Ағымнан жарылсам

Алмат САҚАТОВ, әртіс: – Өнердің қиындығын әкеммен бірге көріп өстім

Алмат САҚАТОВ, әртіс: – Өнердің қиындығын әкеммен бірге көріп өстім

Орыстың моншасын жалдап
тұрған кездеріміз де болды


– Туған жеріңіз Шығыс өңірі екенін білеміз. Марқакөлге жиі барып тұрасыз ба?

– Туған жерім Марқакөлге жылына бір рет барып тұрамын. Шамам келсе, жылына екі рет барғым келеді. Жасырмаймын, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін туған ауылыма барып, кішігірім шаруа қожалығын ашып, жеке іспен айналысқым келеді. Әйелім де бұған қарсы емес. Марқакөлдің жағасына барғанда кітап жазу да ойымда бар. Мен енді халықтың ортасында көп жүремін. Соған үйреніп те қалғам. Қай жерге барсаң да көпшіліктің назарында жүресің. Солай бола тұра жалғыздықты аңсайтын сәттерім жиі болады. Бұл – Робинзон Крузоның басында болған жалғыздық емес. Бірақ ешкім мені танымайтын, бөтен ортаға кеткім келетінін жасырмаймын. Өмірімді таза парақтардан бастағым келеді.

– Алмат, сіз қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Мараттай асылдың сынығысыз және әке аманатын абыроймен арқалап жүрген талант иесісіз. Әкеңіз өмірде де, өнерде де қандай ұстаз болды?

– Өмірде бір ғана ұстазым болды. Ол – әкем. Ес білгелі әкемнің Отанға, өз жұмысына деген сүйіспеншілігін көріп өстім. Сондықтан оның азаматтық ажарын, жарқын бейнесін жадымнан шығарған емеспін. Бала-шағасына киім, ойыншық әперу, «балам, бері кел, отыршы, әңгімем бар еді» деген нәрсе ол кісіде жоқ болатын. Мен ойлаймын, әкем бергісі келген тәрбиесін ісімен дәлелдеді. Әкемнің әр ісі балалары үшін қай кезде де үлгі болды десем артық айтқандығым емес. 1976 жылы әкемді Өскемендегі мәдени-ағарту училищесі оқытушылық қызметке жұмысқа шақырды. Барған бетте жағдайымыз керемет болды деп айта алмаймын, орыстың моншасын жалдап тұрдық. Өскеменнің суығы өтіп кетсе керек, анам ауыра бастады. Ал мен болсам, Жамбыл мектеп-интернатында оқыдым, қарындасым таңертеңнен кешке дейін үйде жалғыз қалады. Шыны керек, қатты қиналып кеттік. Содан не керек, біраз уақыттан кейін әкемді Семей облыстық драма театрының режиссерлігіне шақырды. Өйткені, ол кісі Мәскеудегі Б.Щукин атындағы жоғарғы театр училищесін бітірген болатын. Біліктілігін біледі ғой. Сөйтіп, ойда жоқта Семейге көшіп кеттік.

Көшкеніміз жақсы болған екен, бара сала 2 бөлмелі пәтерге ие болдық. Қуанышымызда шек болмады. Содан әкемнің театрдағы жұмысы қызу қарқынмен басталып кетті. Мен қастарында жүріп, өнердің қайнаған қазанында сол кездерден бастап пісіп жетілдім десем де болады. Сахнаға деген құлшынысым артты. Әнді де жақсы айтатынмын. Даусымның кереметтілігі сонша, білім алып жатқан Абай атындағы №16 мектепте «әнші бала» деген атқа ие болдым. Сәнді киінгенді ұнататынмын. Ол уақытта киім-кешек, өзге де заттар қат еді ғой. Әке-шешем реті келіп тұрғанда көктемде киесің деп кәстөм-шалбар, аяғыма лакталған туфли алып қойған. Бір күні мынадай жағдай болды. Семейде –45 градус аяз. Біздің үй мен Абай театрының аралығында 5 аялдама бар. Содан не керек, жаңағы әперген киімдерді, аяғыма жасыл туфлиді киіп алып, даланың суықтығына қарамай кетіп қалғанмын ғой. Үстімде пальто да жоқ, бірақ қолымда портфелім бар екен. Өзіме әлгі келбетім ұнаса керек. Жұрт көрсін деген ниетпен жаяу жүргем ғой. Соның кесірінен үсіп қала жаздап, бүйрегіме оңбай суық тиді. Соның зардабын әлі күнге тартып жүрмін ғой. Семей қаласында да ұзақ тұрмадық. Әкемді Марқакөл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырды. Ол жердегі табанды еңбегін ерекше атап өтуге болады.

