ҚоғамТОП

Алма бағы жайнаған…

Сулы да нулы өлке Өскеменнің тұмса табиғаты, көрсе көз тартар сұлулығы кез келген жанды таңдай қақтырғаны ақиқат. Содан да болар облыс орталығының халқы көктемді асыға күтеді. Шаһар көшелері қызыл-жасыл гүлге оранып, ағаштар бүр жара бастаған шақта қаһарлы қыстан аман шыққан қаланың реңіне рең қосылып, жайнай түсетіндей. Күн жылына бастаған шақта жасыл желегі жайқалған саябақтардан да адам қарасы үзілмейді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сүйікті демалыс орындарынан табылады.

Қаланың осылай құлпыруына атсалысып, аймақтағы бағбандықтың дамуына үлес қосқандардың бірі – Дмитрий Панкратьев. Әуесқой бағбанның бұл жолда төккен тері мен ерен еңбегін бүгінде бірі білсе, бірі білмейді.

Дмитрий Гордеевич Панкратьев 1867 жылы Тарск уезі Тобольск губерниясының Илья Карга ауылында шаруа отбасында дүниеге келіпті. Алты жасында жер аударылып келген сотталушыдан сауатын ашқан оның «білім жолы» сонымен аяқталады. Бірақ жеткіншек өз бетінше ізденуден талмай, кітап оқуға құштар болады. 1889 жылы Панкратьев патша армиясына шақырылып, Өскемен бекінісінде орналасқан әскери бөлімде азаматтық борышын өтейді. Кейіннен Зайсан қаласына ауыстырылады. Патша армиясында азаматтық борышын өтеп жүрген Дмитрий Гордеевичке жазғы лагерьлерді көгалдандыру жұмысы тапсырылған. Кез келген іске қабілетті, ізденімпаз жас жігіт аз ғана уақыттың ішінде әскери лагерьдің маңын жасыл желекке айналдырған көрінеді. Осылайша, әскерде абаттандыру жұмыстарына, бау-бақшаға жауапты болады. Алайда әсем табиғатымен көздің жауын алған шағын қала оның жүрегінен орын алса керек, әскерден кейін Өскеменге қайтып келеді. Мұнда сүйікті ісімен, яғни ара шаруашылығымен және бау-бақша өсірумен айналысады, түрлі тегін курстар өткізіп, көрмелер ұйымдастырады.

Бірақ өмірдің оған деген тосынсыйы әлі де аяқталмаған еді. 1894 жылы әскери лазареттің дәрігері, бау-бақша шаруашылығының «атасы» атанып кеткен Густав Вистениус Өскеменнен алты шақырым жерде жеміс-жидек бақшасын салады.  Бұған дейін мұндай шаруашылық қолға алынбаған Өскемен қаласында бақша отырғызу, оны күтіп-баптау, өсіру қиын болғаны анық. Алайда Густав Вистениустың ондаған жылдар бойы тынбай еңбектенуінің арқасында қызыл және қара таңқурай, қарақат, қарлыған, бөріқарақат, алма, алмұрт, мамыргүл ағашы мен үйеңкі, қарағаш және т.б түрлі өсімдіктер өсіп шығады.

1906 жылы Густав Александрович Отанына, яғни Швецияға қайтуға шешім қабылдап, өзі баптаған бау-бақшасын еңбекқорлығымен ерекше көзге түскен ізбасары Дмитрий Гордеевичке сеніп тапсырады. Күтпеген жерден бау-бақшаның иесі атанған ол өзге аймақтардан түрлі өсімдіктер, жидектер әкеліп, аманатқа қиянат жасамауға барын салады. Панкратьев басқарған жылдары онда «Грачевка» Nº1 және Nº2 деп аталатын таңқурай сорты, «Панкратьев көшеті» атты қарақат сорты, құлпынайдың ірі сорты мен алма ағаштарының түрлі сорты өседі.

1926 жылы Панкратьев бағы мемлекет меншігіне өтеді. Ал Дмитрий Гордеевич онда бау-бақша және ара шаруашылығы бойынша нұсқаушы болып жұмыс істейді. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, сол жылдары он мыңға жуық алма ағашы отырғызылыпты. Шаhар тұрғындары соғысқа дейінгі жылдары бақшадан жылына 7-10 тонна таңқурай, қара қарақат, шие, қырық жоңышқа, құлпынай және басқа да жидектер алып отырған көрінеді.

Дмитрий Панкратьев бау-бақшада ғана емес, қала көшелерін көгалдандыруға да атсалысқан. Оның септігімен Өскеменде үш мыңнан астам ағаш отырғызылса, оның көпшілігі осы уақытқа дейін сақталып, облыс орталығының көшелері мен саябақтарында жайқалып тұр. Мәселен, 1935-1938 жылдары ол Киров атындағы саябақтағы ағаштарды отырғызады. Бүгінде оған Кеңес Одағының батыры Қасым Қайсеновтің есімі берілген.

Аблакеткада, Красин кентінде, Защита шағын ауданы мен Соградағы жидек бағының барлығын Дмитрий Гордеевич күтіп баптайды. Халық оларды сол үшін де «Панкратьев бағы» деп атап кеткен.

