Қоғам

Алексей Сочиде сәтсіз өнер көрсетуінің себебін айтты

Алексей Сочиде сәтсіз өнер көрсетуінің себебін айттыСочи-2014

Сочидің төсін дүбірлеткен Олимпиада аламаны аяқталды. Қоржындағы Денис Тен салған жалғыз қола медальмен Қазақ елінің ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 26-шы орынға тұрақтады.
Кеше XXII қысқы Олимпиаданың соңғы жарыс күнінде шаңғышылар, бобслейшілер мен хоккейшілер жүлделерді өзара сарапқа салды. Бұл күні отандық спортшылардан Ердос Ахмадиев, Евгений Величко, Сергей Черепанов және Марк Старостин шаңғымен еркін стильде жүгіруден ерлер арасындағы 50 шақырымдық масс-старт сайысында бақтарын сынады. Шаңғы «марафонының» жүлделі үш орнын да жарыс қожайындары, яғни, ресейліктер жеңіп алды. Біздің жігіттердің арасынан ең жоғары нәтиже көрсеткен Марк Старостин мәре сызығын 34-ші болып кесіп өтсе, Ердос Ахмадиев 48-ші, Черепанов пен Величко сәйкесінше 54 және 55-ші келді.
Бір қызығы, осыған дейін 50 шақырымдық жарысқа ұлттық құрама сапындағы шаңғышылардың көшбасшысы Алексей Полторанин шығады деп айтылған. Бірақ риддерлік спортшының алдыңғы сәтсіздіктерден соң жүрегі шайлығып қалды ма, әлде, басқа себептер болды ма екен кім білсін, әйтеуір жарыс жолына шықпастан ұшаққа мініп, жаттықтырушысымен бірге елге тартып кетті. Өскеменге оралған соң журналистерге берген сұхбатында олар Олимпиададан жүлдесіз оралу себептерін түсіндіруге тырысты.
– Біріншіден, жарысқа дайындалу деңгейін алып қарайтын болсақ скандинавтықтар мен біздің арамызда айырмашылық жер мен көктей. Мәселен, сервисте, медициналық қызметте, шаңғыны әзірлеуде, технологияларда және басқа да мәселелерде олар бізден оқ бойы озық тұр. Екіншіден, сәтсіздік, ауа райының жайсыздығы (температура +16 градус, қар еріп жатқан), трассаның бұзылуы кері әсерін тигізді, – дейді Алексей Полторанин.
Бірақ екі аптадан астам уақыт бойы жүйкелері жүндей түтіліп, теледидар алдында телміріп отырып жанкүйерлік қылған қазақстандықтарға мұны қалай түсіндіресіз? «Скандинавтықтар да сол трассамен, сол ауа райы жағдайында жүгірді, оларға бөлек жағдай жасалған жоқ қой» деген сұрақты жанкүйерлер көлденең тартатыны айтпаса да белгілі. Және бұған дейінгі талай байрақты бәсекеде топ жарып жүрген, тіпті, шетелдік аузы дуалы мамандар Сочи Олимпиадасында жүлделі орындардың бірін алуға үмітті деп болжаған Алексейдің дәл жауапты кезең туғанда жорғасынан жаңылуы бәрімізді де дел-сал күйде қалдырды. Мұны шаңғышының жеке бапкері Алексей Наконечный да айтып отыр.
– Шәкіртімнің өнеріне көңілім толмағаны рас. Қалай толсын, бұдан төрт жыл бұрын (Ванкувер Олимпиадасы) Алексей екі мәрте бесінші нәтиже көрсеткен, бірнеше халықаралық деңгейдегі сайыстарда көш басынан көрініп жүрді. Ал Сочиге келгенде бар-жоғы 9-шы орынды иеленді. Бұл – өте ұят! – деп атап өткен А.Наконечный егер мемлекет спортқа мықты қолдау көрсетпесе нәтиже жақсармайтынын жеткізді.
Алайда, мынаны есте ұстаған абзал. Біздің мемлекет спортты дамытуда, спортшыларға жағдай жасауда қаржылық мүмкіндігіне қарай шама-шарқынша қолдау көрсетіп-ақ жатыр. Әйтпесе, Лондондағы жазғы Олмипиадада 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальді иеленбес едік ғой…

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button