Мәдениет үйін салдырды, қазіргі «Гүлдермен» деңгейлес «Ақ толқын» атты ән-би театрын құрды және «Үгіт» театрының да ашылуына себепкер болды. Сондай-ақ, үлкен-үлкен қойылымдарды сахналады. Әкемнің мықты режиссерлігінің арқасында спектакльдері талай өңірлерде жүлделі орындарға ие болғандығын да айта кетейін. Осындай ірі істердің басы-қасында жүргенде әкем екі өкпесіне суық тигізіп алды. Дәлірек айтсам, өкпе ауруына шалдықты. Күндіз-түні тамақ ішпей, шапқылай бергендіктен ағзасы шаршаған екен. Алты ай емделу керек болды. Бірақ әкемнің жоспарлаған жұмыстары көп. Сөйтіп, ауырып жатқан әкемді туберкулез емханасынан алып кетеді. Отыра да алмайды, төсекте жатқан күйінде дайындық жұмыстарын жүргізді. Мінекей, көрдіңіз бе?! Ол кісі өнер десе өзегін үзіп беретін осындай адам болатын. Мен осының бәрін көріп, санама құйып өстім.

Бір оқу орнында сегіз жыл оқыдым


– Алмат Маратұлы, біздің ұғымымызда, сатира – қоғамның ауыр жүгін арқалайтын жанр. Осы саланың қырағы сарбазы етіп тәрбиеленуде қандай ұстаздардың алдын көрдіңіз?

– Мен негізі тәртіпсіз студенттердің бірі болғам (күлді). Олай дейтінім, оқуға 1985 жылы түсіп, 1993 жылы әрең бітірдім. Негізі театр институтында 4 ақ жыл оқиды. Мен 8 жыл білім алдым. Әуелі Тұңғышбай Жаманқұлов пен Хадиша Бөкееваның класына түстім. Шыны керек, Хадиша апай маған сахнаны сүюді, сахнаны ешнәрсеге сатпауды үйретті. Өкініштісі, ол кісіден толық тәрбие ала алмадым. Өйткені, сол жылдары менің барлық достарым, сыныптастарым әскерге кетіп жатты. Өзіңіз білесіз, біздің кезімізде әскерге бармау деген өте ұятты іс болып саналатын. Керек десеңіз, Отанын құрметтемеумен барабар еді. Содан не керек, басқалар сияқты менің де әскери өмірді көргім келді, қолыма мылтық ұстағым келді. Бірақ, Тұңғышбай аға жібермейтінін айтты. Соған қарамастан, олар жазда гастрольде жүргенде мен әскерге кетіп қалдым. Отан алдындағы борышымды екі жыл Хабаровск қаласында өткердім.

Қайтып келгеннен кейін Шолпан Жандарбекованың курсына түсуіме тура келді. Ал ол кісі ұзын бойлы, гүрілдеген дауысы бар шәкірттерді үнемі қолдап жүретін. Сахнада Төлеген мен Қодар образдарын сомдай алатын жастарды іздейтін. Эстрадаға бару, «Тамашада» өнер көрсету деген мүлде сән емес еді ол кезде. Өйткені, «Тамаша» деген – Тұңғышбай, Құдайберген, Уәйіс, Тоқсын, Мейірман. Болды. Біз секілді жастарға «Тамашада» өнер көрсету деген түсінік болған жоқ. Содан Шолпан апайға келдім, кішкентаймын, дауысым да жетісіп тұрған жоқ. Сахнаға шығып, бірдеме орындайын деп жатсам ол кісінің айтатыны: «Айналайын, суырдың айғыры құсамай, әтеш сияқты шәңкілдемей кетші» дейтін (қарқылдап күліп алды). Бірге оқитын группаластарымның бәрі сымбатты, еңселі жігіттер болды. Шыны керек, оқығым келмеді. Оның үстіне қарындасым сары ауру болып сырқаттанып қалды. Күндердің күнінде ол маған жұқты. Тұмаумын деп жүре берген екенмін. Бірақ емделуіме тура келді. Сол себепті оқуды тастап кеттім.

