Қоғам

Алмас Атаев, балуан: – Дзю-до күресіне ден қоюыма бірден-бір себепкер болған – әкем

Алмас Атаев, балуан: - Дзю-до күресіне ден қоюыма бірден-бір себепкер болған - әкем

Белдескеннің белін қайыстырып, алысқанды алып ұрған кешегі сом білекті балуан бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары да осал емес. Жекпе-жек спортына жаны жақын қазақтың қарапайым жігіттері әлемнің кіл мықтыларын тізе бүктіріп, биік шыңдардан көрініп жүргені хақ. Солардың бірі – дзю-до күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмас Атаев. Жуықта дзю-до күресінен көптеген халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері – өскемендік Алмас Атаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Алғаш рет 12 жасында жарысқа қатысыпты

– Ауылдың қара табан балалары бертінге дейін есік алдында кіші-гірім спорт зал жасап, кір тасын көтеріп, көк майса шөптің үстінде күресіп, күш сынасып жататын. Солардың арасынан өзіңіздей халықаралық жарыстардың, Азияның, Қазақстанның чемпиондары да шықты. Ал сіз дзю-до күресіне қалай келдіңіз?

– Тамырында қазақтың қаны тулап жатқан әр біреуіміздің бойымызда күреске деген икеміміз, ебіміз бар деп ойлаймын. Мен өзім кішкентай кезімнен спортқа әуес болдым. Дзю-до күресіне ден қоюыма бірден-бір себепкер болған – әкем Жанәділ Атаев. Бір күні әкем маған «ертең самбодан сенің жасыңдағылардың жарысы болады, соған қатысып көр» деді. Ол кезде жасым 12-де еді. Оған дейін жарысқа шығып көрмегеніммен, әкемнен қалмай жаттығу жасап жүретінмін. Жарысқа қатысып, ойламаған жерден екінші орын алдым. Сол жарыс мені жігерлендіріп, спортқа деген қызығушылығымды одан әрі оятты. Облыстық, қалалық жарыстардан қалмай қатысып жүрдім. Содан бері дзю-до күресімен айналысып келемін. 15 жасымда бірінші рет шетелде болған жастар арасындағы халықаралық турнирге қатыстым. Жарыс Каирде өтіп, 60 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды ұтып алдым. Кейін Қазақстан чемпионатына 16 жасымда қатысып, үшінші орын алдым. Бірақ келесі жылы Қазақстан чемпионы атандым. Сөйтіп, шетелдерге шыға бастадым. Қазақстан құрама командасына ендім.

– Әкеңіз Жанәділ Атаев Шығыс өңіріндегі самбо спортын аяғынан тұрғызған спортшы десек артық айтпаған болармыз. Самбо және дзю-до күресінен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы екені де белгілі. Тағы қандай атақ-дәрежелері бар?

– Ең бастысы, ол балаларына дұрыс бағыт-бағдар, өнегелі тәрбие беріп келе жатқан асқар таудай әкеміз. Әкем мен үшін үлгі. Осы күнге жеткізген ата-анама Алла тағала ұзақ та бақытты ғұмыр берсін деймін. Әкем жас кезінен күреспен айналысып, маңдай тердің, қажырлы еңбектің арқасында үлкен-үлкен жетістіктерге қол жеткізді. КСРО-ның спорт шебері. Халықаралық дәрежедегі төреші. Қазақстанның спорт қайраткері. Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің профессоры. Зайсан ауданының Құрметті азаматы. Бүгінге дейін 120-дан астам спорт шеберлерін дайындап шығарды.

– Спорттағы өзіңіз бағындырған шыңдардың бәрін болмаса да, ең негізгілерін тізіп айтып берсеңіз…

– Құдайға шүкір, деймін. Спорттың арқасында біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Дзю-додан бірнеше рет халықаралық жарыстардың чемпионы және жүлдегері атандым. Қазақстанның да бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері деген атағым бар. 2005 жылы Бакуде өткен Әлем кубогының күміс жүлдегерімін. Катар астанасы Дохада өткен XV Азия ойындарында күміс медальға ие болдым. Италияның Турин қаласында ұйымдастырылған дүниежүзі шеберлерінің арасында топ жардым. Былтыр 2013 жылы Абу-Дабиде өткен Әлем чемпионатында қола медальға қол жеткіздім.

Боз кілемде – қарсылас, өмірде – дос

– Әсіресе, шетелде белдескен қарсыластардың жауырынын жер иіскетіп, көк байрағың көтеріліп, Әнұранның шырқалуына себепші болудың өзі – әркімге бұйыра бермес бақыт қой…

– Иә, шет мемлекетте қарсыластарыңнан бір басқа биік тұрғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көкке көтеріліп жатқанда ерекше толқисың. Кеудеңді керемет бір мақтаныш кернейді. Қаншама халықтың арасында қазақтың мықтылығын танытасың. Елің үшін теңізге тамған тамшыдай болсын үлес қосып жатқаныңды білесің. Осы сезім спортшыны одан әрі шыңдай түседі екен.

