Қоғам

Алексей Полторанин қос жүлдеге қол жеткізді

Алексей Полторанин қос жүлдеге қол жеткізді

Финляндияның Олос қаласында байрағы желбіреген Халықаралық шаңғы спорты федерациясының жарысында жерлесіміз Алексей Полторанин қос жүлдеге қол жеткізді.
Әуелі 1,4 шақырымдық қашықтықта классикалық спринт бойынша сынға түскен риддерлік шаңғышы белгіленген межені 3 минут 5.75 секундта жүгіріп өтіп, үздік көрсеткішке ие болды. Ал жүлделі екінші және үшінші орындар жарыс қожайындары Ристомати Хакола (3:05.86) мен Ари Луусуа (3:06.23) еншісіне бұйырды.
Әйелдер арасындағы спринтте алғашқы екі орынды да фин спортшылары Мона-Лийса Мальвалехто мен Криста Пярмякоски алса, үздік үштікті словакиялық Алена Прохазкова иеленді. Жерлесіміз Анна Стоян бұл бәсекеде тек оныншы көрсеткіш көрсетті.
Сонымен қатар Алексей Полторанин 15 шақырымдық жеке стартта жарыс жолына шығып, қола жүлдені қанжығасына байлады. Сөйтіп, жерлесіміз Скандинавия түбегіндегі аламанда қос бірдей медаль олжалап, биылғы шаңғы маусымын сәтті бастады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button