Руханият

Алдында келеді, әне Ерке жирен…

Алдында келеді, әне  Ерке жирен...

Атақты Ерке жирен 1981 жылдың құлыны. Тарбағатайдың төсі, Өкпетінің етегі Майбастауда қазақи биенің қағанағын жарып шыққан текті тұқым еді.

Тұрсынғазы ән арнаған тұлпар

Ол кезде жекеменшік жоқ. Бәрі совхоздың иелігінде. Жылқы да, қой да, сиыр да – ешкімдікі емес. Мал бағып отырған шопандарға, жылқышыларға үйірден құнан ұстап үйретіп мінуге рұқсат бар кез. Совхоздың жылқысы жуасысын деген ниет қой. Қамза Байтілеуовтің жыл сайын совхоздың жылқысынан асау ұстап, үйретіп мінетін әдеті бар екен. Жылқы сұрап үйірге келсе, қоңдылауын бермей әлек қылып, қашаға сүйкеніп тұрған қотыр тайды ұсыныпты. Әлгіні ноқталап, жаман да болса осыдан бірдеңе шығады деп жетектеп кете барады. Күн өтеді, ай өтеді. Жаман құнанға жан бітіп, түлей бастайды. Тұлпарды желісінен танитын Қамза аға «әлі көрсетеді бұл» деп сыртынан сүйсініп жүреді. Күндердің күнінде қамалып тұрған асау жылқы қашаны бұзып қашады. Дереу байланып тұрған Ерке жиренді жүгендеп, Қамза ағамыздың ұлы Оқас тұра қуады. Пай, шіркін-ай десеңші, осы кезде жүйріктігі сыналып, асауды аттап бастырмай, қайырып әкелген екен. Жұрттың Ерке жиреннің жүйріктігіне көз жетіп, таңдай қағысады. Осыдан бастап Қамза қарт Ерке жиренді баптай бастайды, алыс-жақын жердегі жарыстарға апарады, қара үзіп келіп жүреді.
Ерке жирен алғашында ауданды мойындатады, алдына қара түспейді. Шабандозы Қанат (Өзен) деген бала өле-өлгенше үстінен түспеген екен. Көзден жас ағызатын, алдыңнан жел гулететін жүйрік екені алдымен Өзенге мәлім. Ерке жирен мәреден шыққаннан дара кетеді екен, сол беті жеткізбей, артындағы жылқыларды тағы бір орап айналатынын ел аңыз қылып әлі айтады. Ауданнан танылып, атағы шыққан соң, Абай ауданында М.Әуезовтің 90 жылдығына арналған республиканың түкпір-түкпірінен келіп қатысатын бәйгеге жол тартады. Міне, осы сәт нағыз тұлпардың сыналар кезі. Әр өңірден іріктеліп келген 54 аттың ішінде дара келеді. Еш жүйрікті шаңына да ілестірмейді. Сол кезде барлық жұрт тамсана қарайды, таңдай қағады. Тұлпар көрсе қаны қызатын қазақ Ерке жиреннің маңайына жиналып, біразға дейін тарқамайды. Сол кезде аттың шабысына куә болып, намысын көрген, тегін байқаған, ақын Мерғали Ыбраев жыр арнайды, оған белгілі сазгер, әнші Тұрсынғазы Рахимов ән шығарады.
Шабандоз тақымдарын қатты қысып,
Ат кетті түрған жерден атқып ұшып.
Артынан ақсақалдар салды ұран,
Тымақты оңды-солды лақтырысып.
Қаршадай тізгін берген жас балаға.
Қазақта бәйге десе ес қала ма?
Қамза қарт тәуекел деп күбірлейді,
Бұл тойға бір жиренін қосқан о да.
Ерке жирен, ерке жирен, ерке жирен.

Майлышат, Майлыаяқшат медет бер деп,
Жерінде ұлы Мұхтар жебеп көр деп,
Бұл тойға келген еді Ақсуаттан,
Бапталған Ерке жирен себепкер боп.
Ерке еді құнанынан қолында өскен,
Тас қия Тарбағатай төрінде өскен,
Жануар мені жерге қаратпа деп,
Қамза қарт қала берді көрінбестен.
Ерке жирен, ерке жирен, ерке жирен.

