Қоғам

Александр ауылда асық ойнап өстім дейді

Александр ауылда асық ойнап өстім дейді

Отызыншы жылдардың ойранында тағдырдың тәлкегіне түскен, талай ұлттың басына баспана, өздеріне қамқор болған кеңқолтық қазақтың дарқан даласын кімдер паналамады десеңізші. Шалғайдағы шекаралық аудан – Тарбағатай өңірінде де он жеті ұлттың өкілдері қоныстанды.
Солардың біразы әлі де осы ауданда тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, аудан орталығы Ақсуатта өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін екі жүзден астам неміс жанұясы болыпты. «Неміс» мөлтек ауданы, көшесі де болған. Олардың барлығы тек қазақ тілінде дәріс алды, ірі қалалардан жоғары оқу орындарын бітіріп, туған ауылдарына оралып, үйлі-баранды болды. Олардың түрлі жағдайлармен қатары сиресе де, кіндік қанымыз осы жер деп, көбісі Ақсуаттан әсте алыстаған емес.
Солардың бірі Александр Беннер – Ақсуат ауылының іргесіндегі Қарғыба ауылында дүниеге келген. Мектепті қазақ тілінде оқыған. Адамды бірден өзіне тартып алатын елгезек Александр қазақ тілін еркін меңгерген, тіпті, мақал-мәтелдеп сөйлеп, мен қазақ мектебін бітіргенмін, – дейді. Мектеп қабырғасында жүргенде облыста өткен қазақ тілі олимпиадасында екі дүркін жеңімпаз болғанын, тіпті, мектеп оқушылары арасындағы айтысқа қатысқанын да айтып қалды. Ақжарқын жігіттің әңгімесін тыңдай бергің келеді.
– Қарғыба ауылының балалары тату болдық, ұлтқа бөлу дегенді білмейтінбіз. Мен бала күнімде асықты жақсы ойнадым. Ақсуатқа келген сайын өзім оқыған мектептің оқушыларының асығын үнемі ұтып алатынмын, – дейді Александр. – Әлі есімде, атын айтқым келмейді, сыныптағы сотқарлау оқушы мені достарымның алдында «сен неміссің, керек болса өз ұлтыңның ұлттық ойнын неге ойнамайсың?» дегені бар. Мен қатты ызаланып, әкемнен «біздің ұлттық ойынымыз бар ма?» деп сұрағанмын. Ол: «Біз қазақ болып кеттік қой, «біздің ұлттық ойнымыз осы болады», – деген еді. Атам да «Балам, басымызға қиыншылық түскен жылдары сонау Краснодар өлкесінен арып-аршып келгенде, бізге осы өлке пана болған. Біз осы ауылдың тумаларымыз», – деп отыратын. Мен содан бері өзімді «қазақ» деп сезінем. Туған ауылым Қарғыба болса, Ақсуаттай – жер жәннатына не жетеді! Ана жылдары бір туыстарымыз Алмания жеріне барып келіп, жер жаннаты – Ақсуатқа жетпейді екен деген, өз басым барғаным жоқ. Кіндік қаным тамған туған жерден ауып қайда барам. Ең жақсы көретінім – Мамыр мерекесінде өтетін шеру. Бала күнімде қолыма шар ұстап, қызыл байрақ көтеріп шығатынмын. Ол уақытта көшеміз шаң болатын. Қазір бәрі тамаша, адамдар да тамаша, бейбітшілік деп осыны айт.
Бала күнінен техникаға үйір Александр аудандағы техникалық колледждің ЭВМ операторы мамандығын алған. Қазір Ақсуат орта мектебінде зертхана бөлімінде оператор. Достарының алдында сыйлы, қолы босаған уақытында автокөлік пен компьютер жөндейді. Жұбайы Жанар -қазақтың қызы, есепшілік қызметте, өз ауылының тумасы, бір ауланың баласы. Александр «ауданымның ғарыштап дамуына үлес қосып, бауырластық, бақ пен ырыстың бастамасышы болсам, бақыт – осы» дегенді әр кез айтып жүреді.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button