Қоғам

Алматы төріндегі аламаннан не күтеміз?

Алматы төріндегі аламаннан не күтеміз?


Тауық жылы біз үшін табысты болғалы тұр. Тәуелсіз еліміздің тарихында қалар елеулі оқиғалардың басы Алматыда алауы жағылатын XXVIII дүниежүзілік қысқы Универсиадамен басталмақ. Бұл қазақ топырағында өткізілетін әлемдік деңгейдегі тұңғыш спорт мерекесі.

Келер жылғы қаңтардың 29-ы мен ақпанның сегізі аралығында Алатаудың теріскейін дүбірге бөлейтін студенттер додасы ТМД ауқымында алғаш рет біздің елде өткелі отырғанын бірінші кезекте айта кеткеніміз абзал. Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) қамқорлығымен жалауы желбірейтін жарысқа жер жаһанның алпыстан астам елінен екі мыңнан артық үміткер қатысуға құлшынып отыр. Ал оларға жанкүйерлік етіп, сондай-ақ, қазақтың қонақжайлығын сезініп, мұндағы кереметтерді көзімен көріп қайту үшін шамамен отыз мыңнан аса шетелдік мейман Алматыға ат басын бұрмақ. Сырттан келетін бұл қонақтарға, оның ішінде туристері бар, спортшылар мен бапкерлері, өзге де өкілдері бар қалың көпшілікке қызмет көрсетуге үш мың ерікті жұмылдырылатын болды. Ерікті жастардың барлығы арнайы оқу бағдарламасы бойынша алдын ала оқытылған. Олар түрлі халықаралық жарыстарда жұмыс істеген 150 үйлестірушінің дәрісін тыңдап, тәжірибелерін шыңдап, айтулы шараға атсалысуға тас-түйін дайын.

Байрақты бәсекені өз деңгейінде өткізудегі аса жауапты міндеттің бірі – қауіпсіздік шаралары. Бұл қызметті мінсіз орындауға күш құрылымдарынан 6,5 мыңнан астам өкіл тартылатыны да мәлім болды.

Универсиададан тікелей хабар тарату қызметі сексеннен астам мемлекетте жүргізілсе, бір миллиард адам оны теледидар мен интернет желісі арқылы тамашалауға мүмкіндік алады.

– Біз ТМД кеңістігінде бірінші болып қысқы Универсиаданы өткізбекшіміз. Мазмұны мен ауқымы жағынан Олимпиада ойындарынан кейін тұрған мұндай спорт сайысына тыңғылықты дайындалдық. Қазақстан құрамасы қазір толық жасақталды. Былтыр Гранадада (Испания) өткен қысқы Универсиадада студенттеріміз спорттың жеті түрінен ғана сынға түссе, алдағы бәсекеде барлық 12 түрінен өнер көрсетеміз, – дейді Қазақстан студенттік спорт федерациясының басшысы, жерлесіміз Қайрат Закирьянов.

Федерация жетекшісінің айтуынша, Алматыдағы аламанда 64 елдің құрама командалары бақ сынауға әзір екендіктерін жеткізген. Бұл – рекорд! Осыған дейінгі Универсиадаларда мұндай көрсеткіш тіркелмепті. Ең көбі 2011 жылы Түркияда өткен жарысқа 52 мемлекеттен командалар қатысқан. Сондықтан бұл жолы бәсекелестік те жоғары деңгейде болмақ. Соған қарамастан жарыс қожайындары алдағы сында төмен нәтиже көрсетпеуге бекініп отыр.
Естеріңізге сала кетсек, былтырғы Гранада Универсиадасында жерлестеріміз бес алтын мен алты күміс жүлде иеленіп, медаль есебі бойынша Ресей мен Кореядан кейін үздік үштікті түйіндеген. Ендігі мақсат сол жетістікті қайталау, қолдан келсе жақсарта түсу.

