Қоғам

Алексей алтыннан алқа тағынды

Алексей алтыннан алқа тағынды

Германияның Оберстдорф қалашығында өтіп жатқан шаңғы спортынан «Тур де Ски» көпкүндік жарысының бесінші кезеңінде классикалық стильмен 15 шақырымдық қашықтыққа жүгіруде қазақстандық Алексей Полторанин алдына жан салмай, жеңіс тұғырына көтерілді.
Ерлер арасындағы аталмыш жарыстың тартысты болғаны сондай, жерлесіміз Олимпиада чемпионы, атақты швейцариялық шаңғышы Дарио Колоньядан 0,01 секундқа қана озып, алтын медальді жеңіп алды. Алексейдің уақыты – 35 минут 35,9 секунд. Үшінші орынды иеленген италиандық Франческо Де Фабиани жеңімпаздан 0,6 секундқа қалып қойды.
Айта кету керек, бұл – Полтораниннің Әлем кубогы кезеңдеріндегі тоғызыншы жеңісі және 22-ші жүлдесі. Оның үстіне, Алексейдің сүйікті қашықтығы болып есептелетін 15 шақырымдық классикалық жарыста қазақстандық шаңғышыдан басқа ешкім екі реттен артық жеңіске жетіп көрген емес. Бұл – жерлесіміздің осы қашықтықтағы үшінші жеңісі.
Осы бесінші кезеңнен кейін Полторанин «Тур де Ски» жарысының жалпы есебінде алғашқы үштікке бір табан жақындады. Мұнда норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю 2 сағат 15 минут 16,6 секундпен көш бастаса, оның отандасы Петтер Нортуг (+47,2) екінші, ресейлік Сергей Устюгов (+1.09,4) үшінші, Алексей Полторанин төртінші (+1.31,5) орында келеді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button