Бар мұнда Өскеменнен Киік қара,
Басқа аттан бітімі өзге, биік, дара.
Бар мұнда Шұбартаудың Шаңтимесі,
Ат екен жал-кұйрығы сұйық қана.
Бар мұнда Керекудің Кертөбелі,
Ат емес өзі елінде ертегі еді.
Жиналған кілең жүйрік елу төрт ат,
Ауданнан озып келген ең төмені.
Ерке жирен, ерке жирен, ерке жирен.

Бапкердің атқа шапқан жалғыз ұлы,
Бар мүнда Қарағанды Нар қызылы.
Топ жарған Топай көгі Балқаш жақтың,
Бұл тойға қосылыпты ең қызығы.
Күлтелеп кекіл-жалын баптамаған,
Секілді Сарыарқада ат қалмаған.
Шаң борап шабысынан шапқан аттың,
Бейне бір дауыл күні өрт қаулаған.
Ерке жирен, ерке жирен, ерке жирен.

Келерін көкірегіне ерте түйген,
Шорт қылып жал-құйрығын келте түйген.
Алыстан көрген көзді сүйсіндіріп,
Алдында келеді, әне Ерке жирен.
Жұлдыздай соңғы айналым ағып келді,
Келгенін Ерке жирен халық көрді.
Көзіне жас іркілген Қамза қартқа,
Қалың жұрт сүйінші деп шауып келді.
Ерке жирен, ерке жирен, ерке жирен.

«Өзінше жүйрігі бар әр даланың,
Қызғанса озған атты — таңданамын.
Бұл жолғы бас бәйгем де халықтікі,
Мұхтардай ұлы жанға арнағанмын»,
Деп бапкер көзін сүртті жеңіменен.
Қуанып балаша мәз еліменен.
Құшақтап Ерке жирен мойынынан,
Иіскеді моншақ-моншақ теріменен,
Ерке жирен, ерке жирен, ерке жирен.

Өзге аттардан 3-5 шақырым алда келуші еді
Алдында келеді, әне  Ерке жирен...

(Суретте иесі – Қамза, шабандоз – Өзен)

Ерке жирен туралы ел ағаларының да, білетін, көрген кісілердің де пікірі бар. Солардың бірі – дәстүрлі әнші, Ақсуаттың тумасы Еркін Шүкіманов.
«Ендігі бір сөз, осы жылқыға арналған әндердің ішіндегі мен білетін соңғысы Тұрсынғазы Рахимов ағамның «Ерке жирен» әні (бұдан басқа да мен білмейтін әндер шығып жатқан шығар). Бұл ән біздің Тарбағатай ауданының (Ақсуаттың) Қызылкесік деген ауылында ұзақ жылдар бойы алдына қара салмаған Қамза қарттың Ерке жирен деген атына арналып еді. Бала күнімде шопандар тойына барғанда Ерке жиреннің шабысын бір көріп ем. 1987 жылы Жидебайда, нақты айтқанда Қарауылтөбеде Мұхтар Әуезовтің 90 жылдығына арналған астың аламан бәйгесінде қара үзіп шығып, сол бойы алдына ат шығармай, 40 шақырымды айналып өтіп, мәреге біріші боп келген еді. Сол кезде толқымаған жан қалмаған. Бұл – Ерке жиреннің соңғы шабысы еді. Бұл көрініс осы ұлы тойда жүрген Тұрсынғазы ағамның да жүрегін тербеп, көңілін толқытса керек. Нәтижесінде «Ерке жирендей» ән дүниеге келді. Ол әннің сөзін сол аламан бәйгенің куәсі болған, өз көзімен көрген ақын Мерғали Ибраев ағамыз жазған еді. Сол себепті де ән шынайы шыққан» дейді ол.
Ал Қамза қарт өскен, Ерке жирен туған өлкенің ұлы, белгілі журналист Болат Мүрсәлім «Қиян» ақпараттық сайтына ішкі тебіренісін былайша білдірген екен.
«Тућ, шіркін-ай! Қайран, Ерке жирен! Жұлдыздай ағушы еді. Көз ұшында бұлдырап кетіп бара жатады, артынан бір шоқ болып топтасқан өңге аттар жете бергенде, Өзен (шабандоз) тізгінді жібереді-ай! Содан Ерке жирен қайта ұшады, я ағады су бетіндегі қағаз қайықтай. Өзеннің үстіндегі жасыл шыт киім өзгемен шатастырмайды. 25 шақырымдық бәйгеде өзге аттардан 3-5 шақырым алда келуші еді. Ерке жиреннің әр шапқанын ауылдың адамдары секундтармен санап жүруші еді…

