Алғашқы жарысында жүлдеге қол жеткізді
Надежда Дубовицкая АҚШ-тың Юджин қаласында өткен Prefontaine Classic (Eugene Diamond League) атты жарыстың жүлдегері атанды.
Семейлік атлет биікке секіру бәсекесінде 1 метр 93 сантиметрге тең межені бағындырып, үшінші нәтиже көрсете білді. Бұл сайыста екі метрлік биіктікті еңсерген украиналық Ярослава Магучих жеңімпаз атанса, екінші орынды америкалық Вашти Каннингем иеленді.
Айта кетейік, бұл Дубовицкаяның «Гауһар лига» аясындағы жарыстарға алғаш рет қатысуы және жерлесіміз бірден қола жүлдеге қол жеткізді.
Осы ретте, Америка жеріндегі медаль 24 жастағы жеңіл атлетіміздің мансабындағы алғашқы жүлде емес екенін айту керек. Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын Дубовицкая Әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ Надежданың еншісінде Азия чемпионатының күміс және құрлықтық ойындардың қола медалі сияқты жүлделер бар. Бұған қоса, ол былтыр өткен Қазақстан біріншілігінде екі метрлік биіктікті еңсеріп, ел чемпионы атанып қана қоймай, Азия рекордын да жаңартқан еді.
Нұржан Кенжеұлы