Қазақстан студенттік спорт федерациясының басшысы Қайрат Закирьяновтың айтуынша, қысқы Универсиаданы өткізу идеясы осыдан он жыл бұрын туған. Кейін бұл ұсыныс тиісті орындарға жетіп, 2011 жылдың қараша айында Брюссельде FISU атқарушы комитетінің отырысында Алматы мен Трентино (Италия) қалалары 2017 жылғы Универсиада қожайындары атану үшін таласқа түседі. Дәстүр бойынша FISU алқалы жиын алдында рейтингтік дауыс беру шарасы өткізіліп, нәтижесінде Алматы басым дауысқа ие болады. Сөйтіп, айтулы спорт мерекесінің жауапкершілігі мойнымызға жүктелді. Оған қоса 2011 жылғы Азиада ойындарын өз деңгейінде өткерген тәжірибеміз бен сол кезде салынған спорттық нысандардың халықаралық талаптарға сай келуі де мәртебелі мамандардың біздің пайдамызға шешім шығаруына мүмкіндік туғызды.

Таразының басы пайдаға ауып тұр

Медальдың екі жағы болатыны сияқты мұндай ауқымды шараны өткізудің шығыны мен пайдасы қатар жүретіні заңдылық. Шығынға келсек, әу баста Универсиаданың бюджеті 32 млрд. теңге төңірегінде белгіленген. Алайда, бұл сома кейіннен екі есеге дейін қысқартылып, 17 млрд. теңге мөлшерінде қалды. Бірақ мамандар бұл қысқартудың сапаға ешқандай кесірі тимейтінін ескертеді. Өйткені, спортқа еш қатысы жоқ шығындар ғана азайтылған. Дәлірек айтқанда, 1,2 млрд. теңге ашылу мен жабылу салтанатына жұмсалатын қаражат есебінен қысқарса, тағы 1,5 млрд. теңге түрлі мәдени шаралардан, жарнамалар мен маркетингтік жұмыстардан үнемделген. Қызмет көрсететін көліктер де бастапқыдағы секілді бір млрд. теңгеге сатып алынбай тек уақытша жалға алынатын болды. Спорт нысандарында сынақ жарыстарын өткізуге жоспарланған 500 млн. теңге ақша да қысқартылды. Мұның сыртында түзетуге ұшыраған өзге де шығындар бар.

– Біздің алдымызға нақты тапсырмалар қойылы. Біріншіден, Универсиада жоғары деңгейде өтуі тиіс. Екіншіден, бюджетті толық меңгеру міндетті емес, бөлінген қаржыны үнемдеуіміз қажет. Яғни, бөлінген 17 млрд. теңге бәріне жетіп, артылып қалып жатса, қалғанын қазынаға қайтарамыз, – деп түсіндірді журналистерге «Универсиада-2017» ұйымдастыру комитетінің директоры Әсет Әбдуәлиев.

Бүгінгідей дағдарыс кезінде 17 млрд. теңге де аз сома емес, әрине. Дегенмен шыққан шығынның қайтарымын есепке салсақ таразының басы пайдалы жағына қарай ауатыны сөзсіз. Бұл ең алдымен – туризм. Шаш етектен табыс әкелетін саланың тамырына қан жүгіртуге ықпалы зор. Екіншіден, қазақстандықтардың салауаттылық салтын ұстануына, елдегі бұқаралық спорттың серпін алуына септігін тигізеді. Еліміздің басты байлығы адам капиталы екенін ескерсек, халықтың денсаулығын нығайтудан, спортты дамытудан ұтпасақ ұтылмаймыз.

Сондай-ақ, Универсиадамен бірге Алматы қаласы қайта түлеп, жаңа нысандар бой түзеді. Инфрақұрылым мәселелері оң шешімін тауып, экология, көлік, сервистік қызмет салалары жаңа деңгейге көтеріледі. Ал спорттық нысандар жарыстан кейін жабылып қалмай, Президент тапсырмасы бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе, жастарға қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде елдегі бұқаралық спорттың тынысын ашып, құрама сапына үміткер спортшылар қорын жасақтауға септеседі. Отандық спорттың деңгейі өседі.