1939 жылы Өскемен су-электр станциясының құрылысы басталып, бағбан жұмысын Аблакетка шағын ауданына ауыстырады. Сол жақта бақ отырғызып, аулаларды көгалдандырып, абаттандыруға бар күш-жігерін арнапты.

Панкратьев тіпті өз сөзінде: «Мен көпжылдық тәжірибемде табиғат өзінің алпауыт күшімен қаншалықты қарсылық танытса да, адамға бағынатынын көрдім» деп айтқан.  1956 жылы Дмитрий Гордеевич 89 жасында қайтыс болды. Ол өзінің саналы ғұмырында өскемендіктерге үлкен мұра қалдырып кетті. Бүгінде қаланың қай бұрышында болмасын оның қолынан шыққан жасыл желектің жайқалып тұрғанына куә боламыз.

Бүгінде қаламызда Дмитрий Гордеевичтің еңбек жолын жалғап, қаламызды абаттандыруға барын салып жүрген тұрғындар әлі де бар. Жергілікті әкімдік өкілдері де мұндай бастамаларға қолдау көрсетіп, қол ұшын созып жатады. Табиғатқа жанашыр жандардың арқасында қала тұрғындары ерке Ертісті жағалап, алма бақты аралап, қыдыратын күн де алыс емес. Тамаша табиғатымен талайды тамсандырған Самал саябағы ендігі жерде елдің назарын алма бағымен өзіне тартпақ. Осыдан шамамен екі жыл бұрын жергілікті кәсіпкер Сергей Бродский қалада алма бағын өсіру туралы бастама көтеріп, 1000 түп алма ағашын отырғызған болатын. Қала әкімдігі бұл игілікті бастамаға бірден қолдау көрсетіп, Самал саябағының шығыс бөлігінен жер телімін бөлді, арнайы алаңға суару жүйесін де орнатты. Ал өскемендіктер өз кезегінде алғаш рет ашылып отырған баққа алманың бірнеше сортын еккен.

–Біз алғаш рет Өскемен қаласында алма бағын отырғызуды қолға алдық. Сергей Бродский есімді азамат менің қабылдауыма келген еді. Қала тұрғыны жер сұрай келіп, алма бағын отырғызғысы келетінін айтқан болатын. Оның мақсаты үлгілі іс атқарып, қаламыздың көркеюіне үлес қосу болғандықтан, оған көрікті орындардың бірі – Самал саябағынан жер беруді жөн көрдік. Сонымен қатар берілген жерді жарықпен, сумен қамтамасыз еттік, – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Алғаш рет ашылған алма бағына жиналған жұрттың қарасы да көп болған еді. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұстанымды ұстанған ерікті жастар мен табиғатты аялай білетін аға буын өкілдері де күректерін сайлай келіп, өз ағаштарын отырғызған.

–Самал саябағы – келген қонаққа көрсетуге лайықты жерлердің бірі ғой. Енді оның көркі алма бағымен аса түспек. Алма десе, Алматы еске түседі, Алтайдың да өз алмасы болса қандай жақсы. Жоба жол ортада тоқтап қалмай жалғаса берсе, жемісін ұрпақ көреді ғой, – дейді қала тұрғыны Нұрхан Тілеуханов.

Қазір саябақта алма ағашының алты сорты өсіп тұр. Көпшілікке үлгі-өнеге көрсетіп, істің басы-қасында жүрген Сергей Бродский бұл істе тұрғындардың да еңбегі орасан зор екенін айтады. Мәселен, күзде алма ағаштарының діңдерін кеміргіштерден қорғау үшін арнайы таспамен орау қажеттігі туралы жазып, тұрғындардан көмек сұраған. Бейжай қарамайтын қала тұрғындары алма бағындағы ағаштарды қысқа дайындауға көмек қолын созыпты. Сергейдің айтуынша, 150-ге жуық адам көмекке жиналған.

–Қазір 770 жас ағаш өсіп тұр. Қаламыздан алманың иісі аңқып тұрса, артық болмас. Менің мақсатым да осы – өңіріміздегі демалыс орындарының дамуына атсалыссам деймін. Алма бағымыз саябақтың көркін де асыра түсері сөзсіз. Кейін тұрғындар өздері еккен ағаштың жемісін көрсе – мен үшін сол қуаныш.  Маған қолдау керек кезде үн қатып, көмекке келетін жандарға алғыс айтқым келеді. Бұл болашаққа жасалып жатқан шаруа деп ұққан жөн. Игілікті істің жемісін ұрпақ көретін болады, – дейді кәсіпкер Сергей Бродский.

Сондай-ақ осы сенбі, яғни 13 сәуір күні тұрғындар Самал саябағына қайта жиналмақ. Бұл жол кеміргіштерден қорғау үшін арнайы оралған таспаны алып тастайтын болады. Кәсіпкер ниет білдірген кез келген тұрғындарды шақырады.

Еккен ағашыңның жеміс бергені жақсы ғой. Игілікті бастамаға біз де қолдау көрсетіп, іштей тілекші болдық. Шығыстың бас шаһарының тұмса сұлулығына қолмен егіл­ген бақтар сән бере бастайтын күн де жақын.

Осы айдарда

Back to top button