Қоғам

Аллергиялық аураулар көктем мен күзде қозады екен

Аллергиялық аураулар көктем мен күзде қозады екен


«Түннің бір уағы. Аудандық аурухананың жедел жәрдем қызметі ес-түссіз науқасты алып келді. Біз бірден оған тиісті медициналық қызмет түрлерін көрсеттік. Қан сараптамаларын жасадық. Нәтижесінде миына қан құйылып, инсульт алғанын анықтадық. Ал мұндай жағдайға тап болған адамның өмірін сақтап қалудың өзі екі талай. Дегенмен біз бар күш-жігерімізді салып, оның жанын аман-есен алып қалдық. Содан бері мұндай жағдайды талай мәрте бастан өткердім.

Біз жұмыс барысында баласы үшін жанын беруге даяр талай ата-ананы көреміз. Жүрегіміз сыздайды. Бірақ еш уақытта сыр бермейміз. Өйткені, дәрігерге эмоцияға бой алдыруға болмайды. Себебі бұл жұмыс асқан жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді. Мәселен, кейде біздің қабылдауымызға нақты қай жері ауырып тұрғанын білмейтін науқастар келеді. Ал мұндай жағдайда дәрігер оған диагнозды дұрыс қоя білуі керек. Оған шалыс қадам басуға болмайды. Өйткені, мұның соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Егер мүлт кетсең, біреудің обалына қаласың… Сондықтан қаншама науқастың өмірі сенің қолыңда тұрғандықтан, жауапкершілікті бәсеңдетуге болмайды».

Мамандығының қиындығынан бұрын жауапкершілігін сезінетін кейіпкеріміз Эльмира Шрахметова осылай дейді.

Аллергиялық аураулар көктем мен күзде қозады екен

– Жоғары оқу орнын бітірген соң, Көкпектіге келдім. Осы жақта жұмысқа орналастым. Баспаналы болдым. Мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы алдым. Содан бері аттай зулап 11 жыл өте шықты, – дейді кейіпкеріміз.

Еліміздің және өңірдің медицинасы білімді мамандармен толығып келеді. Өңірдегі маман тапшылығын жою үшін денсаулық сақтау басқармасы мен Семей медициналық университеті арасында келісім жасалған. Әр аудан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас маманға жағдай жасайды.
Бүгінде дерматолог десе, әдетте көз алдымызға тері ауруларын емдейтін ақ халатты абзал жанның елестейтіні рас. Ал бұл мамандықтың қыр-сырына үңіліп жатқан ешкім жоқ.

– Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Мәселен, көпшілік қауым дерматологтарды науқастың терісі сау әрі әдемі болуы үшін ғана жұмыс істейді деп ойлайды. Бірақ біз тері қабатындағы онкологиялық және жүйке ауруларының алдын алу үшін де аянбай еңбек етеміз. Басты мақсат – науқастардың өмірін сақтап қалу, – дейді Эльмира Шрахметова.

Бүгінде ол Көкпектідегі аудандық ауруханада дерматолог болып жұмыс істейді. Ал бұған дейін ол осы мекемеде 10 жыл бойы терапевт ретінде еңбек еткен. Эльмира Шрахметованың айтуынша, дерматологиялық ауруларға шалдыққан адамдарды емдеу оңай емес.

– Тері ауруларының ең көп тараған түрі – зең. Одан толық арылу үшін 3-4 апта көлемінде дұрыстап ем қабылдау керек. Ол үшін науқас дәрігердің барлық айтқанын орындап, гигиеналық тазалықты сақтауға ерекше мән беруі қажет, – дейді Эльмира Шрахметова.

Айтпақшы, оның жан жары Бақытхан Булькенов те медицина саласының маманы екен. Ол «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша туған жерінің түтінін түтетуге келіпті. Қазір осы ауруханада рентгенолог болып қызмет етеді.

– Екі бала тәрбиелеп отырмыз. Олардың сабақ үлгерімдері жақсы. Болашақта біз сияқты дәрігер боламыз десе, қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз, – дейді Эльмира Шрахметова.

Ауылға келгеніне бір сәт те өкінген емес

Эльмира біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отырады. Ол жұмыстан тыс уақытта отбасына көңіл бөліп қана қоймай, теориялық білімін де тереңдетуге баса назар аударады.

