Қоғам

Алексей Полторанин азаматтығын ауыстырғысы келіп жүр ме?

Алексей Полторанин азаматтығын ауыстырғысы келіп жүр ме?

Еліміздегі ақпарат құралдарында риддерлік шаңғышы Алексей Полтораниннің өзіне жасалып отырған жағдайға көңілі толмайтынын, сол себепті келешекте азаматтығын ауыстыруды ойлап жүргені туралы ақпараттар қаулап кетті. Алайда еліміздің құрама командасының бас бапкері Александр Батяйкин шаңғышының кейбір пікірімен келіспейтінін айтты.
Алексей Полторанин айтады: – Біріншіден, бас бапкер А.Батяйкин мен оның көмекшісі В.Сахновпен команданың 70 пайызы жұмыс істегісі келмейді. Маған олардың дайындық бағдарламалары, күнтізбелік жоспары сай келмейді. Федерация менің жекелей жаттығуларыма қолдау көрсетпейді.
Сонымен қатар, ұйымдастыру жұмысы, ұшу, орналастыру және тамақтандыру, бапкерлердің жөнді назар аудармауы, медициналық бақылау мәселелері және аса үздік саналмайтын спорттық жабдықтар ұнамайды. Қысқасы, сервистік қызмет пен шаңғыларды дайындау көңілімнен шықпайды. Егер маған қолайлы жағдай жасамаса, мен өзімнің туған елім – Қазақстандағы спорттық жолымды аяқтауға мәжбүрмін.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Батяйкин айтады: – Полтораниннің Владимир Сахновтың басшылығымен жаттығатын спортшылар үшін жауап беруге құқығы жоқ, себебі, ол соңғы екі жылда ұлттық құрамадан бөлек жаттығады.
Алексей кейінгі екі жылда жеке командамен жаттықты. Ол командада өзінің жеке менеджері, екі бапкері, массаж жасаушысы, дәрігері мен төрт шаңғы майлаушысы жұмыс істейді. Әрі төрт майлаушының екеуі Ресейден келген мамандар. Ал ұшу, орын ауыстыру қызметімен оның жеке менеджері айналысады, себебі, олардың жеке күнтізбесі бар. Өзіме қатысты жұмыстың барлығын атқардым. Федерацияның құрал-жабдықтармен (шаңғы сатып әперу, спорттық киім-кешек ұсыну) қамтамасыз ету міндеттемесі орындалды.
Өз басым спортшыға басқа мемлекетке кетудің үлкен негізін көріп тұрған жоқпын. Ол Қазақстанда үздік спортшы болып саналады. Бұлай айту артық деп есептеймін, патриот болу керек. Бізге бірге жиналып, келіссөздер жүргізіп, алдағы уақытта елімізге жаңа жеңістер сыйлау үшін жаттығу жұмыстарын жалғастыру керек.

P.S. Спорттың басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, Алексей Полтораниннің мәселесі жақын арада шешілетін болады. Шаңғышы мен бапкерлер, сондай-ақ, басқа да тиісті адамдар мұны бірлесіп қарастырмақ.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button