Алданбаудың жалғыз жолы – заңды білу
Күн сайын халыққа түрлі қызмет көрсету орындарында, дүкенде, базарда, шаштаразда, қоғамдық тамақтандыру нысандарында, өндірісте, коммуналдық қызмет көрсету салаларында, косметикалық салондарда, тіпті, емдеу мекемелерінде де тұтынушы құқығы бұзылып жатады. Сапасыз азық-түлік, тұрмыстық техника, аяқ киім сатып алып, қалтасы қағылған, төлеген ақшасына сай қызметті көре алмай, тауы шағылған жұрттың көпшілігі аяққа тапталған тұтынушылық құқығын талап еткеннің орнына, бармағын тістеп қала беруде.
Сапасыз терезенің құнын қайтартып берді
Мониторингтік талдаулар тұтынушылар құқығы көбінесе азық-түлік, тұрмыстық техника сатып алуда және тамақтандыру орындарында бұзылып жатқанын көрсеткен. Біреулер желге ұшқан ақшасын қайтарып алуға болатынын білмей іштен тынса, біреулер «қазымыр» болып көрінгісі келмей қолын сілтейді, енді біреулер «енді қайттім?» деп тұтынушылар құқығын қорғау мекемелеріне жүгіріп жетеді.
Биылғы жылдың өткен үш айында Өскемен қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына 40 адам тұтынушылық құқықтарының бұзылғандарын айтып арызданып келген болса, 46 адам телефонмен шағымданған. 2016 жылғы талдаулар арыз-шағымдардың басым бөлігі жеке саудаға, қоғамдық тамақтандыруға, тұрмыстық қызмет көрсетуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты түскенін көрсетіп отыр. Білім беру, банктік-қаржылық қызметтерге қатысты шағымдар да жоқ емес.
Облыстық «Паритет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігіне былтыр ауыл, қалалардан 200-ден астам тұтынушылар арызданып, заңды құқықтарын қорғапты. Бірлестік төрайымы Елена Нитяжуктың айтқанындай, соңғы уақытта аз да болса тұрғындардың тұтынушылық сауаттылығы артқаны байқалады. Облыс орталығындағы қоғамдық бірлестіктерден кеңес, көмек сұрап келетіндердің көбейіп отырғаны осыны көрсетеді. Қалада осындай алты бірлестік бар.
– Соңғы келген шағымның бірінде қызмет көрсетушінің тұтынушының сауатсыздығын «бастан-аяқ» пайдаланғаны көпе-көрнеу көрініп тұр. Бір қарияның пәтеріне сапасыз пластикалық терезе салып берген шағын кәсіпорын иесі пәтер иесіне өздері орнатқан сапасыз терезені ауыстырып салғаны үшін тағы да 68 мың теңге көлемінде ақша төлеткен. Онымен қоймай, арасынан жел гулеген бұрынғы терезені өздері алып кеткен. Немересінің көмектесуімен бізге келіп шағымданған қарияға шағын кәсіпорыннан терезенің ақшасын түгелдей төлеттіріп бердік. Кәсіпкерлер өздерінің заңсыз әрекеттерін бірден мойындады, істі сотқа жеткізбей, тұтынушы талабын қанағаттандырды. Тағы бір тұтынушының 22 мың теңгеге сатып алған жаздық аяқ киімінің ақшасын да толық қайтартып бердік. Фирмалық аяқ киім бірер апта кигеннен кейін жыртылып, киюге жарамай қалған. Бұл жағдайда да тұтынушы талабы сотсыз шешілді, -дейді «Паритет» бірлестігінің төрайымы.
Азаматтардың құқығы әсіресе, тауар сатып алу кезінде жиі бұзылады. Қалалар мен ауылдардағы кейбір сауда орындарынан «Тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды!» деген жазуларды көріп қаламыз. Бірақ бұның заңсыз екенін тұтынушылар түгілі сатушылардың өздері біле бермейді екен. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, дүкен сатушылары халықтың білместігін осылай жазып қойып-ақ өз пайдаларына жаратып келеді.