– Бозкілемдегі мықты қарсыластарыңыз кімдер?

– Шығыстағы Руслан, Рүстем Ақтаевтарды айтуға болады. Асхат Шахаров, Әділ Сексенбаев сынды мықты дзю-дошылар бар. Бірақ олар спортта қарсылас болғанымен, өмірдегі нағыз достарым. Тай-құлындай тебісіп, боз кілемде бірге өстік.

– Әсіресе, ауылдық жерлерде күреске, боксқа қатысамыз деп, күштерін көшедегі төбелеске жұмсайтындар жоқ емес…

– Ол дұрыс емес. Мұндай тентектік, біріншіден, баланың өзіне, екіншіден, ата-анасына, ұстазына байланысты. Бапкер дене жаттығуымен қатар, рухани тәрбие де бере білуі керек деп ойлаймын. «Ең мықты адам қарсыласын жеңген адам емес, өзін жеңген адам» дейді ғой. Сондықтан, күшің асып-тасып тұрса да, ұстамды болған жөн.

– Өзіңіз өскемендік болғаныңызбен, әке-шешеңіз қай өңірдің тумалары?

– Әкем де, анам да Зайсан ауданына қарасты Қарабұлақ ауылынан.

– Білуімізше, туған ағаңыз Әділ Атаев та спортқа жақын. Жалпы, отбасында неше бала өстіңіздер?

– Отбасымызбен спортқа жақынбыз деп айтуға болады. Әділ ағам – самбо күресінен спорт шебері. Ұлы Мәди Атаев та күреспен айналысады. Самбодан спорт шеберлігіне үміткер. Жанұяның тұңғышы, апайым Анар спортшы болмағанымен, ұлы Олжас – дзю-до күресінен, қоян-қолтық ұрыс бойынша спорт шебері.

– Немерелері де атасына тартқан екен ғой…

Ай туса, ол да тартар жарығына,
Су ақса, ол да тартар арығына.
Атаның кімнің текті, кімнің тексіз,
Түбінде тартады екен қалыбына, – депті ғой қазақ.

Шабыт келсе, өлең де жазады

– Айтпақшы, өзіңіз өлең жазуға да бір табан жақынсыз. Жуықта «Путешествие» атты кітабыңыз жарыққа шығыпты. Дегенмен, жігітке жеті өнер де аз. Тағы қандай өнер бар бойыңызда?

– Шабыт келгенде өлең жазатыным рас. Анда-санда қоңыр домбырамды қолыма алып, халық әндерін орындаймын. Өсиеті мол термелер айтамын. Ал жуықта шыққан кітабыма өмірдегі осыған дейін қорытқан ойларымды жазуға тырыстым. Бұйырса, қазақшасы да шығып қалар алдағы уақытта.

– Қазір облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасында қызмет атқарып жүрсіз. Спорттан алыстап кеткен жоқсыз ба?

– Спорттан алыстағам жоқ. Көптеген жарыстарда жеңіске жетіп, сол сәттегі қуанышты сезінгеннен кейін, спортты оп-оңай тастап кете алмайсың. Жұмыстан кейін уақыт тауып, спортзалға барып жаттығамын. Бір жағынан үлкен спорттан бірден кету денсаулыққа да кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан спортты өмір бойы бірге алып жүруге тырысамыз. Дзю-дода үлкен шыңға жетпесем де, «күрестім» деп ауыз толтырып айта аламын. Иә, қазір жастар саясаты басқармасында қызмет етіп жүрмін. Отаныма осы жұмысым арқылы да пайдамды тигізсем деймін.

– Өзіңіздің кіші Отаныңыз, отбасыңыз жөнінде айта отырсаңыз…

– Жұбайым Динара Мұстафа есімді ұлыммен декреттік демалыста отыр. Ұлым 7 мамыр – Батырлар күні 1 жасқа толды. Есімін Мұстафа деп атасы қойған. Үлкен қызым Камила 4 жаста. Жуықта көркем гимнастикадан 3 орын алды. Бұл – оның алғашқы жеңісі.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы

Тақырыпқа тұздық

– Жастардың арасында темекі шегу, арақ ішу деген әлі де бар. Тілін, дінін, ділін білмейтіндер көп. Жоғары оқу орындары ақша табу үшін заңгер де, есепші де, экономист те дайындайды. Кейбіреуі оқымай диплом алады. Дене шынықтыру факультетіне де кез келгені ақшасын төлеп түсе береді. Содан барып мектептегі мұғалімдер сапасыз білім береді. Айтайын дегенім, егемендігімізді ұстап тұру үшін, саналы-салауатты ұрпақ өсуі керек. Спорттық жарыстар ауылдарда өтуі тиіс. Қазақтың қазақтығын танытамыз десек, спорт пен мәдениетке көп көңіл бөлуіміз қажет, – деп ойын ортаға салды самбо және дзю-до күресінен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Жанәділ Атаев.

Осы айдарда

Back to top button