Өскеменнен Зайсанға бет алған АН-2 ұшағы жолай автокөлік жолына қонуға мәжбүр болды. Ұшақта науқасқа көмекке бара жатқан реаниматолог-анестезиолог Ермек Бекетаев пен облыстық санитарлық авиация бөлімінің фельдшері Антон Волков болған.
Мамандардың айтуынша, ұшақтың қозғалтқышы істен шыққан. Сондықтан Ұлан ауданы Алмасай ауылының тасжолына қонған. Ауыл халқы кездейсоқ жағдайға аң-таң болысып, әлеуметтік желіге видеолар жариялап жатыр.
– Зардап шеккен ешкім жоқ. Ұшаққа зақым келмеді. Ұшақ бортында экипаждың үш мүшесі мен екі медицина қызметкері болған, – деп жазылған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратында.
Didar газетінің тілшісі аудандық ауруханада жатқан науқастың хәлін сұрап білді.
– Науқас инсульт алып, үш күн бұрын келіп түскен. Қазір жағдайы бірқалыпты жақсы. Ары қарайғы тексеру үшін облыс орталығына бүгін алып кетуі керек болған. Ұшақ белгілі себеппен ертең келетіні хабарланды, – деді Зайсан аудандық ауруханасының бас дәрігері Жексенбай Тілеуберлин.
Тасқын Болатұлы