2016- жылдың мамырынан бастап «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, жаңартылған заң күшіне енгеннен бері жұртты алдап соғып жүрген көптеген сауда орындарының жұмысын тәртіпке келтіріп, тұтынушының құқығын барынша қорғайтын бірқатар жаңа мүмкіндіктер ашылды. Өзгерістер енгізілген соң талай уақыттан бері жұрттың бәрін жаңылыстырып, көптің көңілін күпті етіп келген дүкендердегі жеңілдіктер немесе жаппай сатылым жүйесі де ерекше қадағалауға алынды. Оған қалалардағы сауда орталықтарында орын алған алдау, арбау жағдайлары себеп болған. Акцияға дейін кейбір кәсіпкерлер тауар бағасын алдын ала көтеріп алып, кейін «бәленбай пайыз жеңілдік жасап жатырмыз» деп өнімді өз бағасына сатып келген болса, енді олар осы әрекеті үшін айыппұл төлеп, қатаң жазаланады. Заңды білмеу қызмет көрсетушіні де, сатушыны да жауапкершіліктен құтылдырмайды, тек ауылдағы, қаладағы тұтынушы да өз құқығын біліп, талап етуі тиіс. Алданбаудың жалғыз жолы-еліміздегі «Тұтынушы құқығын қорғау туралы» заңды білу.
Құқығын қорғап, «Жыл тұтынушысы» атанды
немесе азық түлікті алғанда неге назар аудару керек?
Тұтынушылар құқығын қорғау мамандарының пікірінше, тұтынушылар өз құқығын қорғауға, сақтауға енжар. Тұтынушыларға өз құқығын білуді, талап етуді түсіндіріп, үйрету мақсатында жуықта облыс орталығында «Жыл тұтынушысы» конкурсы өтті. Өз құқықтарын аяқасты қылмай, өзін қорғай білуде белсенділік көрсеткен бір топ тұтынушылар осы конкурсқа қатысып, «Жыл тұтынушысы» деген атқа ие болып қана қоймай, үйлеріне сыйлық алып қайтты. Сапасыз ноутбук сатып алып, даулы мәселесін заңды жолмен шеше біліп, тұтынушылық сауаттылығын танытқан өскемендік Татьяна Гудимова бірінші орынға ие болып, тағы бір тұрмыстық техникаға қол жеткізді.
Ауыл, қала тұрғындарының сапалы, сапасыз азық-үлікті сырттай ажырата алмауы, тағамдарды, заттарды сатып алғанда неге назар аудару керектігін білмеуі де көп жағдайда сан соқтыртып, өкіндіріп, тіпті, қайғылы жағдайларға да әкеліп жатады.
Самал Солтанова, тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы:
– Кез келген тағам өнімдерінің міндетті түрде заттаңбасы болуы қажет. Заттаңбаның таңбалануы, әсіресе, шұжықтың таңбалануы, толық және анық болуы керек. Тағам сыртында өндіруші туралы барлық мағлұматтар жазылуы тиіс (өндіруші мемлекеттің аты, өндірушінің атауы, мекенжайы, телефоны). Сонымен қатар, тағамның салмағы, бағасы, оралған мерзімі, сақтау мерзімі, сақтау шарттары, штрих коды, нормативтік құжат – МС(ГОСТ) немесе ТШ(ТУ) және тағамның құрамы. Осы тағамның таңбалануы міндетті түрде екі тілде: мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылуы шарт. Заттаңбасы ұқыпсыз, онда берілген ақпараттары түсініксіз, қисық, кейбір сөздері көрінбей, анық жазылмаса, бұл тағамның сапасына күмәндану керек.
