Руханият

Алманиямен арадағы байланыс бекиді

Алманиямен арадағы байланыс бекиді


Облыс әкімі Даниал Ахметов Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннермен кездесті.

Бұл Тило Клиннердің Шығыс Қазақстанға бірінші рет келуі екен. Сондықтан да болар, аймақ басшысы елшіге Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуетін жан-жақты сипаттап берді.

-Шығыс Қазақстанның индустриясы сан қырлы. Атом өнеркәсібінде Қытай, Франция елдерімен тығыз байланыс бар. Екі жылдан кейін Ақтоғай кен байыту фабрикасы толық салынып бітеді. Соның арқасында мыс өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға шығамыз. Әлемде берилий өндіретін үш зауыттың ең үлкені бізде. Сондай-ақ, әлемде өндірілетін тантал мен титанның 30 пайызы бізден шығып жатыр. Енді бұл сирек металдарды медицинаға кіріктіріп жатырмыз. Біздің өңір ғана жылына алты тонна алтын өндіреді. Бір облыс үшін бұл айтарлықтай әлеует, – деді облыс әкімі.
Қазақстанда судан алынатын энергияның 80 пайызын Шығыстың өзендері беріп отырғаны да айтылды. Аймақтың ауыл шаруашылығындағы әлеуетін іргеміздегі Қытай жоғары бағалап, серіктестікке жол ашып отыр.

-ШҰАР провинциясында біздің табиғи өнімдерге деген сұраныс жоғары. Онда 26 млн. халық тұрады. Жылдық жалпы ішкі өнімі 470 миллиард доллардан асады. Осындай алып нарыққа ұсынар әлеуетіміз бар. Соны іске жарату үшін заманауи технологияларға басымдық беріп отырмыз, – деді Даниал Ахметов.
Таулы, нулы болса да Шығыста бір миллион гектардан астам алқапқа егін егілетінін айтқан облыс басшысы өңірдің климаты өзімен бір белдеуде жатқан Канаданың Саскачеван өлкесіне ұқсас екенін жеткізді. Шығыстағы құнарлы алқаптың 32 пайызына майлы дақылдар, 42 пайызына дәнді дақылдар, 23 пайызына жемшөп егілген.

Облыс әкімі елші мырзаны жаз ортасында Алтайды аралауға шақырды.

-Жазда бұл таңғажайып өлкенің бай тарихымен танысуға болады. Соңғы жылдары мұнда ауқымды археологиялық зерттеулер жүріп жатыр. Былтыр ғана Елеке сазы дейтін жайлаудан тағы бір «алтын адам» таптық. Біздің заманымызға дейінгі бесінші ғасырға жататын көне жәдігер бұл өлкеде металлургияның тым ерте дамығанын айғақтайды, – деді аймақ басшысы.

Германия елшісі өз кезегінде Алтайға жасаған алғашқы сапарының үлкен маңызы бар екенін атады.

-Жалпы алғанда, Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың тамыры айтарлықтай терең. Бұл өңірге инновациялық технологиялар ұсына аламыз. Өйткені, дипломат ретінде Шығыс Қазақстанның индустриялық әлеуетінен хабардармын. Мұндағы экономиканың әртарапты болуы кез келген салада әріптестік орнатуға мүмкіндік береді, – деді Германия елшісі.

Сондай-ақ, ол Шығысқа келуіндегі басты мақсаты екі ел басшыларының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдердің жандануына тың серпін беру екенін атады.

-2016 жылы екі елдің басшылары шикізаттық серіктестік туралы келісімдерге қол қойған. Осы тұрғыда сіздердің өңірмен байланыс орнату Германия кәсіпорындары үшін өте қызықты, – деді Тило Клиннер.
Кездесу нәтижесінде екі арадағы байланысты нығайту үшін арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Бұл жұмыс тобы индустрия және ауыл шаруашылығы салалары бойынша серіктестік мәелелерін қарастырмақ.
-Германия Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық орталық құрған. Сол орталықтың біздің өңірде филиалын ашсақ деген ойымыз бар. Осы және өзге де идеяларымызды аталмыш жұмыс тобына ұсынамыз. Ал күзге қарай сол ұсыныстар бойынша нақты келісімдер жасалады, – дейді аймақ басшысы.

Осы айдарда

Back to top button