Алматыға алты оқушы барады

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай облыстық білім басқармасының «Дарын» орталығы 9-11-сынып оқушыларының арасында қазақ тілі мен әдебиетінен II республикалық Абай олимпиадасының облыстық кезеңін өткізді.
Өскемендегі Қазақстан-Американдық Еркін университетінің базасында өткен білім сайысына өңіріміздің аудандары мен қалаларындағы іріктеу айналымынан өткен 120-ға жуық дарынды оқушы қатысты.
Олимпиадаға қатысушылар эссе жазу және ауызша тапсырмалар орындау бойынша бақ сынады.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша I дәрежелі дипломмен Абай ауданы Шәкәрім атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Кәріпбаева, Алтай қаласы №9 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлу Әмірбекова, Аягөз ауданы №1 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айдана Төлегенова, Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Аружан Құмарбекова, Абай ауданы Қарауыл гимназиясының 11-сынып оқушысы Жанел Оралханова, Зайсан ауданы Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Дина Ұшқынқызы марапатталды.
Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды. Білім сайысының жеңімпаздары қаңтар айында Алматы қаласында өтетін II республикалық Абай олимпиадасына жолдама алды.
Айжанат Бақытқызы