Алтын алуға үміткерлер кімдер?

XXVIII қысқы Универсиадаға Қазақстанның атынан барлығы 196 спортшы қатысады. Аузы дуалы сарапшылардың алдын ала жасаған болжамына сүйенсек, алдағы аламанда ел қоржынына алтын жүлде салуы ықтимал спортшылар көшін конькимен мәнерлеп сырғанаудың хас шебері, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен бастап тұр. Одан кейін алтын медальға шамасы жетеді-ау деген спортшылар қатарында фристайлшы жерлестеріміз Юлия Галышева, Павел Колмаков және Дмитрий Рейхардты, талантты қыз Жанбота Алдабергенованы атауға болады. Шығыстың намысын қорғайтын спортшылардың халықаралық жарыстарда жинаған тәжірибесі мол, шеберліктері шыңдалған. Мәселен, Юлия 2015 жылы Крайшбергте (Австрия) өткен Әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізсе, сол жылғы Гранада Универсиадасында алтынмен апталған. Испан жерінде өткен дәл осы бәсекеде Павел Колмаков алтын, ал Дмитрий Рейхард күміс жүлдені иеленген.

Жанботаның да алған асулары аз емес. Алғашқы қадамын Сочи Олимпиадасында бастаған ол төртжылдық додасында алтыншы нәтиже көрсетсе, 2015-2016 жылғы маусымда Еуропа кубогының абсолютті чемпионы атанды. 2015 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Жанботаның фристайлдың акробатика түрінен Универсиадада топ жаруына мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, конькимен жүгіруден сынға түсетін Екатерина Айдова, Роман Креч, Федор Мезенцевтің, шорт тректен Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша, Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев бастатқан ерлер құрамасының жеңіс тұғырынан көрінуге әлеуеттері жетіп тұр.
Құралайды көзге атқан биатлоншыларымыз Галина Вишневская мен Алина Райкова да байрақты бәсекеде олжа салуға дайын. Бұл екеуі де 2015 жылғы Универсиадада қанжығаларын майлаған мықтылар. Сол жарыста көкшетаулық Алина Райкова алтын медаль еншілесе, семейлік Галина Вишневская күмісті қанағат тұтты. Керек десеңіз біздің қызды, Галинаны айтам, сарапшылар әйгілі биатлоншы, Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталеваның ізбасары атап жүр. Ол да тегін емес. 2012 жылы Инсбуркта (Австрия) өткен жасөспірімдер Олимпиадасының күміс, 2011 жылғы Азиада ойындарының алтын жүлделерін және басқа да толып жатқан марапаттарды иеленген жерлесіміздің алдағы жауапты сында жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырысатыны анық.

– 2015 жылғы қысқы Универсиадада біз фристайлдың могул түрінен екі бірдей алтын медаль олжаладық. Осы жетістікті Алматыда да қайталауға күш саламыз. Алдағы жарыста топ жаруға Юлия Галышева мен Павел Колмаковтың мүмкіндігі жоғары. Ал шаңғымен трамплиннен секіруде Жанбота Алдабергеноваға сенім артамыз. Бұдан басқа да спорт түрлерінен жүлдегерлеріміз шығуы тиіс, – деп атап өтті фристайлдан мемлекеттік жаттықтырушы Қазбек Иманғали.

Егер сенім артқан саңлақтарымыз өз деңгейінде өнер көрсетіп, бағы мен бабы қатар шауып жатса, ел құрамасының жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көрінуге әлеуеті әбден жетеді. Әзірге көздеген межеміз екінші орын. Одан биік секіріп жатсақ, әрине құба-құп. Тек кейін сырғымауымыз керек. Соған жеткізсін.

