ТОП

Алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылып жатыр

Дәурен Аллабергенұлы

Ағымдағы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда Ұлттық халық санағының негізгі кезеңі басталды. Ұлттық санақ туралы бұған дейін де газетімізде жазған едік. Оқырмандарға түсінікті болу үшін тағы да негізгі ақпараттарға нақтырақ тоқталайық.

Ел аумағында халық санағын өткізу кезеңінде санақ персоналына куәлік (бейдж үшін қосымша бет) берілген. Куәлікте интервьюердің немесе нұсқаушы-бақылаушының суреті болады, сонымен қатар мынадай деректемелер – тегі, аты, әкесінің аты, берілген күні және оның жарамдылық мерзімі, аумақтық статистика органының қолы мен мөрі көрсетілген.

– Алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылып жатыр. 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін халық санағын сайтта онлайн-режимде өтуге болады, sanaq.gov.kz. сайт 24 сағат бойы қолжетімді. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сұрақтарына жауап бере алады. Қазіргі халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Дәстүрлі кезеңнің басты жаңалығы интервьюерлердің электрондық планшеттерді пайдалануы, – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.

Алайда оның айтуынша, бұл әр азамат барлық сұрақтарға жауап береді дегенді білдірмейді. Себебі сауалнама парақтарында шетелге шыққан немесе елге келген адамдар үшін сұрақтар бар. Сондай-ақ тұрғын үй жағдайы бойынша мәселелер қарастырылған, оларға тек иелері ғана жауап береді. Сонымен қатар тек әйелдерге қатысты да сұрақтар бар, – деді Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

Орташа алғанда, санақ сұрақтарына жауап беру үшін 20-25 минут қажет. Ел халқы туралы сапалы мәліметтер алу азаматтардың белсенділігі мен шынайылығына байланысты болмақ.

Облыс орталығында Өскемен қалалық статистика басқармасының берген ақпараты бойынша тұрғындарға санаққа онлайн қатысу үшін тоғыз пункт жұмыс істеуде.

– Олар «Император», «АДК», «Маgnum» сауда үйлерінде, Белинский көшесіндегі №3, Қазақстан көшесіндегі №2, Сәтпаев даңғылындағы №1 Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, облыстық А.Пушкин, қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапханаларда және Шәкәрім даңғылындағы жұмыспен қамту орталығында орналасқан, – дейді қалалық статистика басқармасындағылар.

Санақ парақтарының саны бесеу. Олар – 1-СЖ «Тұрғынжайлар, тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлар тізімі», 2-Ж «Тұрғын үй жағдайлары», 4-В «Қазақстан Республикасының аумағында уақытша не 12 айдан кем жүргендер» (шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, тұрақты негізде шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары), 1-ПП «Тұратындар және  келушілер тізімі» және 3-И «Жеке» санақ парақтары.

Еске салайық, бұрынғы КСРО құрамындағы Қазақстан халқының соғыстан кейінгі санақтары 1959, 1970, 1979 және 1989 жылдары жүргізілген болатын. Тәуелсіз Қазақстанда бірінші Ұлттық халық санағы 1999 жылы, ал екіншісі – 2009 жылы жүргізілді, санақты Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі ұйымдастырды.

Осы 1999 және 2009 жылғы санақ қорытындылары бойынша дайындалған анықтамалықтар, жинақтар, баспасөз хабарламалары, мақалалар және басқа да статистикалық, талдамалық және ақпараттық материалдар Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтында қолжетімді.

Осы айдарда

Back to top button