– Мұнда кілең тәжірибелі мамандар, өз ісіне берілген жандар жұмыс істейді. Жастар көп. Ұжым өте тату-тәтті. Білесіз бе, университет бітірген жастардың бәрі дерлік қалалық жерде қалғысы, сонда жұмыс істегісі келеді. Қайткенмен қалада жағдайдың бәрі бар ғой. Бірақ мен осы ауылға келіп, осында еңбек етіп жүргеніме бір сәт те өкінген емеспін. Өйткені, отбасым жанымда. Құдайға шүкір, аяулы ана, ардақты жармын, – деп ағынан жарылды Эльмира Шрахметова.
Иә, кейіпкерімізді аурухана ұжымы құшақ жая қарсы алды. Аурухана ғана емес-ау, аядай ауылдың халқы да қуанған еді ол келгенде. Себебі, осынау мекемеге білікті жас мамандар ауадай қажет болатын.

– Мен кішкене күнімнен тыныштықты жақсы көремін. Осынау айрандай ұйыған берекелі де, мамыражай ауылға келгенім тіптен тамаша болды. Ауылдың барлық тұрғыны маған мейіріммен қарайды. Баласындай көреді. Көрген жерде хал-жайымды сұрап, бәйек болады, – дейді Эльмира Шрахметова.
Біз аудан халқы мен аурухана ұжымын айтамыз-ау, ең ерекше шаттанғаны науқастардың өзі екен ғой. Дәл солай, енді олар дерматолог іздеп, сабылып облыс орталығына келмейтініне қуанды.

– Әрбір адамның тілін табу үшін психология саласын дұрыстап меңгеру керек. Егер науқасқа: «Сіз тәуір болып кетесіз. Бәрі жақсы болады.
Мойымаңыз», – деп қолдау көрсетіп, жылы сөз айтсаңыз, онда ол сізге сенім артады. Ал керісінше: «Дәрі-дәрмектен пайда жоқ. Екі ай ғана өміріңіз қалды», – десеңіз, бұл онсызда ұнжырғасы түсіп отырған адамның еңсесін одан әрі басып тастайды. Сол себептен барынша мейірімді, қайырымды болуға тырысайықшы. Бәріміз мынау бес күндік фәниде бір-бірімізге қонақпыз ғой, – дейді ол.

Рас, әр жұмыстың өз қиындығы бар. Алайда, дәрігердің қызметі тіптен ауыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, оған келетін адамдардың дені зең ауруына шалдыққан. Бұдан бөлек аллергиялық науқастар да көп екен. Сондықтан Эльмираға күн-түн демей жұмыс істеуге тура келеді.

– Маған көктем мен күз мезгілдерінде тыным жоқ. Өйткені, бұл кезде біздің ауруханаға аллергиялық ауруларға шалдыққан науқастар көп түседі. Сол себептен тынбай еңбек етеміз, – дейді кейіпкеріміз.

Әріптестері Эльмира туралы жақсы пікір білдіріп, ақ тілегін жолдады.

– Эльмира жас та болса қажырлы әрі еңбекқор маман. Ол өз жұмысын жетік біледі. Оның әрбір науқаспен тіл табысып, оларға жылы қабақпен қарайтынын байқадым. Мақтағаным емес, Эльмираның мінезі де көркем, – дейді аудандық аурухананың бұрынғы қызметкері, зейнеткер Райгүл Задайқызы.

Аллергиялық аураулар көктем мен күзде қозады екен

Теория мен практиканы ұштастырып отыру керек

Ол бала кезден бастап ақ халатты абзал жан болуды армандапты. Өйткені оның анасы да дәрігер. Эльмираның айтуынша, ол орта мектепті ойдағыдай бітірген соң, Семей мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіпті. Онда жеті жыл бойы білім алады.

– Студенттік кезден бастап, теория мен практиканы ұштастырып үйрену керек. Бізге мұғалімдер осылай деп жиі айтатын еді. Кейін оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан соң, бұл сөздің жаны барына көзім жетті. Шыны керек, қазір медицина саласында кадр тапшылығы сезілуде. Сол себептен жастар медициналық және техникалық мамандықтарға бет бұрса, жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Өйткені аталмыш салаларға қажетті мамандарға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді, – дейді Эльвира Шырахметова.

Иә, бір кездері жастар жаппай заң мен банк саласының мамандары болуды ойлады. Кезінде сәнге айналған бұл «беделді» мамандық иелеріне деген сұраныс бүгін тым аз. Ал медициналық мамандықтарға деген қажеттіліктің артып келе жатқандығын білім гранттарының көптеп бөлуінен-ақ байқауға болады.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы, науқастың дертінен айығып кетуіне көмектессем болғаны, – дейді ол.

Ажар Сағатбекова
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button