«АЛЖИР» азабы ұмытылмайды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада облыстық драма театрында жақында ғана тұсауы кесілген «АЛЖИР» қойылымын сахналанған актерлермен кездесу болып өтті. Кездесуге қаладағы колледж студенттері және төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қатысты.
Иә, халқымыздың тағдырындағы ең бір қасіретті кезең – сталиндік қуғын-сүргін екені рас. Жазықсыз жазалауға ұлт зиялылары ғана емес, олардың ет жақындары, туыстары да ілікті. Жақында осы бір қасіретті тарих «АЛЖИР» қойылымында көрініс тапты.
Кездесуде әріптестері қойылымның авторы әрі қоюшы-режиссері Абай Хасеновтің бұл пьесаны сахнаға шығаруын батыл қадам ретінде бағалады.
АЛЖИР, яғни Ақмоладағы Отанын сатқандардың әйелдері қамалған лагерь 1937 жылы ашылған. Бұл лагерьде С.Сейфуллин, Б.Майлин, Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов, С.Меңдешов, Н.Төреқұлов сынды жүрегі қазақ деп соққан ұлт зиялыларының әйелдері болды. Сонымен қатар тұтқындар қатарында өзге ұлт өкілдерінің де мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері тауқыметті тағдырды бастан өткерді.
– Мен осы спектакльде қазақтың ардақты азаматы, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың жұбайы Әзиза Рысқұлованың образын сомдадым. Спектакльге дайындық барысында кейіпкерімді мұқият зерттедім. Кейіпкерімнің тағдыры өте ауыр болған. Тұрар Рысқұлов екеуінің отбасылық өміріне небәрі жеті жыл болған кезде Тұрарды тұтқындайды. Екеуінің үш сәбиі болады. Кейіпкерімнің ең кіші қызын лагерьде босанғанын, нәрестенің 4-5 ай бойы есімсіз жүргенін, лагерьдегі әйелдердің бастарындағы орамалдары мен көйлегінің етектерін жыртып баланы құндақтағанын оқығанымда, жанарымнан аққан жас тыйылмады. Сәбиді үш жасында Семейдегі балалар үйіне алып кетеді. Тұрар мен Әзизаның Сәуле есімді алты жасар қызы да осы балалар үйінде болатын. «Сенің сіңлің келді» деп баланы әкелгенде алты жасар қыз сәбиді бетінен сүйіп еркелетеді. Бірақ мұның барлығы спектакльге сыймады. Өзім де екі қыздың анасымын ғой. Сахнаға шыққан кезде көз алдыма өз балаларым елестеп тұрды. Лагерьде ұзақ отырған да осы Әзиза Рысқұлова, он сегіз жыл отырды. Шынымды айтсам, образды сахналау моральдық тұрғыдан өте ауыр болды. Бір жағынан, көңілімде ертең Тұрар Рысқұловтың ұрпақтары осы спектакльді тамашалар болса, мен осы образымды қаншалықты шынайы сомдай алдым деген сауал мен күмән қатар тұрды, – дейді актриса Алмажай Төремұрат.
«АЛЖИР» лагері 1957 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана жабылады. Бүгінгі таңда лагерьдің орнында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған музей орналасқан.
Мейрам Екпін