Қоғам

Қалдықтардың орны көгалға айналып келеді

Қалдықтардың орны көгалға айналып келеді

«Қазцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінің қалдықтар шаруашылығындағы аумағы футбол алаңындай жер үлескісіне қара күзде көк шығып, көгалға айналып келеді. Бұл көгалдың орнында осы уақытқа дейін құрамында мышьягы бар қалдықтар жатқан болатын.
1997 жылы «Қазцинк» компаниясы құрылғанға дейін қорғасын-мырыш комбинаты полигонында 32 өндірістік қалдық түрі сақталынып келді. Қазіргі күні ол қалдықтардың бірде-бірі жоқ. «Техноген» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан 17 жылдың ішінде кәсіпорындағы ол қалдық түрлерінің бәрі өңделіп, қайта қорытылып, бір өндірістің қалдығы екінші өндірістің шикізатына айналдырылып жатыр.
Қайта өңделмей, қалдық сақтау полигонына орналастырылып келгені құрамында мышьягы бар қалдықтар ғана болатын. Бұл полигон түрі де енді болмайтын болды. Компанияда атқарылған аса ірі экологиялық шараның нәтижесінде құрамында мышьягы бар қалдықтарды сақтауға арналған полигонға рекультивация жүргізіліп, полигонның жұмысы біржолата тоқтатылды.
Енді «Қазцинктің» жойылуға жатпайтын жалғыз өндірістік қалдық түрі – құрамында мышьягы бар қалдықтар елді мекендерден алыста, Семей сынақ полигоны аумағындағы жаңа полигонға көміліп, сақталынбақ. Биылдан бастап кәсіпорынның өндірісінен қалған және де ағымда шығарылып жатқан барлық осындай өндірістік қалдықтар оқшауда орналасқан осы арнайы полигонда сақталатын болады.
– Мышьяк қалдықтарын өңдеу технологиясы жоқ, әлемде мұндай қалдықтарға деген сұраныс та жоқ, сондықтан оны полигонға орналастырып, сақтау – біздің амалсыздан істеп отырған шарамыз, – деді журналистерге «Қазцинк» ЖШС экология және еңбек қорғау, қауіпсіздік жөніндегі қызметінің бас маманы Вадим Кушнарев. – Қазір көк шөп өсіп тұрған бұл арнайы полигон 2000 жылы салынған болатын.
Осы уақытқа дейін, яғни КСРО кезінде кәсіпорыннан шығарылған құрамында мышьягы бар өндірістік қалдықтар арнайы дайындалмаған жерге, қарапайым тілмен айтсақ, қара жерге төгіліп отырған. Жан-жағы бетондалып, арнайы салынған қалдықтарды орналастыру орны да өткен жылы лық толып, пайдалану мерзімі аяқталған.
-Биыл салынып біткен Семейдегі мышьягы бар өндіріс қалдықтарын сақтау полигоны жобасының өте қымбат екені рас. Бірақ ол мышьякты қалдықтарды сақтау проблемасын біржолата шешіп бермек. Компания «Балапан» учаскесіндегі полигонда сақталынатын қалдықтарды неғұрлым қауіпсіз ету үшін мышьякты қалдықтарды жинақтау технологиясын жетілдіріп, оны әк езіндісімен араластыра отырып, құрамын тұрақтандырды. 15 жыл бойы Өскемен металлургия кешенінің қалдықтар шаруашылығындағы ескі полигонына салынып келген өндірістік қалдықтар да осындай түрде сақталынған. Өндірістік қалдықтар жаңа полигонға құрғатылып, тұрақтанған күйінде герметикалық «биг -бег» контейнерлерге салынып жіберіледі. Арнайы сақтандырғыш жабындылар қалдықтардың қоршаған ортаға әсер етуін болдырмайды. Полигоннан он шақырымнан астам жерге дейін ешқандай елді мекен жоқ. Бұл учаске шаруашылыққа пайдаланылмайды. Бұл жердің гидрогеологиясы жан-жақты зерттелген. Мониторинг жүргізіліп отыр. Қалдықтарды көмуге қолайлы жер. Жобаның мемлекеттен, қоғамнан қолдау табуы да кездейсоқтық емес. Осы бағдарланған белгілі жолмен өзге кәсіпорындар да өздерінің өндірістік қалдықтарын көмуге болады, – дейді Вадим Кушнарев.
«Қазцинктің» бұрынғы қалдық сақтау шаруашылығы кешеніндегі өндірістік қалдықтарды көмуге арналған полигонын қалпына келтіру, рекультивациялау шаралары екі кезеңмен өткізілген.Ең әуелі техникалық рекультивация жүргізіліпті. Қалдық жинақтаушы орынның беті үш қабатты жабындымен жабылған. Соңынан төселген жарты метрден астам құнарлы топырақтың үстіне көпжылдық шөп егілген.
Қазтай Тәкеев, «Қазцинк» ЖШС бас экологы:
– Шөп қыркүйек айында егілген болатын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір көгалданып, жап-жасыл болып келеді. Бұл ескі қалдық орны қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді деп сенімді түрде айта аламын. Сыртынан төселген бірнеше қабатты арнайы жабындылар, техникалық рекультивацияллар қалдықтарды сыртқы ортаға әсер етуден сақтайды. Ал ішкі жағындағы сүзгілік құрамалар жер қыртысын зиян шегуден сақтайды.
Компания «тарихи қалдықтар» деген атауға ие болған кеңестік кездегі өндірістік қалдықтарды өңдеу, сақтау шараларын да қатар жүргізіп келеді. Бұрын тау-тау болып үйіліп тұрған төрт бірдей клинкер мен шлак үйіндісінен қазір екеу ғана қалып отыр. «Қазцинкке» тиесілі өндірістік қалдық үйіндісінің көлемі одан әрі азая түсуде. Мемлекеттікі болып есептелінген екіншісінің тағдыры әлі белгісіздеу болып тұр.
«Қазцинк» ЖШС мамандары құрамында мышьягы бар қалдықтар қаупі деңгейін төмендетудің технологияларын әрі қарай зерттеп, іздестіріп жатыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button