Дегенмен Тұңғышбай ағамның курсына түссем екен деген ой маза бермеді. Көп кешікпей сол арманым орындалды. Мен әскерге кеткенге дейінгі курс бітіріп кеткен ғой, енді жаңа студенттерді қол астына алды. Мен де солардың бірі болып, қайта қабылдандым. Осылайша жалындаған студенттік өмірім қайта басталып кетті. Ерлан Біләлов, Дулыға Ақмолдаев, Асылбек Боранбаев, «Бауыржан шоудағы» әріптестерім Әбунасыр Серіков, Қуандық Шәкіржан, Нұрбек Мәдиев және басқалары бәріміз бір курста оқығанбыз. Ылғи «сен тұр, мен атайын!».

– Сол майданға кіл таланттарды, сүттің бетіндегі қаймақтарды баптаған Тұңғышбай Жаманқұлов өз студенттерінің басын біріктіргісі келмеді ме?

– Біріктіргісі келді. «Турандот» спектаклін бірінші сахналаған курстың біріміз.

– Солай бола тұра, 1993 жылы тұсауы кесілген «Бауыржан-шоу» театрына неге кетіп қалдыңыз? Ұстазыңыз ренжімеді ме?

– Ренжіді. Бауыржан ағадан ұсыныс түскені рас. Шыны керек, Бауыржан Ибрагимовтың атағы жер жарып тұрған кез. Қалай бармайсың? «Тамашадан» бөлініп, бірінші рет театр ашылайын деп жатыр. Қазір сондай өнер ордалары ашылыпты десе ешкім таңғалмайды ғой. Ал ол кездегі сезімімізді, қуанышымызды, тапжылмай еңбек етуге деген құлшынысымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Егер көзі қарақты көрерменнің алдында жарқырап көрінген сәтім болса, ол, әрине, Баукеңнің арқасы.

Ешкімге ұқсамайтын ерекше театр ашқым келеді


– 1998 жылы әкеңіз негізін қалап берген «Керемет» театрының бүгінгі бет алысы қалай?

– Асыл әкем сол кезде «Керемет» театрын қолға алайық, мен барынша көмектесем деген болатын. Бірақ, мен өзімнің қорқақтығыма, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргім келгендігіме әлі күнге дейін қатты өкінем. Қазір жанымда әкем болса, мен тынымсыз еңбектенер едім. Дәл бүгінгі күні бұл істі қолға алуға ниет те бар, ақша да бар. Бірақ, әкем жоқ. Сапалы дүние жазатын жанашырым жоқ. Сынаптай зулап күндер өткен сайын, өнерде бағыт-бағдар сілтейтін ақылшымның, қорған болар қамқоршымның жоқтығы жаныма батады. Қазір өнер ұжымымда Арман Саурықов, Алмаз, Еркін, Марғұлан атты төрт балам бар. Мен ойлаймын, олар әлі де болса, пісіп-жетілулері керек. Шамамның келгенінше, сахна мәдениетін үйретіп жатырмын.

– Сонда «Керемет» театрының басқалардан ерекшелігі неде болмақ?

– Әлі де ізденіс үстіндемін. Елімізде «Нысанаға» ұқсамайтын, «Бауыржан-шоуға» еліктемейтін, «Тамашадай» болмайтын өзгешелеу өнер ордасы болса екен деймін. Осы бағытта ойланып жүрмін. Шынымды айтсам, «интеллигентный» театр ашқым келеді. Ол үшін актерлердің бәрі кітапты көп оқыған, аса білімді болуы керек.

Қазіргі шәкірттеріме осы талаптарды қойып, тынбай еңбектеніп жатырмын. Алла сәтін салса, көктемде ашылып қалармыз. Құрамымызды әлі де болса толықтыруымыз керек. Сөйтіп, әкем негізін қалап берген театр үшін жанымды беріп, ыстығына күйіп, суығына тоңғым келеді. Әкеме жету қайда?! Бірақ сатира өнеріне сүбелі үлес қосып, өлшеусіз еңбек сіңірген Марат Сақатовтың атына кір келтірмеу үшін барымды саламын. Өйткені, әке аманаты, үміті деген қасиетті ұғымдарды терең сезінемін.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button