Қоғам

Алимент төлемейтіндер неге көп?

Алимент төлемейтіндер неге көп?


Алиментті төлемеу мәселесі облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында. Қадағалау органы аймағымызда алимент бойынша борышкерлердің неге көп екенін және жыл сайын олардың санының арту себептерін анықтады. Прокуратура алимент алмайтын балаларға қалай көмектеседі, борышкерлермен қалай күреседі? Бұл туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов баяндап берді.

– Нұрлан Дәуренұлы, көп тұрғындар журналистерге бұрынғы жұбайларының алимент төлемейтіні жөнінде шағымданады. Қадағалау органына осындай арыздар көп түсе ме?

– Көп түседі. Облыста 16 мың атқарушылық құжат тіркелген. 17 мың балаға алимент төленуі тиіс. Азаматтардың көбі алимент төлеу рәсімі туралы білмейді, себебі баласымен бірге тұрмайтын борышкер қандай соманы төлейтінін, заң бойынша қалай тіркелетінін білмейді.

Алимент жалақыдан ұсталынып қалады. Ол отбасыда қанша бала бар екеніне байланысты: бір балаға жалақы сомасынан үштен бірі, екі балаға төрттен бірі төленеді. Алимент бойынша төлемдердің жалпы сомасы жалақының жартысынан аспауы тиіс.

2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы борышкерлердің саны біршама өскен (29 мыңнан 31 мыңға дейін). Облыс прокуратурасы ата-аналарды алимент бойынша берешектерді толық және уақытында төлеуін ынталандыру мақсатында бірқатар жоба ұйымдастырды. Нәтижесінде борышкерлердің саны азайды. Бас прокуратураның «Алименттерді төлемеуіне қарсы 30 адым» бағдарламасы және біздің «Алимент төле!» атты жеке жобамыз жүзеге асырылуда.

– Осы мәселе неге біздің аймақта өзекті?

– Біз талдау жүргізіп, бірнеше себепті анықтадық. Біріншіден, аймағымызда жылдан-жылға неке бұзылу саны өсуде. Сондай-ақ, алимент бойынша атқарушылық өндіріс ұзақ уақыт, тіпті, бала кәмелеттік жасқа толуына дейін қаралады. Сондықтан соңғы жылдары осындай істердің саны өсуде.
Көптеген борышкерлердің тұрақты жұмысы жоқ. Облыста 16 мың борышкерлердің 8 мыңы жұмыс істемейді.

Сондай-ақ, мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының лайықсыз жұмысы. Сот орындаушылары атқарушылық өндірісті созбалаңға салады, өз жұмысына үстірт қарайды. Сондықтан прокуратураға сот орындаушыларының жұмысына шағымдар көп түседі.

– Берешектердің санын азайту үшін прокуратура қандай шаралар қабылдайды?

– Алдымен, халықпен жұмыс істейміз. Өткен жылы осындай бірнеше жоба ұйымдастырылды. Біріншіден, қоғамда борышкердің теріс кейпін қалыптастыру қажет. Мысалы, қалада «Алимент төле!» баннерлерін көрген шығарсыздар. Біз осы арқылы ата-аналарды баласының алдындағы борышын өтеуін ынталандырмақпыз. Сондай-ақ, ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланамыз.

Шектеу шаралары да қолданылады. 3700 борышкерге шетелге шығуға, 200 борышкерге көлік құралын басқаруға тыйым салынды. Қасақана алимент төлемейтін 500 борышкер әкімшілік жауаптылыққа, тоғыз борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Осы шаралар нәтиже беруде. Мысалы, өткен жылы алимент бойынша берешек 1,6 миллиард теңгеден 990 миллион теңгеге дейін азайды. Біз шамамен 3700 балаға көмектестік.

– Алимент төленбейтін балаларға қандай да бір қолдау көрсетіле ме?

– Біз жергілікті атқарушы органдарымен, жеке сот орындаушыларының аумақтық палатасымен, шаруа қожалықтарымен, кәсіпкерлермен бірлесіп, «Алимент төле!» акциясы шеңберінде аз қамтылған, алимент төленбейтін балалары бар отбасыларға кеңсе тауарларын, дәрі-дәрмек, киім тараттық. Өңірдегі осындай 72 отбасыға әлеуметтік көмек беріп, 14 баланы қамқорлығымызға алдық.

Сондай-ақ, біз алимент төлемейтін жұмыссыз әкелерді еңбекпен қамтуға ықпал етеміз. Жалғызбасты аналарға жәрдемақы алуға және балаларын бақшаға орналастыруға, көпбалалы отбасыларды тұрғын үй алу кезегіне қоюға көмектемесіз. Осындай жұмысты ірі қалаларда ғана емес, барлық аудандарда жүргіземіз, кіші елді мекендерді де қамтуға тырысамыз. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button