Қоғам

Алексей Полторанин Финляндияда топ жарды

Алексей Полторанин Финляндияда топ жарды

Шығысқазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин биылғы жарыс маусымын сәтті бастады.
Финляндияның Муонио қаласында өткен халықаралық додада қазақстандық шаңғышылардың көшбасшысы саналатын жерлесіміз он шақырымға классикалық әдіспен жүгіру жарысында алдына жан салмады. Ол бұл қашықтықты 23.25,8 минутта бағындырып, жарыстың алтын медалін кеудесіне тақты. Ал күміс жүлде алған финляндиялық Ливо Нисканен жеңімпазға сегіз секундтай ұтылды. Қола медальді тағы бір жергілікті спортшы Вилле Ноусиаинен иеленді.
Сондай-ақ, Муонио қаласында жастар арасында да жарыстар өткізілді. Отандастарымыз бұл сында да жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, он шақырымға классикалық әдіспен жүгіру жарысында бақ сынаған қазақстандық Константин Борцов қола жүлдені қанжығасына байлады.
Енді Қазақстан құрамасы 29-қарашада Финляндияның Рука қаласында өтетін Әлем кубогының алғашқы кезеңіне қатыспақ.
Естеріңізге сала кетейік, Алексей Полторанин осы Муониода өткізілген былтырғы жарыста да жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Онда риддерлік шаңғышы он шақырымдық қашықтықты 24.33,7 минутта бағындырып, чехиялық Лукаш Бауэр мен германиялық Ханнес Дотцлерді артқа тастаған еді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button