Қоғам

Алдын алу шаралары қолға алынды

Хасен Зәкәрия,Күршім ауданы.

      Бүкіл әлемді дүрліктіріп, адамзатқа қаншама қасірет пен үрей әкелген коронавирус дерті келмеске кетті деп жүргенде, оның қайтадан бас көтере бастағаны шынымен алаңдатарлық жағдай. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында осы дертке шалдыққан жандардың уақыт өткен сайын көбейіп бара жатқанын баспасөз құралдары күн сайын жариялауда. Осыған орай жер-жердің барлығында дәрігерлер қауымы бұл індеттің алдын алуға күш салып,  даярлық шараларын ұйымдастыруға белсене кірісіп жатыр. Бұл әзірлік Күршім ауданында қандай деңгейде қолға алынуда?

– Жаман айтпай, жақсы жоқ, – дейді Күршім аудандық ауруханасының бас дәрігері Л.Шоқаева. – Не нәрсеге болмасын даяр тұруымыз қажет қой. Пандемияның белгілері байқалған жағдайда сырқаттанған жан дереу оқшауланып, ем-шаралар қолданыла бастайды. Бүгінгі күнге бізде 4 төсек-орын даяр тұр, оның екеуі – реанимациялық. Коронавируспен ауырған науқастардың саны артқан жағдайда стационар төсектері денсаулық сақтау басқармасы  басшысының бұйрығымен одан әрі кеңейтіледі.

Аудан бойынша барлығы 55 дәрігер, 237 орта медициналық персонал, 62 кіші персонал бар. Жұқпалы аурулар бел алған жағдайда стационар бөлімшесіне 18 дәрігер, 28 медбике, 30 кіші медқызметкер тартылады деген жоспарымыз бар. Әзірше коронавирус сырқатымен тіркелген адам жоқ.

Ләйлім Алтынғазықызының айтуынша, ауруханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар, антикоагулянттар, ыстық түсіретін дәрілер 60 күнге жетеді деп болжануда. Сондай-ақ емдеу мекемелері жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген, оның екі айлық қоры сақтаулы тұр.

Аудан бойынша 14 мобильді топ жұмыс істейді, олардың үшеуі резервтік,  12-сі дәрігерлік, үшеуі фельдшерлік бригадалар. Ауруханаларда медициналық жабдықтар сақадай сай тұр, 50 оттегі станциясы стационарларда қолданылуға әзір. ПТР зертханасы бұрынғысынша жұмыс істеп тұр, ол тек күршімдіктерге ғана емес, Зайсан ауданының тұрғындарына да қызмет көрсетуде. Компьютерлік томографияға түсуге науқастар күнделікті сағат 13-тен 14.00-ге дейін қаралу үшін кесте бойынша Алтай қаласына жіберіледі.

Аурудың алдын алу мақсатында 14 905 адамға ревакцинация жасау жоспарланып, бұл шара 15 436 адамға қолданылды. Бұлардың ішінде 60 жастан асқан 124 адам, 399 медицина қызметкері, 927 мұғалім, 316 әскери қызметші, 188 әлеуметтік қызметкер, 73 полиция қызметкері бар. Сақтық шаралары одан әрі жалғасуда, вакциналар жеткілікті.

Осы айдарда

Back to top button