Тұтынушыларды шатастыруға тырысатын, мысалы, шұжықтың құрамын жасырып, заттаңбаға толық ақпаратты жазбай, аты мен бағасын ғана жазып қоятын өндірушілер де бар. Немесе заттаңбаға ақпаратты өте ұсақ әріптермен жазады, оны лупасыз оқи алмайсың. Осындай шұжықтардың сапасы төмен, құрамында адам ағзасына зиянды заттар болуы мүмкін, бұндай тағамды алмау керек. Азық-түлік сатып алған кезде өнімнің заттаңбасындағы канцерогенді заттар туралы мәліметке мұқият назар салған жөн. Жақсы еттен жасалған шұжыққа дәмді күшейткіштер қажет емес, оның дәмі – еттің өзінің дәмі. Сапалы шұжықтың қабы қолымызға жабыспауы, суланбауы тиіс. Шұжықты кескен кезде тығыз болуы тиіс, пышаққа жабыспауы керек. Дәмін көргенде ешқандай басқа дәм, иіс болмайды. Егер тамақтың тауар заттаңбасында құрамында «Е» деген зат бар деп көрсетілсе, онда өнімге азықтық қоспалар, химиялық дәмдеуіштер, жасанды бояу қосылды деген сөз. Олар өнімді бұзылудан сақтайтын күшті реагенттер. Дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның үш түрін мүлдем қолдануға тыйым салынған. Олар: Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формальдегид консерванты. Сапасы төмен, канцерогені өте жоғары өнімді тұрақты түрде пайдаланып жүрген кісінің дертіне дауа жоқ. Қылтамақ сияқты емі жоқ аурулардың бәрі де осы канцерогендік заттардан болатынын ғылым дәлелдеп отыр. Жылдар бойы улы заттар жиналған адамның ағзасы генетикалық өзгерістерге ұшырайды. Ал геннің өзгеруі адамның азуына, көңіл күйінің құлдырауына әкеліп соғады. Бауырдың, талақтың, бүйректің қатерлі ісігіне шалдығуына себепкер осы канцерогендер.
«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңның 13-бабына сәйкес тұтынушы сатып алынатын тауардың (жұмыстың) сапасын, жиынтығын, салмағын (көлемін, санын), мөлшерін тексеруге, оның қатысуымен, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болса, тауардың қасиеттеріне тексеру немесе дұрыс және қауіпсіз пайдаланылуына тексерту жүргізуге құқығы бар.
Жалтыраған алманы сатып алмаңыз
Ranking kz сайтының мәліметінше, былтырдан бастап қазақстандықтар ет, балық, қант -кәмпит өнімдерін тұтынуды азайтып, олардың орнына нан және нан, тоқаш өнімдерін, сүт өнімдерін тұтынуды әлдеқайда арттырған екен. Еліміздің диетологтары болса ет, балық сияқты қымбат өнімнің орнын ағзаға күш-қуат, дәрумен беретін жұмыртқа, көкөністермен, жемістермен толтыруға кеңес беруде. Бірақ жеміс, көкөністі де байқап-байқап сатып аып, тұтыну керек. Себебі мынада:
-Көкөністер мен жеміс-жидектерде нитраттар, басқа да зиянды элементтер көп болса, пайдасын емес тек зиянын тигізеді. Көкөністер табиғи қалпында көрінуі қажет, иіскегенде хош иісі сезіліп тұруы қажет, сөрелерде, жәшіктерде жатқан жалтыраған алманы алуға болмайды. Жеміс-жидектер, әсіресе, алмалар әдемі, тәбетті тартатындай болып тұруы үшін оларды парафинмен, балауызбен жауып, жылтыратады. Балауыз бен парафин өнімнің сақталу мерзімін, әсіресе, шеттен келетін алмалардың сақталуын ұзартып, түрін келтіреді. Мұндай алманы алсаңыздар міндетті түрде сыртқы қабығын аршып немесе сабынмен әбден ысқылап жуып кетіріп барып жеу керек. Қызылша, қияр, баклажан, асқабақ, тағы да басқа көкөністердің улы заттар, нитраттар көп жиналып қалатын түбірі мен үстіңгі жағын кесіп алып тастау керек, -дейді Өскемен қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бас маманы Гүлжан Жанәбілова.
Сонымен бірге, шет елден келгендерді емес, өзіміздің елдің көкөніс, жеміс-жидектерін және сақталу мерзімі мейлінше аз уақытқа көрсетілген таза өнімдерді тұтынған дұрыс. Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылы бойындағы «Данияр» дүкенінің сатушысы Рәзия азық-түлік саудасы саласындағы 30 жылдық тәжірибесіне сүйене отырып мұндай таза өнімдер тек өзіміздің елдің азық-түліктері екендігін айтады. Бұл дүкенге келетін тұтынуышлардың барлығы дерлік жергілікті жердікін, Қазақстанда жасалған азық-түліктері сатып алады. Соның ішінде, Өскемендегі сүт зауыттарының, Семейдегі нан, кондитер өнімдерін, алматылық «Маслодел» кәсіпорындары өнімдерін тұтынушылар көп тұтынып келетін көрінеді.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