Қоғам

Қалдықтардың 17 түрін тастауға тыйым салынады

Қалдықтардың 17 түрін тастауға тыйым салынады


Еліміздің экологиялық кодексіне енгізіліп отырған түзетулерге байланысты 2019 жылдан бастап қалдық төгетін полигондарға қатты тұрмыстық қалдықтардың 17 түрін (дөңгелек, шыны, металл, макулатура, полиэтилен бұйымдар т.б) тастауға тыйым салынады.

Осы өзгертілген кодекске сай жаңа жүйеде жұмыс істеуге біздің облыс дайын ба, қалдықтарды жекелей, іріктеп жинауға әзірлік жүргізіліп жатыр ма? Бұл сұрақтарға Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры, облыстық қоғамдық кеңестің экология жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі Геннадий Корешков жауап берді.

– Ең бастысы – жекелеп жинауды талап ететін заңның бар екенін түсіну қажет, сонымен бірге заңдылықта жергілікті деңгейде қалдықтарды жекелеп жинап, жоюды қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық құжаттардың саны да жеткілікті, – дейді маман. – Біздің бастамамыз бойынша қызығушы тараптар арасында (кәсіпорын, коммуналдық қызметтер, қалдық шикізаттарды жинаушы мекемелер, билік, халық) өзара байланыс орнатылып, облыс аумағында қалдықтарды жекелеп жинауда бірлесе әрекет етуге күш біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қысқа мерзім ішінде алты ведомствоаралық кеңес өтіп, қалдықтарды жекелеп жинауға дайындық жүргізудегі барлық мемлекеттік құрылымдардың жауапкершілігі нақтылы анықталды. Мысалы, тұрғын үй инспекциясы кондоминиумге, ПИК-ке тиесілі үй аулаларын ғана емес, сол маңдағы аумақты да бақылауда ұстауы тиіс. Жергілікті полиция тұрғындардың қоғамдық тәртіпті сақтауын қадағалайды т.б. Жобаны іске асыруға өте аз уақыт қалғанын ұғынуымыз керек.

Дайындық шараларына кірісіп кеткен облыс экологтары қалдықтарды жекелеп жинау жүйесін іске асыруға кедергі келтіріп отырған көптеген мәселелердің барын да айтты. Ең біріншісі, мемлекеттік құрылымдарда Экологиялық кодекстің 301-бабын іске асырудың нақты тетіктері мен жолдары жоқтығы. «Өскемен қаласында қалдықтарды жекелеп жинау мен сұрыптаудың жол картасы» мен «Қатты тұрмыстық қалдықтарды жекелеп жинау, сұрыптау, жою және қайта өңдеу нысандарын салу бойынша, Шығыс Қазақстан облысында қалдықтармен жұмыс істеу бойынша жергілікті атқарушы органдар мен мамандандырылған кәсіпорындардың біріккен іс-әрекетінің 2020 жылға дейінгі Жол картасы» қағаз жүзінде ғана құрылған, іс-шараларды іске асырудың алгоритмдері көрсетілмеген. Экологтар бүгінгі күнге дейін бұл басты құжаттың бірде-бір пункті орындалмағанын айтып отыр.

Қоқысқа тастап жатқан заттардың тең жартысын құрайтын полиэтилен, пластик құтылар мен қағазды жекелеп жинаған бар жағынан жақсы болғанымен контейнерлермен байланысты материалдық шығындарды жабудың нақты көздері, құрамында сынабы бар қалдықтарды жинау пунктерін ашу және оларды қаржыландыру көздерін анықтау сияқты жайттар шешілмеген.

– Геннадий Леонидович, сіздер шетелдіктердің қалдықтарды жекелеп жинаудғы іс-тәжірибесін зерттедіңіздер. Қазақстанда мұны қалай іске асырған тиімді?

– Қалдықтарды жекелеп жинау жүйесінде нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Германиядағы ҚТҚ ( қатты тұрмыстық қалдықтарды) жинау басқармасы жұмысындағы екі негізгі сәтті бірден, бірыңғай етіп енгізу керек деп ұйғарып отырмыз. Біріншіден: барлық контейнер алаңдарын шыны, полиэтилен, қағаз жинайтын түрлі-түсті контейнерлермен қамтамасыз ету керек. Екіншіден: пайдаланылған шикізаттарды қабылдайтын коммерциялық, стационарлық пунктер ұйымдастыру керек. Әрбір елді мекенде, ықшамауданда қабылдау орындарын аша отырып, қабылданатын қалдықтарға қойылатын талаптар тізімі осы орындардың өзінде және газет беттерінде жариялануы тиіс. Қабылдау пунктерін конкурстық негізде, егер конкурс жеңімпазы өз қызметін дұрыс орындамаған жағдайда оның жұмысына тыйым салынатындай шарттар, талаптар қоя отырып ашу керек. Ал қабылдау пунктерінде жиналған қалдықтарды шағын қайта өңдеу кәсіпорындары екінші қайтара пайдаланылатын шикізат ретінде қолданады. Ол үшін мұндай кәсіпорындарға жергілікті, аймақтық бюджеттен қолдау көрсетілсе. Мысалы, біздің қалада көлік дөңгелектерін (шина) қайта өңдеумен айналысып отырған шағын кәсіпорын бар. Шиналардан жасаған олардың ұнтақ материалдары спортзал, балалар алаңдары, жаттығу кешендеріне төселіп келеді. Кәсіпорында шикізат жетіспеушілігі жоқ. Бір ауысымда 2-3 тонна дөңгелек өңдейді. Егер осындай кәсіпорынға резинаны микроұнтаққа айналдыруға мүмкіндік беретін құрал-жабдық сатып әперуге қолдау көрсетсек, кәсіпорын сұрыпталған, екінші қайтара пайдаланылатын қалдықты қабылдай отырып, жолға төсеуге қажетті жоғары сапалы асфальтбетон өндіруге керекті жаңа өнім түрін шығарар еді.

Экологиялық қауіпсіздік орталығы басшылығының ойынша ҚТҚ-ды жекелеп жинаудағы келесі кезең – сұрыптау желілерін салу. Қалдықтарды осы күнгідей бір-біріне қосып, бірыңғай жинау қайта өңдеушілерді де, жинаушыларды да еш қызықтырып отырған жоқ. Ластанып қалған қағаз, құтыларды тазалап, іріктеп алу біраз шығынды қажет етеді. Сол себепті аулаларға түрлі-түсті контейнерлер қойғаннан кейін жекелеп сұрыптау желісі жолға қойылмақ. Облыста тұрмыстық қалдықтарды түбегейлі сұрыптап, іріктеп алып, оларды екінші қайтара пайдаланылатын шикізат ретінде дайындайтын сұрыптау станциялары жоқ.

Қалдықтарды жекелеп жинауға көшу барысында қазір облыстағы барлық бюджеттік мекемелерге макулатура жинайтын, сауда фирмаларына макулатура, пластик, полиэтилен заттарды жинайтын орындарды анықтауға нұсқаулар беріліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Вырезка
2017 жылдың басында облыстағы ҚТҚ полигондарына жиналған қалдық көлемі 7 851 870 тоннадан асты. Облыс аумағындағы 435 полигонның 25-і ғана заңдастырылған. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен олардың бәріне рекультивация жүргізу қажет. Жыл сайын аймақта 200 000 тонна қалдық жиналады. Олардың бәрі де полигондарға сұрыпталмаған, залалсыздандырылмаған күйінде тасталып жатыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button