Алло, алло, Алакөл…

Алакөл жағалауында орналасқан демалыс базаларының иелері демалыс орнында ұялы байланыс пен интернет байланысы жоқтың қасында екенін айтып, алаңдаулы. Көлге демалуға келген туристердің 21 ғасырдың технологиясынан жұрдай демалыс базасын көргенде қайран қалудан басқа амалы болмай келеді.
Облыс кәсіпкерлері палатасы аймақтық кеңесінің туризм комитеті отырысында Үржар ауданының кәсіпкерлері Алакөл жағасындағы демалыс базаларында ұялы байланыс пен интернет байланысының өте әлсіздігі, сапасыздығы, аудандағы Beeline, Tele-2 байланыстарының демалыс базасын қамту аумағы жеткіліксіз екендігі турасында мәселе көтерді.
Жиынға шақырылған «МТС» ЖШС өкілі Олег Дьяченконың түсіндіргеніндей, былтыр ауданда тұрғындарының саны 250 адамнан асатын елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтуға арналған республикалық «250+» жобасы аясында Tele-2 байланысының бірнеше базалық станциясы орнатылған. Бұл жобаны Цифрлық даму министрлігі қадағалайды. Аталған министрлік ұялы байланыс операторларымен меморандумдарға отырған. Ауылдық әкімдіктер берген мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы облыстағы 250 адамнан артық тұрғыны бар 112 ауылға Теле-2 ұялы байланыс желісі тартылған.
Алакөл жағасындағы демалыс орындарының иелері сол жаңадан орнатылған базалық станциялар демалушыларды сапалы, тұрақты байланыспен қамтамасыз ете алмай отырғанын айтты.
«Базалық станция 250 адамға арналған. Ал Алакөлде демалу маусымында 20 000 адамнан астам турист болады. Байланыс өте нашар, әлсіз, шілде айында тіпті қоңырау соғу да мүмкін болмай қалды, ал интернет деген мүлде жоқ. Сапалы байланыс болу үшін әр оператордан кемінде он нүкте орнату керек деп ойлаймын», – дейді жағалаудағы байланыстың нашарлығы кәсіпкерлердің қызметіне, демалушыларға үлкен кедергі болып келе жатқанын айтқан «Чикаго» демалыс үйінің иесі Мұрат Жұмабаев.
Алакөлдегі «Інжу» және «Арасан Алакөл» демалыс үйлері иесінің өкілі Елена Асылбекова да былтыр Beeline байланысы желісінің интернет байланысы қайта-қайта жоғалып кетіп, маусым айының аяғына дейін сапасыз қызмет көрсеткенін айтты.
«Біз жағалауда мамыр айынан бастап қызметімізді бастаймыз. Қашықтан жұмыс істеп, тиісті төлемдерді төлеп, басқа да мәселелерімізді шешу керек болады. Былтыр банк қосымшалары, қарапайым электронды пошта да жұмыс істеген жоқ. Орманда отырғандай, аралда қалғандай күй кештік. Электр энергиясы жоқ болған кезде де байланыстың бәрі жоғалады. Станцияларда жеке, дербес генераторлар жоқ. Ал электр қуаты жиі-жиі болмай қалады. Қонақтар 21 ғасырдағы Алакөлге 21 ғасыр технологиясының әлі жетпегеніне таңғалып кетіп жатыр», –дейді кәсіпкер Елена Асылбекова.
Туризм және сыртқы байланыстар бөлімінің өкілі Инара Бодукова Алакөл жағалауында Beeline и Kcell байланыс желілерінің мұнаралары, Арбатта Tele-2 байланысы мұнарасы орнатылғанын, Activ пен Kcell операторлары қосымша мұнаралар орнатуға дайын екендігін жеткізді.
2021 жылдың демалу маусымына дайындық туралы сөз болған кездесуде кәсіпкерлер жағалауды электрлендіру мәселесін де көтеріп, қосымша әжетханалар тұрғызып, жағалауды бекіту, жолдарды асфальттау қажеттігін жеткізді. Кәсіпкерлердің жағалау аумағын Tele-2 байланысы желісімен толық қамту туралы өтініштері палатадағы туризм комитеті арқылы цифрлық даму министрлігіне жолданды.
Жанаргүл Мұқатай