Кеше облыстың бас шаhарында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Анамның әні» атты мерекелік ретро концерт өтті. Жиналған тыңдармен қауым есті де ескі әндерге елітіп, тамаша бір рухани кештің куәсі болды.
Облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған шараға этно-мәдени және қоғамдық бірлестік өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.
2016 жылдың 14 қаңтардан бастап 1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні болып белгіленген. Дәл осы күні елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын.
– Бұл айтулы күннің мақсаты – ұрпақты достыққа, толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Елімізде отандастарына деген мейірімділік пен махаббатын білдіретін осындай мереке бары қуантады. Бүгін өңір тұрғындарына арнап мерекелік шара өткізіп жатырмыз. Аналар кеңесінің атынан халқыма, Отаныма, ел-жұртыма алғыс білдіргім келеді. Елімізде бейбітшілік болсын! – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Майра Бейсеқанова.
Қазір елімізде жүзден астам ұлттың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Алғыс айту күні осынау қаймағы бұзылмаған береке-бірліктің айғағы іспетті. Өйткені бұл күні қазақстандықтар ұлтына, діні мен жас ерекшелігіне қарамастан бір-біріне алғыс айтады. Ең бастысы өткен заманда тағдырдың айдауымен Қазақстанға қоныс аударылған өзге ұлттың өкілдері арып-ашып келгенде бауырына басып, бір жапырақ нанын бөліп берген қазақтай дархан да бауырмал халыққа алғысын айтып, ризашылығын жеткізеді бұл күні.
– Қазақстанда Алғыс айту күні бекер жарияланған жоқ. Елімізде 130-дан астам ұл өкілі тұрады. Ол халықтың әрбірі түрлі жағдайлармен елімізге келген. Біз бір-бірімізбен тату-тәтті тұрсақ еліміз тыныш, бай-қуатты болатынына сенімдіміз. Бұл ізгі мереке де халқымыздың біртұтастығын сақтап, ұлтаралық достықты ардақтауға шақырады, – дейді Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков.
Ләззат Қанатқызы