Қоғам

Қалдық игерудің тың тәсілдері талқыланды

Қалдық игерудің тың тәсілдері талқыланды


Өскеменде «Өндірістік қалдықтарды басқару және тұтыну» деген тақырыппен үш күндік оқу курсы өтті.

Шараны ұйымдастырушылар – «GreenOrda-Оқу орталығы» ЖШС мен А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана. Үш күндік дәріс өңірдегі табиғат пайдаланушы кәсіпорындарға арналыпты. Кез келген өндіріс орны үшін қалдық игеру – өзекті мәселе. Әсіресе ірі кәсіпорындар үшін бұл – шаруа арнайы шығынды талап етеді. Қалдықты тиімді тұтынудың бір жағында тазалық мәселесі тұрса, екінші басында қауіпсіздік бар. Сондықтан семинарға жиналған кәсіпорын өкілдері өте белсенді болды.

Ауыр өнеркәсіптің ошағы саналатын Шығыс Қазақстан үшін бұл ежелден өзекті тақырып. Озық технологияларды игеруге қаржы мол жұмсалғанымен, қоршаған ортаны қорғау, қалдықты тиімді игеру ісіне көп көңіл бөліне бермейді. Өндіріс алпауыттарына көбінесе осы сарындас сын жиі айтылады. Мұның бәрі әлемдегі көшбасшы кәсіпорындардың өндірістік технологиясын көшіргенде, экологиялық қауіпсіздік жүйесін де бірге көшірсе деген ниеттен туындайды.

«GreenOrda Project» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Жұмаділованың айтуынша, семинар мүшелеріне экология саласындағы әлемдік стандарттар мен әдістемелер таныстырылған.

-Біздің ұйым экологиялық семинарлар өткізіп қана қоймай, осы салада бірнеше қызмет түрін көрсетеді. Қалдықты жинау, сақтау, кәдеге жарату және көму мәселелерімен қатар заңнаманың сақталуы дейтін күрделі шаруа бар. Біз семинарда экология заңнамасындағы өзгерістерге кеңінен тоқталдық. Әрбір кәсіпорын басшысы бұл мәселедегі мемлекет саясатын айқын білуі шарт. Табиғат пайдаланушыларға Zero Waste әдіснамасы негізінде қалдық игеру мәселесі әлемде қандай жолдармен шешіліп жатқанын баяндап, жекелеген озық тәжірибелерді мысалға келтірдік. Оны Қазақстанның заңнамасына икемдеп енгізу мәселесі де үлкен қызығушылық туғызып отыр, – дейді Айгүл Жұмаділова.

Семинар барысында қатысушылар экологиялық талаптарды қаншалықты жақсы меңгергендерін тексеруге мүмкіндік алды. Еліміздің Экология кодексі мен өзге де нормативтік-құжаттар негізінде өндіріс ошағының қалдықтарды басқару стратегиясын түзіп машықтанды.

-Үш күн ішінде біз өз саламызда аса қажет саналатын білім жинақтай алдық. Қалдықтарды есепке алып жүргізу, экологиялық баптар туралы түсінігіміз кеңейді деуге болады. Біздің кәсіпорын заңдағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етіп отырады. Қазір қалдықтарды сұрыптап төгетін болғанбыз. Ол үшін түрлі дүңгіршектер орнаттық. Қалдық төгетін арнайы полигон салынды. Семинарда алған білім сол нысанның жұмысын сәтті жүргізуге септігін тигізетін болды, – дейді «Востокцветмет» ЖШС-іне қарасты Орлов технологиялық бөлімшесінің басшысы Қималигин Әбенов.

Семинардың кітапхана базасында өтуі де тегін емес. А.Пушкин атындағы кітапханада экология саласына қатысты заңнамалық құжаттармен танысудың үлкен мүмкіндігі бар. Барлық заң құжаттарының атауы кітапхана сайтының «электронды каталогында» тіркелген.

Есжан Ботақара
Мақала облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойыншә әзірленді.

Осы айдарда

Back to top button