Қоғам

Алмандардың алаш жұртына алғысы шексіз

Алмандардың алаш жұртына алғысы шексіз

Солақай саясаттың дауылы қазақ жеріне қаңбақтай үйіріп әкелген қырық құрау ұлттың ішінде алмандар да бар еді. Алман ұлтының бірен-саран өкілі Шемонайха ауданының Сугатов және Пруггеров ауылдарында тұрып жатыр. Солардың бірі – Роммель Райнгольд есімді 78 жасар зейнеткер.
Роммельдің аталары бұл жаққа ХІХ ғасырдың аяғында қоныс тепкен екен. Патшаның рұқсатымен қазақ даласының құнарлы пұшпақтарын игеріп, қазынаға алым-салық төлеп тұруға міндет алған келімсектер үшін Шемонайха жері жұмақтай жайлы болса керек. Еркіндікке бойлары үйреніп, шала дәулеттене бастаған жартжұрттықтар бұл маңның байырғы атауын ұмытып, өздерінше Америка, Гнадинфель, Пруггеров, Кенюгхов сынды атаулармен алмастырады. Кейбірі өздерін қазақ даласында үндістерді тықсырған американдықтардай сезінсе, кейбірі оған «құтқарушы мекен» ретінде табыныпты. Роммель ақсақалдың айтуынша, «гнадинфель» сөзінің түпкі мағынасы құтқарушы жер деген мағынаны білдіреді екен. Ал Пруггеров пен Кенюгхов атауы бұл жаққа алғаш боп қоныс тепкен келімсектердің атынан алынған. Бара-бара бұл жердегі алмандардың саны көбейіп, тіпті, Канадада бизнесін дөңгелетіп жүрген ауқатты саудагер де жер шалу үшін Шемонайха жеріне саяхаттап келеді. Осы кезде бірінші дүниежүзілік соғыс тұтанып, саудагер Цвейциг әулеті бар дәулетінен ажырап, қандастарының қатарына қосылады. Бұлардың қатарын кейін 1941-42 жылдары депортацияға ұшыраған лек толықтырды.
Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес аумағын шарпыған сәтте ең бірінші болып ішкеріге жер аударылғандар да осы алман жұрты болатын. Соғыстан кейінгі халық санағы Қазақстандағы алмандардың саны 1939 жылғы санақ көрсеткіштерінен сегіз есеге көп екенін көрсеткен. Бір ғана Шемонайха кентінің өзіне алғашқы толқынмен 450 неміс ұлтының өкілі мәжбүрлі түрде қоныс аударған. Басқа-басқа, кеңес билігінің алмандарға деген көзқарасы тым қатал болды. Жол жөнекей буып-түйген мүліктері тоналды. Қоныстандыру өтемақасы бұларға жетпестен пышақ үстінен жымқырылды. Тіпті, жолда аштан қырылмас үшін бөлінетін азық-түлік те көшті ұйымдастырушылардың құлқынын толтырып жатты. Бұл туралы жас өлкетанушы Анна Таранованың зерттеулерінде де көптеген естеліктер берілген. Алғашында үйдегі арқасүйер азматтарының бәрін майданға аттандырып, қара жамылып отырған қарапайым халық та бұларға суық қарады. Осы себепті оларды бұрыннан алман әулеттері мекендейтін ауылдарға жіберуге шешім қабылданыпты.
– Әкем Яков айтып отыратын, алмандарды қыспаққа алу бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ басталып кетіпті. Өздері әрі-сәрі күйде отырғанда, үстеріне Поволжье мен Кавказдан, Саратов пен Сталинградтан, Батыс Оралдан депортацияланған қандастары қосылыпты. Бірнеше отбасы бір үйде күнелтуге тура келген. Кейін еңбекке жарамды алманның бәрі «трудармияға» алынып, үйде тек кәрі-құртаң мен бала-шаға қалады. Аштық пен суық қос бүйірден қысқанда, байғұс балалар қолдарына кесе ұстап ауылды адақтайды екен. Сонда қазақтар өз балаларының аш қалатынын ұға тұра, бұл сұранып кеп тұрғандар бауырлары мен әкелеріне қарсы оқ ататын жаудың қандастары екенін біле тұра, әлгілердің кеселерін сүтке толтырып жіберіп отырыпты, – дейді Роммель Райнгольд.
