емес. Көшелердегі Универсиада ойындары туралы жарнамалар алыстан менмұндалайды. Әсіресе, орталық стадионның жанындағы Балуан Шолақ спорт кешенінің жан-жағы ерекше, қызылды-жасылды жарнамаларда Алматыдағы Универсиадаға қанша мемлекеттен қанша спортшы келетіні, басқа да жарыстар өтетін жерге қалай баратыны жайлы мәліметтер көрсетілген.
Хоккей – рухы күштілердің ойыны
…«Халық Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан «Словакия-Ұлыбритания» хоккейшілерінің кездесуіне келдік.
Шайбалы хоккей Универсиада ойындарының бағдарламасына сонау 1962 жылы Швейцарияның Вилар қаласында жалауын желбіреткен додада тұсауын кесіп, оған бар жоғы 4 ерлер құрамасы қатысыпты. Ал шайбалы хоккейден әйелдер командалары арасындағы тартыс 2009 жылы Харбиндегі 25-ші Дүниежүзілік Универсиада бағдарламасына еніп, онда 6 құрама күш сынасқан. Еліміздің ерлер құрамасы 1993, 2013, 2015 жылы үш рет күміс, ал 1995 жылы алтын медальға ие болды. Алматыдағы аламанда Қазақстан чемпион атана ма, бірақ АҚШ, Канада, Ресей сияқты алпауыт елдерде шайбалы хоккейдің керемет дамығанын ескерсек, алғашқы үштікке енсек, жаман болмас деген ойда қалдық.
Словакияда шайбалы хоккей ерекше дамыған. Бұл елдің негізгі құрамасы Әлем чемпионаттарында сан рет жүлде терген.
Студенттер құрамасындағы тәжірибелі хоккейшілер ойын басталғаны сол еді, үшінші минутта алғашқы шайбаны тоғытып жіберді. Бірінші кезеңде олар қарсыластарына тағы екі шайба соқты.
Екінші кезең бастала салысымен тәжірибелі жігіттер тағы бір шайба соқты. Есеп 4:0. Үшінші кезеңде айқын басымдық танытқан словактар айқын жеңіске жетті. Есеп 9:0.
Ерлер құрамасы «Халық Аренада», ал әйелдер «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде жарыс көрігін қыздыруда. Хоккейді алматылықтар ерекше ұнатады екен. Біз оны Универсиада ойындары басталған алғашқы күні айқын аңғардық. Себебі, спорт додасын ұйымдастырушылар билет бағасын қолжетімді жасаған. Мәселен, «Халық Аренадағы» хоккей матчтарына бір билет бағасы 500-700 теңге болса, «Балуан Шолақтағы» баға тіпті арзан, небәрі 300-500 теңге. 29-шы қаңтарда Универсиада ойындарының ашылу салтанатына билет таппай сандалып қалғандар қатары көп. Тіпті сонау Зайсаннан Универсиадаға арнайы жіберілген үш азаматтың бірі-құрдасымыз, спорт ардагері Зайсанбек Қажановтың «Ашылу салтанатына билеттер түгел сатылып кетіпті, кешеден бері іздестіргенмен, нәтиже жоқ» деген алаңдаушылығына жауап таба алмай қиналдық. Ал тіркеуден өткен бірқатар журналист әріптестерімізді ашылу салтанатына қатыстырмағаны түсініксіздеу болды. Артынан естідік, тіркеуден өткен 700 журналистің 100-іне ғана ашылу салтанатына қатысу бақыты бұйырыпты. Себебі тіркелуден өтсең де қосымша билет болғанда ғана «Алматы аренаға» кіре алады екенсіз.
Қытай құрамасымен бұрын да сан рет кездескен сыралғы жерлестеріміз шабуылға бірден шықты. Ойынның бірінші минутында шабуылшы В.Гревенщиков алғашқы шайбаны соқты. Арада 27 секундтан соң есеп 2:0-ге жетті. Қытай құрамасы біздің хоккейшілерге ешқандай қарсылық көрсете алмады. Бірінші кезең 9:0 болып аяқталды. Қорытынды есеп 22:0. Универсиаданың бірінші күні тағы бірнеше кездесулер өтті. Латвия құрамасы Жапониядан 4:3 есебімен басым түсті.
Сонымен тартысты ойындар басталып кетті. Енді жерлестеріміз биатлоннан, шаңғы, фристайлдан жарыс жолына шықты. Олар жайлы келесі санда хабардар етеміз.
Алғашқы қола медаль
Алматыдан 40 шақырым жерде «Алатау» шаңғы-биатлон стадионында дүйсенбі күні қыздар арасында 5 шақырымға шаңғымен классикалық жүгіруден біріншілік болып өтті. Оған Қазақстаннан халықаралық, ел біріншіліктерінде көзге түсіп жүрген қыздарымыз қатысты. Өкінішке орай, алтын медальдың ауылы алыстап кетті.
Әу баста ресейлік шаңғышылардан қауіптенген едік. Лилия Васильева, Анна Нечаевская қарқынға қарқын қосып жерлестерімізге қара көрсетпеді. Алғашқы екеуі алтын мен күмісті иеленді. Васильеваның көрсеткіші 14 минут 8,6 секунд. Аннаның уақыты – 14,21.9. Павлодарлық Анна Шевченко екінші орындағы ресейліктен небәрі 2 секунд қалып қойды. Нәтижесінде ерке Ертістің ару қызы қола медальды қанжығаға байлады.
Жарыс басталар алдында біз Риддердегі дарынды балаларға арналған олимпиадалық резерві спорт-интернат-колледжінің директоры Владимир Кнаубты жолықтырған едік. Ол Риддер спорт мектебінде оқыған шәкірттерінен үміт күтетінін, алайда олардың жақында ғана халықаралық жарыстарға қатысып, шаршап қалғанын айтқан еді. Оның күдігі расқа айналды. №44 болып жүгірген Анжелика Тарасова шаршап қалған ба, сылбыр қимылдап мәреге әрең жетті. Нәтижесінде 25-ші орынға табан тіреді.
Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Ирина Быкова 10-шы, Ольга Мандрика, Анна Стоян 12-13-ші, Ангелина Шурига 18-ші орынды қанағат тұтты.
Сонымен алғашқы қола қоржында. Ерлер арасында шаңғымен классикалық жүгіруден Риддер спорт мектебінің түлектері ағайынды Сергей, Александр Малышевтар, шемонаихалық Иван Люфт жарыс жолына шығады деп күтілуде. Шымбұлақта сноуборд, тау шаңғысынан, Табаған спорт кешенінде фристайлдан медальдан үміткер Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаева, Маржан Ақжігіт жарыс жолына шықса, хоккейден «Қазақстан-Қытай» қыздар құрамалары арасында бәсеке өтеді.
Оңдасын Елубай,
Есімхан Орынбаев,
Серік Әбілхан,
Алматы.