Алексей Полторанин – үздік үштікте
«Жарайсың, Алексей! Осы қарқыныңнан тайма!». Кәрі құрлықта өтіп жатқан аламанға көк жәшіктен көз тіккен қазақстандықтар «Тур де Ски» көпкүндігіндегі жерлесіміздің жеңісін осылай қолпаштауда.
Дәстүрлі түрде желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында өтетін Тур де Ски жарысы шаңғыдан Әлем Кубогының маңызды бөлігі болып табылады. Сегіз кезеңнен тұратын көпкүндікте қатысушылар масс-старт, із қуалай жарысу және жеке старт бойынша сынға түсуде. Бұл мәртебелі сайыста біздің елдің атынан риддерлік шаңғышы Алексей Полторанин өнер көрсетуде. Және оның өнеріне, өзіміздің жанкүйерлерді айтпағанда, шетелдіктер де риза болып, қошемет білдіруде. Осыған дейінгі жеті кезеңнің қорытынды кестесіне жүгінсек, жерлесіміз үздік үштікті түйіндеп тұр. Оның қоржынында қазір бір алтын және екі қола медаль бар.
Тур де Скидегі алғашқы жүлдесін Полторанин төртінші кезеңіндегі 1,4 шақырымдық классикалық принтте олжалады. Бұл сында ол норвегиялық Эмиль Иверсен мен ресейлік Сергей Устюговты ілгері жіберіп, қола медальды қанағат тұтқан. Есесіне бесінші кезеңдегі 15 шақырымдық классикалық әдіспен жүгіріп жарысуда Алексей алтын жүлдені еншіледі. Сөйтіп, аталған көпкүндікте бірде-бір спортшыны алдына түсірмей келе жатқан норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбюді озған алғашқы шаңғышы атанды.
Бұдан кейінгі сындарда да біздің жігіт үздіктер шоғырынан тыс қалмай, тағы бір қоланы қанжығасына байлады. Дәлірек айтқанда, жетінші кезеңдегі 15 шақырымды классикалық әдіспен жүгіру бәсекесінде жерлесіміз норвегиялық қос жүйрік: Мартин Йонсруд Сундбю мен Никлас Дюрхаугтен кейін қалып, мәре сызығын үшінші болып кесті.
Сонымен, жеті кезеңнің нәтижесі бойынша жалпы есепте Алексей Полторанин үздік үштікті түйіндеді. Бірінші және екінші орындарда норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю мен Петтер Нортуг орналасқан.
Кеше, қаңтардың оны күні Тур де Скидің соңғы сегізінші кезеңі Италияның Валь-ди-Фьемме аңғарында өтті. Шаңғышылар тоғыз шақырымдық қашықтықты еркін әдіспен жүгіріп жарысты.
Серік Әбілхан