Соғыстың алғашқы көктемінде бірнеше неміс отбасы күзде орылмай қалған бидайды ұрлап жейміз деп уланып қырылған екен. Еңбек армиясында да алмандар ең азапты жұмыстарға тартылып, аштан өлудің алдында жүрді. Жоқтаушысы жоқ екенін білгендіктен, кез келген большевик оған тиесілі азық пен мүлікті иемденіп кете беретін. Тумысынан ақысыз еңбек етіп көрмеген алмандар құлдық өмірге амалсыз мойын ұсынды. Оларға ең ауыр тигені бұл да емес еді. Өз қолымен жасап шығарған әрбір оқ майданның қарсы шебіндегі қандасына бағытталатынын сезіну, олар үшін азаптың азабы-тын. Осының бәрінен аман өткен алмандар соғыс бітіп, комендатуралық бақылау алынған шақта да Шемонайха жерінен табан аудармаған. Тек КСРО ыдырап, Германия үкіметі қандастарын қабылдай бастаған кезде ғана үдере көшкен.
-1956 жылы комендатуралық бақылау жойылды. 1961 жылы мен әскер қатарына алындым. Үй-ішімізбен жарыла жаздап қуандық. Әскер қатарына алыну деген адам қатарына қосылу деген сөз еді. Әйтпесе, 15 шақырым жердегі базарға сүт-айранымызды сату үшін де коменданттан рұқсат қағазын алатынбыз. Оның өзі әр демалыс сайын бір ауылдан бес адамға берілетін. Біздерге фашист ұлттың өкілі деп сенбеді ғой. Ал егер ауылдан рұқсатсыз шықсаң, 20 жылға дейін соттатып жіберетін, – дейді Роммель қария.
Әскерден келісімен ауыл тіршілігіне белсене кіріскен кейіпкеріміз 20 жылдан астам уақыт бойы осындағы кеңшарды басқарды. 1992-93 жылдары үш ағасы Алманияға көшкенде де, кейін екі ұлы мен қызы тарихи Отандарына оралғанда да, Роммель ақсақал Шемонайхада қала берді. Қазір мұндағы ата-әжесін іздеп Еуропадан немерелері келіп тұрады.
-Ағаларымның балалары да, өз ұлдарым да мені Алманияға шақыра-шақыра жалықты. Маған Қазақ еліндегі еркін өмірім қымбат. Ауыр болса да, балалығым осында өтті. Ендігі арманым
бізді өгейсітпей бауырына басқан қасиетті қазақ жерінен топырақ бұйырса екен, – дейді қария. Ауласына кісі бойынан биік боп түскен қарды 78 жастағы Роммель бір өзі сыртқа тасып шығарады екен. Өткен жазда өзі жалғыз гараж салып алыпты.
-Жұмыс деген физикалық жаттығу ғой. Бойымнан тер шыға жұмыс істесем, асқа деген тәбетім де жақсы болады, – дейді ол.
Қоштасар сәтте Роммель ақсақал Елбасының бірінші наурызды Алғыс айту күні ретінде атап өту жөніндегі ұсынысын ризашылықпен қабылдағанын айтты. Біз бұл жерде жай ғана өмір сүрмей, еңбегімізді де сіңірдік. Алайда, қазақ жері мен елінің алдында борыштар екенімізді естен шығарған емеспіз. Сондықтан қазақ даласына тек айтулы күнде ғана емес, әр күн сайын іштей алғыс айтып келемін, – деді.
Осы ауданның тағы бір ауылында Баварияға көшіп, қайтып келген отбасы тұрады дегенді естіп, ат басын Пруггеров ауылына бұрдық. Вальде және Валентина Гальттер де өз аталарының бұл жаққа қалай қоныс аударғанын күрсіне отырып баяндады. Ұлдары Виктордың артынан Алманияның Бавария өлкесіне көшкен бұл отбасы екі жыл өтпей туған мекендеріне оралған екен.
-Ұлымыз Виктор жолдасымен Баварияға көшіп кетті де, оларды қатты сағындық. Ақыры солардың соңынан 1995 жылы біз де бардық. Бавария табиғаты әсем, климаты жайлы, ең бір қолайлы өңірлердің бірі ғой. Бірақ онда барғасын қасаң тірлікке үйренісіп кете алмадық. Балаларымыз да еуропалық тұрмысқа бейімделіп кетіпті. Ақыры туған өлкеге, өз ортамызға деген құштарлық балаға деген сағынышты жеңіп, осында қайтып келдік. Қазір кенже ұлымызбен бірге өмір сүріп жатырмыз, – дейді Валентина Гальт. Вальде Гальттың аталары Кавказдан көшірілсе, Валентинаның аталары Кемеров облысынан жер аударылған екен.
Бүгінде мыңдап жер аударылған алмандардың жұрнағындай болып әр ауылда бір-екі жанұя ғана қалған. Бұлар – болашағын Қазақстанмен ғана байланыстырған, осы жердің перзенті болуға құштар ат төбеліндей топ. Отандарына қотарыла көшкен басым көпшілігіне де қазақ даласының өкпесі жоқ. Қиын-қыстау шақта пана болған мекенде жамбастап жатып алмай, мүмкіндігі келгенде жерді иесіне босатып беру де ұлттың парасатын көрсететін әрекет деп білген жөн.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button