Үш аяқпен шапқан кездері де болыпты

Бұл – Ерке жиреннің соңғы шабысы емес. Екі жылдан кейін Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық тойында Ерке жирен қайта бәйгеге қосылды. Сол тойда болғандардың айтуынша, Ерке жирен тағы да қара үзіп бәйгеден бірінші келіпті. Сөйтсе, Қамза ақсақал мен Бошай Кітапбаев атамыз бәстесіпті. Бошай атамыз «Құланқара, Бұланқара, Желмаяны» (Ғ.Мүсіреповтің осы үш ат туралы очеркі бар) баптаған атақты атбегі емес пе? Бошай ақсақал мен Қамза ақсақал аттарын елден ерек 45 шақырымға жіберткізіпті деседі. Сол 45 шақырымдық бәйгенің көмбесінен өте бергенде, Ерке жирен аяғын кесе басыпты. Омақасып құлаған екен. Кейін аяғы шор болып бітіп, ауылда, Майлышатта жүрді. Қабанбайдың 300 жылдық тойы қарсаңында үш аяқпен шапқанын және көрдік. Бәйге десе елеңдеп тұрады екен ғой, жарықтық! Елге көрсету үшін ғана бір айналым шапқанда, тағы да қара үзіп келді. Содан соң, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында Газ-53-тің бортына тиеп Семейдің Малдәрігерлік институтына апарды. Ол жерде профессорлар операция жасап еді, әбден кешіккен екен. Ерке жирен Майлышатта жүрді. Таң қылаң бергенде, күнге қарап қарсы алып, күнді ұзатып салады екен. 1997 жылы қасқыр жеп кетіпті. Басы қазіргі Майлышаттың жанынан өте бергендегі төбеде тұр».
Осы пікірлердің көшін жалғап айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин де былай деп ой қосады: «Ерке жиреннің шабысын бала күнімізден естіп өстік қой. 1993 жылы болуы керек, Қызылкесікте Би Боранбай бабамыздың 300 жылдық мерейтойында Тұрсынғазы Рахимов ағамның ойнақтатып мініп жүргенін көрген едім. Жануар ол кезде бір аяғынан кем болып қалған екен. Бәйгеге шапқан жүйріктердің дүбіріне елеңдеп тұрды. Қайран аламанның алдын бермеген тұлпарым-ай десейші! Қатты жаным ашып еді сол кезде».
Иә, «Жақсы ат аяқтан кетеді» дейді қазекем. Рас, Ерке жирен аяқтан кетті. Баянауылда өткен, Қ.Сәтбаевтің 110 жылдығында шалыс басып, аяғы ақсап мәреге жетпеді. Осыдан бастап оңалмай, Бәйге төбенің басын көрмеді. Қайран текті тұлпар-ай, аруақты жылқым-ай. Текті тұлпар қартайып Қызыл-кесік жайлауында жан тапсырды. Ауыл жұрты: «Тұлпардың соңғы тұяғы еді»-деп күрсінді. Қамза қарт та өмірден өткен, артында қалған ұрпағы әлі күнге ат жаратып, бәйгеге қосып жүреді. Шабандозы Өзен де қазір үлкен жігіт, енді тақымына Ерке жирендей ат біте ме, бітпей ме оны бір Құдай біледі.

Мерей Қартов

Осы айдарда

Back to top button