XXVIII дүниежүзілік студенттер ойындарына Шығыс Қазақстаннан 61 спортшы қатысады. Олардың толық тізімі мынадай:

Фристайл: Павел Колмаков, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Ақжол Заманбеков, Аяулым Әміренова, Константин Горлачев, Александр Геберт, Олег Цинн, Иван Геберт, Никита Чарушин.

Тау шаңғысы: Никита Калюжнов, Александр Костров, Виталий Шмаков, Захар Кучин, Ирина Молостова, Екатерина Карпова, Мария Анташкевич.

Шаңғы жарысы: Максим Серов, Иван Люфт, Азамат Нұрғазин, Никита Жарносенко Дмитрий Шубин, Сергей Наконечный, Денис Загайнов, Әсет Дүйсенов, Анастасия Слонова, Ангелина Шурыга, Әйгерім Тұрсынханова, Яна Пак, Екатерина Фисун, Анжелика Тарасова, Марина Матросова.

Биатлон: Владислав Лешко, Вадим Юшин, Василий Подкорытов, Руслан Бесов, Владислав Миропольский, Владислав Витенко, Сұлтан Хаметов, Мұрат Мұсылманов, Антон Кастусев, Ілияс Нұрланов, Вадим Иванов, Галина Вишневская, Елизавета Бельченко, Валентина Сауленко, Людмила Науменко.

Сноуборд: Дарья Слободкина, Дмитрий Егоренко, Ролан Садықов, Ксения Тупик.

Конькимен жүгіру: Әсет Керімов, Эльвира Халикова, Андрей Боровских.

Шаңғымен трамплиннен секіру: Роман Ногин, Сергей Ткаченко.

Шаңғы қоссайысы: Эльдар Орусаев, Вячеслав Бочкарёв.

Керек дерек

Универсиадаға Қазақстан сонау 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдар аралығында спортшыларымыз әртүрлі дәрежедегі 125 медаль жеңіп алды.

Спорт түрлері

2017 жылғы қысқы Универсиада спорттың 12 түрінен өтеді. Олар: биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей, шорт-трек.

Спорттық нысандар

Универсиада қатысушыларын қабылдауға Алматы қаласындағы сегіз спорт нысаны сақадай сай тұр. Олар: «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, Алматы арена, Халық арена. Бұлардың соңғы екеуі Универсиада үшін арнайы салынған. Одан бөлек, аталған жарыстың тарихында алғаш рет атлеттер қалашығы салынды Алматыда.

«Mega Alma-Ata» ойын-сауық кешенінде дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ресми тикет-офисі ашылды. Бұл жерде әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға билеттер сату жүзеге асырылады. Яғни, ардагерлер, мүгедектер және студенттер жеңілдетілген бағалармен билеттер сатып ала алады. Сонымен қоса, мұнда билет ауыстыруға, қайта өткізуге, шот-фактура алуға, ақшасыз төлемдерді жүзеге асыруға болады.

Біле жүріңіз

Универсиада-2017 ойындарының бойтұмары ретінде жылдамдық пен көкке асқақтауды, жеңілдікті, қуатты және жеңіске құштарлықты – нағыз жас спортшыларға тән қасиеттерді бейнелейтін қазақ даласының ежелгі ерікті және қайратты мекендеушісі болып табылатын жас Сұңқар құсы таңдалды.
Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге табысталатын медальдар классикалық үлгіде алтын, күміс және қолаға ұқсайтын металл қорытпасынан жасалған. Ол еліміздің Теңге сарайында шеку тәсілімен, түрлі-түсті эмаль қолдану арқылы дайындалған. Муар лентасына Универсиаданың логотипі қондырылған. Медальдың бет жағында FISU-дің логотипі, ойындардың атауы және өткен орны бейнеленген. Сырт жағында Универсиаданың логотипі тұр.

Алматы төріндегі аламаннан не күтеміз?

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button