Алмағайып кезеңнен адастырмай алып шықты

Қазақ халқы ежелден біреуді артық, біреуді кем, енді біреуді жат санамастан бауырына басып, татулық пен бірлікті ту етіп келе жатыр. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы мақсат тұтқан асыл арманы – әлемнің барлық елдерімен тең дәрежеде қатынас жасап, дүние жүзі картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді.
1 желтоқсан – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы айтулы күндердің бірі. Өйткені 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні республикамызда алғаш рет сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Бұл сайлау беделді басшыға ел тағдырын, өз тағдырын сеніп тапсырған Қазақстанның әрбір азаматының ерікті де жауапты таңдауы болған-ды. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасты. Мемлекетіміздің рәміздері, төл теңгеміз қабылданып, тарихымыз, тіліміз, дініміз ортамызға қайта оралды. Елбасымыз Тәуелсіз елімізді қиын-қыстау жолдар мен сан түрлі сындардан сүріндірмей, алмағайып кезеңнен адастырмай алып шығу үшін барынша қажырлы қайрат көрсетіп, ұлтына деген сүйіспеншілігін дәлелдей білді.
Бұл мерекенің тойлануының өзіндік мән-маңызы бар. Осы мереке арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын тереңірек біліп, Отанымыздың ел болып танылуы жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін ұғынады, әрі бұл күн осы жайдың олардың жадында берік сақталуына үлкен ықпал етеді. Қазақстанның тарихында 1 желтоқсан үлкен мәнге ие болғандықтан, оның Тұңғыш Президент күні ретінде жалпыхалықтық мейрамға айналуы заңды құбылыс деп танылады.
Бұл тек біздің елімізге ғана тән мереке емес, мұндай дәстүр бүкіл әлемде бар. Оған мынадай бірнеше мысал келтіре кетуге болады: АҚШ-та осындай мейрам ақпан айының үшінші дүйсенбісінде жалпыұлттық деңгейде аталып өтетін болса, Исландияда бұл күн 14 мамырда, Анголада 17 қыркүйекте тойланады.
Бүгінде бүкіл елдің қолдауы мен сеніміне ие болған, елді сара жолмен айқын асуларға бастап келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арналып тойланатын Тұңғыш Президент күні біз үшін аса қадірлі мереке. Ендеше тәуелсіздігіміздің тұғыры ешқашан төмендемесін, айтулы да ардақты мерекеміз құтты болсын!
Ақтоты Тәукен,
№1 Күршім орта мектебінің
мұғалімі.
Күршім ауданы.