Қоғам

Қалмақтың батырын қашанғы дәріптейміз?

Қалмақтың батырын қашанғы дәріптейміз?


Күршімнің аты озып, атағы жайылған сайын осы бір ой мазалайды мені. Жасырып қайтеміз, Күршім қалмақ батырының есімі болғаны кәрі тарихтан мәлім. Ал оның көзін құртқан баһадүр Көкжал Барақ екені және шындық. Ең өкініштісі сол, Барақтың бүгінгі ұрпағы бабасының қаны мен тері сіңген қасиетті жерді қалмақтың атымен атап отыр…

Күршім жері – Көкжал Барақтың қолы жоңғар шапқыншылығынан азат еткен, кейін хан кеңесінің шешімімен иелік етуге өзіне берілген киелі өлке. Ауданда бабамыздың 290 және 300 жылдық мерейтойлары дүркіреп өтті. Дарственное ауылына Барақ батырдың аты берілді. Аудан орталығына кіреберіс тасжолдың бойындағы бабамыздың табаны тиген Қарауылтөбеге батырдың ескерткіші орнатылды. Міне, батырдың киелі рухын бүгінгі ұрпақтары осылайша жаңғыртуда.

Бәрі жақсы. Десек те арман-тілегіміздің, өрелі ойымыздың түп төркіні, түйінді тұсы, шешімін таппай келе жатқаны өкінішті-ақ. Ол –Күршім ауданының атын Барақ батырға ауыстыру еді. Бұл туралы елге танымал, зиялылардың бірсыпырасы ой-пікірлерін айтқан, жазған. Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы, публицист, аудармашы, сыншы халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғаббас Қабышұлы: «Көне түрік тілінде «Алтынтау» мағыналы бүгінгі Кенді Алтайда, яғни Шығыс Қазақстан өңірінде өнегелі өмір кешкен тарихи тұлғалар аз емес. Солардың бірі Абылайханның қаһарман сарбазы Көкжал Барақ екен. Қазақ жерін басқыншылардан азат ету жолындағы шайқастардың бәріне дерлік қатысқан Көкжал Барақ батыр бір жолы бүгінгі Күршім жерінде жоңғардың атақты Күршім батырын да жер қаптырған.

Өмірде кереғарлық бола береді ғой. Оған бір дәлел – қанқұмар Күршімнің аты бертінде аудан, өзенге бұйырып, оның көзін жойған Көкжал Барақтың елеусіз қалғаны. Бұның масқарашылық екені айтылмай, жазылмай жүрген жоқ…» деп жазған еді.

Бұл мәселе республикалық, облыстық баспасөз беттерінде сан рет жазылғаны ақиқат. Тарихтан хабары бар қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі қалмақтың атындағы Күршім ауданын «Көкжал Барақ ауданы» деп атау жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдірген. Кезінде, Қасым Қайсенов, Қалихан Ысқақ және басқа көрнекті қаламгерлер «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Дидар» сияқты газеттерде жазған-ды.

Біздің де «Күршім атынан құтылып, ауданға Көкжал Барақ батырдың атын қою әділдік болар еді» деген ұсынысымызды облыстың басшылығы ауданға жолдаған еді. Жергілікті жұртшылық білсін, өздері шешсін деген ғой. Бірақ көпшілік жұрт бұдан бейхабар қалып, мәселе айналдырған бірнеше адамның қатысуымен шешіле салған болатын.

Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов Күршім ауданында өткен Көкжал Барақтың 290 және 300 жылдық мерейтойларына келіп қатысқан: «Батыр рухы, батыр есімі өзі өмірден өткелі талай жылдар болса да тарих қиянатын тартып келеді. Неге дейсіздер ғой? Осы Көкжал Барақтың қолынан қаза тапқан қалмақ батыры Күршімнің есімімен Күршім өзені, Күршім ауданы, Күршім елі, жері аталады бүгінде. Ал туған өлкесін, бүкіл қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткен, 40 жылдан аса Абы¬лай¬дың ақ туы астында қанды жорықтарға қатысып, хан батырлары қатарында болған, түменді басқарған қазақтың ғажап, әйгілі тұлғасы Көкжал Барақ тарихтан заңды орнын ала алмай келеді. Мен соған налимын! Батыр есімі ұрпақты ерлікке, бірлікке шақырып тұрған жоқ па? Неге Күршім ауданы Барақ есімімен аталмасқа!» – деген еді. Осыдан артық не керек?!

Социалистік Еңбек Ері, әйгілі атбегі, ғалым, шежіреші Бошай Кітапбаев ақсақал көзі тірісінде: «Совет сенің Көкжарлының қос батыры Қаратай мен Барақ жайында жазған дастандарың бабаларыңның киелі рухына көрсетілген сындарлы сый-құрмет, ұрпақтарына құнды тарту екені сөзсіз. Бұйыртса, оларға ескерткіш орнатылатын күн де алыс емес. Енді, Абылайхан құрметтеген Көкжарлының қос батырының атамекендерін өз аттарымен атаса нұр үстіне нұр болар еді. Осыған атсалысу керек», дегені бар. Абзал ақсақалдың бұл сөзін де естен шығармайық.

Оқырман қауым, аудан тұрғындары, бүкіл жұртшылық, шешімі табылмай келген өкінішті жайдың не екенін енді ұққан шығар. Олай болса, биыл аталып өтетін Күршімнің 90 жылдық торқалы тойына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында батыр бабамыздың атын ауданға беру туралы ұсынысқа қолдау көрсетіп, жеңіс тұғырына қондыратындай іс-әрекет жасалса нағыз жаңғыру сонда болар еді.

Советхан Қалиғожин
Өскемен

Осы айдарда

Back to top button